Салық саласының саңлағы

380

0

Мен үшін тұлға деңгейіне көтерілген Серік Жолдасбекұлы ағамыз жөнінде қалам тартуға ойланып кірістім. Ол – шын мәнінде тұлға. Өйткені оның түсінігінде тұлға болу дегеніміз жауапты болу дегенді білдіреді.

Әр адамның алға ұмтылуында белгілі адамдардың ролі болады екен. Менің оқушы кезімде №143 орта мектепті «Алтын медальмен» бітірген мақтаныштарының тақтасы болды. Солардың қатарындағы Серік ағамыздың бейнесі ерекше сақталды. Сондағы суреттерге қызыға қарап, «ондай болу қайда?» деп қоятынбыз. Менің тұжырымымда ол өмір жолында қабілеттіліктен кәсібилікке ұмтылыстың жолын әркез көрсете білген адам ретінде белгілі болды.

Серік Жолдасбекұлы туралы ой қозғағанда    өңіріміздің қаржы, салық саласын қоса айтатынымыз, түсінікті жағдай. Тарихтан белгілі, салық жинаушыларды жалпы жұртшылық шын көңілімен жақсы көре бермейді. Дегенмен, осы салық саласында Секең  ізденімпаз маман ретінде  қала, облыстық басшылықта  ширек  ғасырға жуық  уақыт абыроймен жұмыс жасады. 

Мемлекет табысының көзі – салықты сапалы басқара білу басты талап. Демек, салықтық бақылауды жетілдіру арқылы көлеңкелі экономикамен, са­лық­тан жалтару­шылармен және жалған кәсіпкерлікпен күресу жұмыс­тарын  тиімді жүргізуге болады. Осы бағытта Серік Жолдасбекұлының ұйымдастырған жұмыстары жө­нінде бірнеше мәлі­меттерге назар аударсам деймін.

Ол басшы болып келгеннен кейін, 2014 жылдан  салық жүйесіне қатысты бірқатар өзге­рістер болды. Соның бастысы – 2014 жылдың 1 шілдесінен бастап шот-фактураны электронды жазу жүйесінің енгізілуі. Тез арадағы ұйымдастыру шаралары негізінде өңірде 1560 қосымша құн салығын төлеуші болса, солардың 1170-і, яғни, 75 проценті, электронды шот-фактуралар ақпараттық жүйесінде тіркелді. Соның негізінде салық төлеушілер айтарлықтай шығынын үнемдеді.

Қызылорда өңірі – аймақтар арасында бірінші болып Индус­трияландыру картасы жобасын өзектендіруді қолға алған облыс.  2017 жылдан бастап біздің облыста жаңа бизнес жобалардың  бірқатары экспортқа бағытталған еді. Халық­тың да әл-ауқаты  жыл сайын көтеріле бастады, яғни, тұрмыс жағдайымыз жақсарған сайын жаңа игіліктерге қол соза бастадық.  Бұл өз кезегінде сырт елдерден келетін түрлі тауар тасқынына жол ашады.  Соның нәтижесінде, 2017 жылдың   бірінші жартыжылдығында об­лыс­тың сыртқы сауда айналымы 172 млн АҚШ долларын құраса, бюджетке өндірілген кеден төлемдері мен салықтары 3 млрд 277 млн теңгені құрап, болжамды тапсырма 103,5% орындалды.

Кедендік қызмет көрсету сапасы тауарларды кедендік тазартудан өткізу уақытымен өлшенеді. Осы ретте, облыста тауарды импорт амалында босату үшін 1 сағат 03 минут, экспортқа шығатын тауарды тазартудан өткізуге 4 минут жұмсалады. Бұл – жоғары әрі сапалы көрсеткіш. Бұған да сол кездегі жұмысқа шебер жетекшілік жасау арқылы қол жеткізілді.

Серік Мұстафаев өзінің 2016 жылғы «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында мынадай мәліметтер келтіреді. «Салық – бұл жаза емес. Мал-мүлкі үшін, шабындық және жайылым жері үшін, керуен артып жасаған саудасы үшін салық пен баж төлеу бұрыннан бар заң. Камералдық бақылау, салық төлеушінің ерікті түрде, кем көрсеткен табыс көлемі үшін салығын төлеуге мүмкіндік береді. Алдымен бақылау барысында көрінген кем түсім салық төлеушіге хабарланады, орындалмаған жағдайда ғана тексеру тағайындалады. Мысалы: 275 кешенді және тақырыптық тексерулер бойынша 15,7 млрд теңге салықтар мен төлемдер қосымша есептелінді (республикалық бюд­­жетке – 7 687,8 млн теңге, жер­гілікті бюджетке – 8 022,8 млн теңге). 2015 жылдың маусым айын­да басталған хронометражды зерттеу науқанына жыл соңына дейін біздің облыста 85 нысан тартылды. Нәтижесінде салық төлеушілердің бір күндік табысы 9,2 есеге дейін, жекелеген салық төлеушілер бойынша 3 еседен 30 есеге дейін өсіп, жұмысшылар саны 116 адамға көбейді. Өткен жылдың 1 шілдесінен бастап алкоголь өнімдерін, бензин сатушылар үшін деректерді беру функциясы бар бақылау-касса машиналарын орнату талабы қойылған болатын. Қазақстан Үкіметінің 30.12.2015 жылғы №1179 қаулысымен осындай бақылау-касса машиналарын пай­­далануға міндетті қызмет түр­лері кеңейіп, бекітілді. Электронды шот-фактураларды ен­діру де – осы сияқты, қаражат айна­лымын бақылауға алуға бағыт­талған шаралар екені анық, яғни, экономиканың көлеңкеге кетуіне қойылған тосқауылдардың бірі. Жалпы, Қызылорда облысы бо­йынша мемлекеттік кірістер депар­таментінің 2015 жылдың қоры­тынды көрсеткіштері бойынша, мемлекеттік бюджетке 76,4 млрд теңге түсіріліп, болжамды жоспар 106,6%-ке орындалған. Оның ішінде жергілікті бюджетке түсім көлемі 38,7 млрд теңге, тапсырманың орындалуы 103,9 процентті құрап, 1,4 млрд теңгенің артық түсімі қамтамасыз етілді. Облыстық бюд­жеттің жылдық жос­пары 124,6%-ке немесе 1,3 млрд теңгеге артығымен орындалды, нақты түсім көлемі 6,8 млрд теңгеге тең болды.

Сонымен қатар, салық және кеден жүйесін біріктіру арқылы салық салу мақсатында тауарды Қазақстан аумағына кірген кезеңнен бастап оны сатқанға дейін қатаң бақылауға алу жүйесі құрылған болатын. Облыста бұл жұмыс та тиімді ұйымдастырылды. Импорт кезінде тауарлар мен көлік құрал­дарына ілеспе жүк құжаттарын рәсімдеу арқылы бақылау қою, біртіндеп бұл құжаттарды электронды фор­матқа көшіру, салық және кеден саласындағы тексеру амалдарын біріктіріп, құжаттар нысанын азайту, сонымен бірге жалпыға бірдей табысы мен шығынын декларация­лауды ендіру де осы мақсаттағы шараның бірі болып табылады. Атап айтсақ, бұл шара 2017 жылдан басталып, екі кезеңді қамтитын науқаннан соң азаматтардың қай елде, қай банкте болмасын, табысының мөлшерін анықтауды бастады. Басқа елдердегі мүлкі мен сырттағы шоттарда жатқан қаржыларын жария ету акциясы ұзартылды».

Осындай көңіл қуантар көр­сет­кіштер ол кісінің  мем­ле­кеттік кірістер департа­мен­тіне басшы болған жылдары  жыл сайын қайталанып тұрды. Жоға­рыда аталған мақаласында: «Бү­гінде бюджеттің кіріс базасын ұлғайтудың тиімді тетігінің бірі ретінде қаралып отырған жалпы сатудан түсетін салықты енгізудің артықшылығы, оның қарапайым­дылығында. Сатудан түсетін салық, бизнестің тек шығыны мен пайдасын есептейді, оның соңғы тұтынушымен байланысы жоқ. Біріншіден, мемлекеттік кірістер органдары да тек салық салынатын және салықтан босатылған жеткізілімдерді  анықтау  үшін  мұқият тексеру жүргізетін болады. Екіншіден, әлеуметтік  әділеттілік орын алады. Демек, тауарды көбірек сатқан тұлға салықты көбірек төлейді. Міне, мемлекеттің кіріс және шығын жүйесін қайта қарауды тапсырғандағы Президенттің қой­­ған мақсаты да – осы салық сала­сының ашықтығын қамтамасыз ету», – деп атап өтеді. Бұл – нағыз салық саясатының білікті өкілінің пікірі. Осындай ұстанымдары арқылы бұқара арасында салық мәдениетінің көтерілуіне зор үлес қосты.

Елімізде  көлеңкелі экономикаға қарсы тұрудың бір тетігі ретінде жалпыға бірдей декларациялау жүйесі енгізілуде. Оған дайындық осыдан бірнеше жыл бұрын басталған еді. Сол кездегі тиімді ұйымдастырушылықтың арқасында бұл жүйеге өзіндік жолымен өтудеміз, яғни алғашқы кезекте жеке тұлғаның активтері мен міндеттемелері туралы декларация­сы бекітілді. Жалпыға бірдей дек­ларациялау жүйесіне кірген кезде онда жеке тұлғалар көрсетуі тиіс ақпараттар тізімі анықталды.

Бұл жүйені енгізудегі мақсат жеке тұлғалардың табыстары мен мүліктерін тиімді бақылауға қол жеткізу болатын. Сонымен қатар, азаматтардың табысы мен мүлкінің есебі ашық болуы салықтарды толық төлеуді қамтамасыз етеді және салықтық әкімшілендіруді барынша толық қамтуға мүмкіндік береді.

2018  жылдың  жаңалықтарының бірі – IV деңгейлі бюджеттің енгізілуі. IV деңгейлі бюджеттің қалыптасуы – жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға бағытталған, ауыл, аудан халқының мүддесі үшін жасалған әлеуметтік маңызы бар шара. 2018 жылдан бастап Бюджет кодексінің 8-тарауы 52-1 бабымен толықтырылып, түсімдердің аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ бюджеттері арасында бөлінуі белгіленді. Облыстағы 2000-нан астам тұрғыны бар 65 ауылдық округ бойынша бірінші жартыжылдыққа 484 млн теңге бюджет қалыптасты, яғни, болжамды түсімнің орындалуы 137,6% құрады. Бұл жерде облыстық мемлекеттік кіріс саласының қыз­мет­керлері ықылас­пен, білікті­лікпен сауатты жұмыс жасады. Нәтижесін бүгінде ел көруде.

С.Мұстафаев өмірінің соңғы жылдарында Қаржы минис­тр­лігі мемлекеттік мүлік және жеке­шелендіру комитетінің Қы­зыл­орда мемлекеттік мүлік және жеке­шелендіру департаменті бас­­шысы  лауазымын  атқарды. Адам­ның ниетіне береді деген сөз бар. Ниет – жан жомарттығы. Ал тек қана күнкөрістің күйбеңімен жүрген адамнан жан жомарттығын талап ете аламыз ба? Жан жомарттығын кісілігі мол, адамгершілігі жоғары, жеке мүддесін қоғам мүддесінен кейін қоя білетін адамнан іздегеніміз дұрыс болар.  Ондай ар алдындағы, ел алдындағы жауапкершілігіне қатаң талаппен қарай білетін азамат үнемі жар мен ар жағасында жүреді. Жар жағасындағы адамның бір жағы құз, екінші жағы тегіс болуы ықтимал. Кішкентай қия бассаң, құзға кетесің. Ал ар жағасында жүруді  әр нәрсенің парқын білу, қанағатшылдықтың мөлшерін білу, өзінің мүмкіндігін білу деп тү­­сінемін. Осы тұрғыда Секеңнің тұлғалық сұлбасы көз алдымызға келетіндей.  Өмір мәні ұзақтығымен емес, мазмұнымен өлшенеді десек, мақала кейіпкерінің  мазмұнды өмір сүргенін байқаймыз.  Мемле­кетшіл азаматтың еңбегі де бағаланып, «Қазақстан Респуб­ликасы тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасына 25 жыл», «Қазақстан Респуб­лика­сының конституциясына 20 жыл», т.б марапаттарға ие болды. «Салық қызметінің үздігі» атанды. Қызылорда қаласының Құрметті азаматы атағы берілді.

Ағамыздың денесі жер қойна­уында болғанымен, бейнесі көпші­ліктің жүрегінде жерленген. Оның жақсы атын еске алатын адам­дардың жиілігімен түсіндіруге болады.

Наурызбай БАЙҚАДАМОВ,

облыстық мәслихат хатшысы, тарих ғылымдарының кандидаты, «Құрмет»

орденінің иегері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<