«Қызыл аймақ» және қатаң талап

409

0

Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен өңірлік жедел штаб отырысы өткізілді. Жиынға әкім орынбасарлары, құқық қорғау және арнайы органдардың басшылары, салалық басқарма басшылары мен аумақтық департамент, инспекция басшылары және селекторлық режимде қала, аудан әкімдері қатысты.

Аймақ басшысы індеттің өрши түсуінен Қызылорда облысы «қызыл аймақ» қатарына енгенін айтып, сақтық шараларын күшейту амалдарын қайта қарап, вакцина салдыруды белсенді жүргізу қажеттігін ескертті.

– Аймағымызда эпидемиологиялық жағдай күрделенуде. Бүгіннен бас­тап облысымыз «қызыл аймаққа» кірді. Тәулігіне 50-ден астам жағдай тіркеліп, жаппай қайта жұқтыру қаупі белең алды. Резервтегі төсек-орындар, дәрі-дәрмектердің және қорғаныш құралдарының қоры, медициналық бұйымдардың қажеттілік саны дайын болу керек.

Індетті жеңудің жолы – сақтық шараларын күшейтумен қатар жаппай вакцинациялау. Жерлестерімізді жауапкершілік пен тәртіпті нығайтуға шақыруымыз қажет, – деді облыс әкімі.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов өңірдегі жағдайдың қазіргі сипатын баяндады.

Облыста індет жұқтырған 4890 адамның 86 проценті жазылған. Ал, пневмониямен ауырған 548 науқастың 447-сі емделіп шықты.

Қазіргі таңда стационарларда 715 төсек-орын ұйымдастырылған. Егер індет күшейген жағдайда, инфекциялық және провизорлық стационарларда төсек-орын қорын 3200-ге дейін ұлғайтуға мүмкіндік бар. Оның 518 орны орталықтандырылған оттегімен жабдықталған.

Індет ахуалына сәйкес тәуекел топтағы адамдар да ерекше бақылауда. Ол үшін 138 дәрігерлік мобильдік топ үйден ем жасауға көшті.

Өңірде екпе егу өз деңгейінде жүргізілуде. Бүгінгі күні вакцинаның I компонентінің 21100 дозасынан 20945 адамға егілсе, II компоненттегі 16100 дозаның 5108-не екпе жасалды. Қалған 10 992 доза кестеге сәйкес жасалады.

Жиында облыстық санитарлық эпи­де­миологиялық бақылау депар­таментінің басшысы Динара Жаңа­бергенова, облыстық полиция де­пар­таменті басшысының бірінші орын­басары Шамшадин Амитов салалар бойынша ахуалды баяндады.

Шектеу шараларына сай талапты сақтау мақсатында құрылған мобильді топ құрамына 108 полиция жұмылдырылған. Арнайы топ жыл басынан 216 карантин талаптарын бұзу дерегін анықтады. Оның ішінде 144 дерек тойханалар мен үй жағдайларында жиын өткізу, 49 ойын-сауық мекемесінде, 22 дүкенде карантин талаптарын бұзу дерегі орын алған.

Облыс әкімі індет көрсеткіштерінің көбеюіне орай қоғамдық орындарда, халық көп шоғырланатын нысандарда рейдтік шараларды қатаң түрде күшейтуді тапсырып, мониторингтік топ жұмысының белсенділігін арттыруды міндеттеді.

Жиында облыстық медициналық және фармацевтикалық қадағалау департаментінің басшысы Ғалия Байменова дәрі-дәрмек қорын толықтыру туралы, облыстық ішкі сая­сат басқармасының басшысы Мира Қазбекова халық арасында індеттен сақтану, вакцинаның қажеттілігі туралы ақпараттық материалдар қорын топтас­тыру бағытындағы жұмыстарды атап өтті. 

Сала басшыларының індетпен күрес жүргізудегі іс-әрекетін електен өткізген облыс әкімі денсаулық сақтау басқармасының басшысына барлық медициналық мекемелердегі төсек-орындарға ревизия жасап, тұрғындар арасында вакцинациялау жұмыстарын күшейтіп, қосымша егу пунктерін ашуды жүктеді. Сондай-ақ, облыстық санитарлық эпидемиологиялық ба­қылау департаментінің басшысына екпе жұмыстарын жүргізу барысында «Мұздай тізбек» ережелерінің сақталуын бақылауды, коронавирус инфекциясына қарсы барлық меди­циналық мекемелердің дайындығына мониторинг жүргізіп, нәтижесін баяндауды тапсырды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<