Қолөнер – кәсіп көзі

732

4

Облыстық жастар ресурстық орталығында жас қолөнершілер мен кәсіпкерлердің көрмесі өтті. Іс-шараға 10 жас қолөнерші қатысып, өз өнімдерін таныстырды.

Ерекше көрме ұлттық қолөнерді дамыту мен жас қолөнер шеберлеріне қолдау көрсету, сондай-ақ, олардың жасаған бұйымдарын халық арасында кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылды.

Көрмеге келген іскер жастардың бірі – Малика Имамзадаева. Ол өткен жылы кәсіпкерлік мақсатта 555 мың теңге қайтарымсыз грант иеленіп, «Qazaq brand» тігін шеберханасын ашқан. Өнімдеріне сұраныс жоғары. Ортопедиялық жастықтар, арнайы формалар, көйлектер тігеді. Сондай-ақ, қалыңдық жасауын да­йындайды.

– Ателье жұмысын бастағанына бір ай болды. Тапсырысқа қарай жұмыс жасаудамыз. Мұндай көрмелер жергілікті жас қолөнершілерді қолдауға септігін тигізеді. Біз секілді жұмысын енді бастаған кәсіпкерлер осы арқылы өз өнімдерін көпшілікке таныстыруға мүмкіндік алады, – дейді ол.

Кестелеп тігілген, өрнектеп бе­зендірілген бұйымдар да осы көрмеден табылды. Ұлттық нақыштағы киімдер мен зергерлік заттардың бірнеше нұсқасы қойылды. Тұрғындар өзіне ұнаған бұйымдарын арзан бағада сатып алды.

– Шеберлер өз өнерін насихаттап, жастарға үйретуден жалықпайды. Тек оларға қолдау көрсетсе болғаны, – дейді ұлттық салт-дәстүрді насихаттаушылар.

Алдағы уақытта мұндай көрмелерді ай сайын өткізу жоспарлануда.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<