«Қоғаммен байланысты нығайтудамыз»

540

0

Цифрландыру бағытындағы жаңалықтар коммуникация қызметін жандандырды. Еліміздегі іргелі компания «Қазақтелеком» АҚ бүгінде телефония қызметі ғана емес, спутниктік, магистральді және ұялы байланысты қамтамасыз етеді. Соның арқасында шалғай ауылдарға интернет желісін тарту мәселесі шешімін тауып келеді.

Саладағы сапалы қызмет тиімді технологияға ғана емес, алдымен потенциалы мықты мамандарға байланысты. Сонда ғана стартап жо­балар тез іске қосылып, идея игілік әкеледі. «Қазақтелеком» АҚ-да қызмет ететін әр маман байланыс саласының қыр-сырын меңгеріп қана қоймай, жаңалықты жүйеге жылдам енгізуге барын салады.

Компанияның облыстық филиа­лында еңбек жолын инженерлік қызметтен бастаған Ержан Наурызбаев – қазір «Корпоративті сату орталығының» директоры. Ол мекеменің бағыты коммерциялық болғанымен, шалғайдағы мектеп пен медицина ұйымдарына интернет тарту үздіксіз жүргізілуде екенін атап өтті. Ойда жоқта қызметтің көбі онлайнға ауысқанда интернеті әлсіз ауыл тұрғындарына оңай тимегені белгілі. Қазір бұл олқылықтың орны толып келеді.

– Осы кезге дейін 120-дан астам мекемені жоғары жылдамдықты интернетке қостық. Ал мектептердің мұндай интернетке қосылу деңгейін 80-нен 93 процентке көтеру үшін ауқымды жұмыс атқарылды. Алыс ауылдарға интернет желісін жүргізу мәселесі республикалық деңгейде шешілуде, ол министрлік арқылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында атқарылады. Бүгінде компания қоғаммен байланысты нығайту үстінде. «Ақылды қала» бағытында өмір сүру сапасын жақсарту үшін тұрғындарға қолайлы жаңа қызметтер ұсынуда, – деді Ержан Абибуллаұлы.

Расымен «Қазақтелеком» десе, үй телефонын еске түсіретін кезең өтті. Нарықта ұялы байланыс опера­торларының арасында мықты бәсеке қалыптасқаны белгілі. Десе де, «Қазақтелеком» – ел тұрғындары үшін қашанда сенімді, сұранысқа орай ұсы­нысты арттырып, көптің көңілінен шыққан ауқымды компания.

Қай мекеме болмасын тірлігіне тиянақты, тәжірибелі кадр қалып­тастыруға мүдделі. Орталық директоры өзінің де өткен жылы 60-тан астам курсқа қатысып, білім жетілдіргенін атап өтті.

– Жас маман ретінде еңбек жолын ком­пания­да желіні дамыту торабында абоненттерге интернет қызметін көрсету бойынша инженер болып бастадым. Бірнеше сатыдан өткеннен кейін үш жыл бұрын орталық директорлығына тағайындалдым. Бұл қызмет жас талғамайды деп ойлаймын әрі басшылар туралы бұрын қалыптасқан стереотиптер өзгерді. Жұмыс барысында тұрғындардың сенімінен шығу – қашанда маңызды, – деді ол.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<