Қазалылықтар қысқы шөп науқанын күшейтті

761

0

Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Ақтан батыр, Жанқожа батыр, Бекарыстан би және Ү.Түктібаев ауылдарына арнайы барып, мал қыстату науқанына шөп дайындау жұмыстарымен танысты.

Аудан басшысы алдымен Ақтан батыр ауылындағы «Сыр маржаны» ЖШС егіс алқабына ат басын бұрды. Егістік басында серіктестік директоры, облыстық мәслихат депутаты Мнажадин Өтеев шөп дайындау жұмыстарының барысымен таныстырды.

«Сыр маржаны» ЖШС 585 гектар жерге жаңа жоңышқа, 1104 гектар жерге ескі жоңышқа еккен.Қазіргі таңда серіктестіктің жұмысшылары арнайы техникалармен ескі жоңышқаны екінші рет орып жатыр.

Одан бөлек, күріш алқабының етегі мен су келетін арықтардың жиегінен тұрғындар өздеріне қажетті шөптерін орып қойған. Қыстың қамына ерте кіріскен кейбір тұрғындар орған шөптерін автокөлікке тиеп жатыр. Сондай-ақ, қолына орағын алған кейбір азаматтар күннің ыстығына қарамастан көк майсаның ішінде қызу қимылдап жатыр.

Мұхтар Әуесұлы мұнан соң көршілес Жанқожа батыр ауылындағы шабындық басына барды. Бұл жерде Оңдасын Іскендіров басшылық жасайтын шаруа қожалықтың жұмысшылары шөп дайындауда.

Шаруашылық басшысының айтуынша жыл сайын 10 гектарға жуық шабындық жерден 7 мыңнан астам пресс шөп дайындайды. Оның біршамасын ауыл тұрғындарына өткізсе, қалған бөлігін өзінің төрт түлігіне пайдаланады. Негізінен Жанқожа батыр ауылының тұрғыны Оңдасын Іскендіров асыл тұқымды мүйізді ірі қара өсірумен айналысады.

Шабындық басында аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Жанқожа батыр ауылының тұрғыны Асқар Бисеналиевке шөп шабатын арнайы құрылғыны сыйға тартты.

Кеңес Одағының батыры Үрмәш Түктібаев атындағы ауыл тұрғындары да қысқы мал қыстату науқанына қызу кірісіп кеткен. Бір топ ауыл тұрғындары «Ақмаржан – Қазалы» ЖШС егістік басында қол орақпен пішен оруда. Қыстың қамын ойлаған азаматтар балаларымен бірге шаруашылық басшылары белгілеп берген жерден шөп дайындауда.

«Ақмаржан – Қазалы» ЖШСдиректоры Пәуедин Тәжімұратов аудан әкімі Мұхтар Оразбаевқа егіннің жай-күйімен таныстырып, күріш дақылы бүгінгі күнге дейін суда тұрғанын жеткізді.

Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев қысқы мал қыстату науқанына дайындалып жатқан азаматтардың жұмыстарына сәттілік тілеп, өздеріне қажетті шөпті уақытылы орып алуға шақырды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<