Қуыршақтар сөйлейді

305

0

Балалық шақта үлкендерден ертегі естіп, құлағымызға құйып өстік. Бірі халық ертегісі болса, енді бірі – ойдан құралған шағын ертегілер. Зейін қойып тыңдағаннан болар, көпке дейін әсерінен шыға алмай жүретінбіз. Тіпті, кейіпкерлеріне еліктеп, Желаяқ, Көлтаусар, Ертөстік, күн астындағы Күнекей болдық. Ержүрек батырлар туралы ертегіні естіген бала қолына ағаш шоқпарын, астына шыбық атын ерттеп мініп, көк шаңды аспанға көтеретін.

Міне, ертегінің бала санасына, жан-дүниесіне ықпалы зор екенін осыдан көруге болады. Осылайша ертеден қалыптасқан даналық негізі бар ертегіні санаға сай ықшамдап, оңай түсіндірген. Балаларға ерте жастан ертегі-аңыздар мен  қазақтың бай ауыз әдебиетін ұғындырған. Бүгінде ертегі-аңыздарды айтып бе­ретін әжелер мен аналардың міндетін «Нартай бүлдіршіндері» қуыршақ тобы атқарып отыр. Олар көрермен көзайымына айналып, қатарын көбейтуде.

«Нартай бүлдіршіндері» қуыршақ тобы 2004 жылы облыстық Н.Бекежанов атын­дағы қазақ музыкалық драма театрының жанынан   құ­рылды. Ең алғаш халық ертегісі «Алтын сақа» қойы­лымымен шымылдығын түрді.  Топ театрдың көркемдік жетекшісі Хұсейін Әмір-Темірдің қолдауымен, Күләш Жанмұратованың жетекшілігімен ашылды.  Қуыршақ тобының өсіп-өну жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан мәдениет саласының үздігі Күләш Жанмұратова шығармашылық ұжымның бүгінгі жағдайы мен жеткен жетістігі, тынысы жайлы әңгімелеп берген болатын.

Бүгінде қуыршақ тобының репертуарында «Қозы мен лақ», «Ит пен мысық, тышқан дос», «Тапқыр бұзау», «Достық қымбат бәрінен», «Тосын сый», «Балапан қораз», «Қожа мен спорт», «Қаңбақ шал» сынды отызға тарта қойылым бар. Қойылымның бәрі де көркемдік кеңестен өткен, мағынасы мен мәні үйлескен ертегілер. Мазмұны бай ертегілер достықты, адалдық пен адамгершілікті, жақсылықты пен мейірімділікті дәріптейді. Балалардың бойында осы қасиеттердің дамуына ықпал етеді.

– «Нартай бүлдіршіндері» қуыршақ тобы жұмысын бастағалы көптеген жетістікке жетті. Кішкентай көрерменнің жүрегіне жол таба білді. Айтары бар өнегелі ертегілері көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Біздің қуыршақ тобы жыл өткен сайын жаңа белес­терді бағындырып, тәжірибесі мен біліктілігі ұштас­қан артистермен толығуда. Әрбір қойылымға үлкен жауапкершілікпен дайындаламыз. Себебі, жас көрер­меннің талғамынан шығу оңай емес. Репертуарды да жаңа қойылымдармен толықтырып отырамыз. Қазақ ертегілерінен өзге әлемдік балалар әдебиетінен де сыр шертеміз, – дейді ол.

Қуыршақ тобы жетекшісінің сөзінше, театр артис­терінің жоғары білімі бар. Ұжымда  білікті де тәжірибелі 7 маман еңбек етеді. Олар: Айгүл Қиятова, Айқыз Қосмаханова, Раушан Каймашова, Нұрбек Ерден, Баян Қали, Көшербай Ердан және Төребай Тұрсынбай. Жаңашылдыққа жаны құмар өнер ұжымының қатары кейінгі жылдары жас мамандармен толықты.

– Жеткіншектермен жұмыс істегеннен кейін баламен бала болуға тырысамыз. Айналаға сәби көзбен қарап, қуыршаққа сенеміз. Біздің ішкі дүниеміз қуыршаққа жан бітірмесе, онда баланың да әлемін түсіне алмас едік. Сондықтан әрбір қызметкер бала тілімен сөйлейді,  – дейді К. Жанмұратова.

Бүгінде қуыршақ тобының жеткен жетістігі аз емес. Өзге өңірлердің ­театрларымен берік шығармашылық байланыс орнатып келеді. Көптеген байқауларға қатысып, же­ңіс тұғырынан көрініп жүр. Мәселен, 2007 жылы «Ортеке» І халықаралық қуыр­шақ театрлары фестивалінде ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Алғыс хатын алды. 2006-2009 жылдары еліміздің  қалаларына гастрольдік сапармен шығып, балдырғандарды ерекше қо­йылымдармен ­қуантты. 2017 жылы EXPO қарсаңында Нұр-Сұлтандағы Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында «Балапан қораз» ертегісін қойып, көрерменнен оң бағасын алды. «Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы» бағдарламасы аясында Шымкент  және Түркістан қалаларында «Ортеке» V халықаралық қуыршақ театрларының фестивалі өтті. Фестиваль дамуы кенжелеп қалған қуыршақ театрларының жұмысын қайта жаңғыртқан жақсы бастама болды. Оған «Нартай бүлдіршіндері» қуыр­шақ тобы мүшелері қа­тысып, тәжірибе алмасты.

Карантин кезінде қуыр­шақ тобы тосылып қалмады. Балаларға базарлық сыйлап, онлайн режимде жұмысын жалғастырды. Үйде отырған баланы қуан­ту үшін, уақытын тиімді пайдалану мақсатында «Онлайн ертегі» жобасын қолға алды. Күн сайын әртүрлі ертегі театрдың әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланды. Ол «Күләш әжейдің ертегілері» деп аталды. Театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі Ұлбосын Қылышбаеваның айтуынша,  желіге салынған ертегілер балалар мен ­ата-аналар тарапынан үлкен сұранысқа ие болған.

Бүгінде қуыршақ тобының жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған. Сахналық киімдер, құрал-жабдықтар заман талабына сай. Ал, қуыршақтарды Алматы, Шымкент қалаларынан алдырады. Театр ішінен арнайы кіші зал ашылған. Қойылымдар сонда сахналанады. Ұжым бір спектакльге кемі екі ай да­йындалады. Әбден пісіп жетілген дүниені ғана кішкентай көрерменге  тарту етеді. Содан болар жыл өткен сайын балалардың қызығушылығы артып, кө­рер­мен қарасы көбейіп келеді.

Ұлттың рухани қажеттілігін өтеп отырған шығармашылық ұжымның алға қойған бағыт-бағдары айқын. Ал, ата-аналар қуыр­шақ тобының  қуыршақ театрына айналып, зәулім ғимаратта орналасқанын қалайды. Сонда кенжелеп келе жатқан өнердің өркені жайылар еді. Бұл – көптің көкейіндегі ой. Біз де өз кезегімізде, «Нартай бүлдіршіндерінің» қуыршақ театрына айналып, жоғары деңгейге жеткенін қаладық. Себебі, ұлттың болашағы жас ұрпақ болса, олардың тәрбиесі бәрінен маңызды.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз