Шілде айынан бастап жаңа редакцияда қабылданған «Техникалық реттеу туралы» заң күшіне енеді. Аталған заңды іске асыру үшін Сауда және интеграция министрлігі 52 нормативтік-құқықтық актіні әзірлеуі тиіс.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс бойынша техникалық реттеу және метрология департаментінің басшысы Бауыржан Қарсақбаев айтты. Оның айтуынша, аталған құқықтық актілер аккредиттеу рәсімін жетілдіруге де қатысты болмақ. Қауіпті өнімнің үлгілерін іріктеу практикасын енгізу, өнімді алу және кері қайтарып алу тетіктерін регламенттеу, нарықты қадағалау институтын енгізу, бақылау және қадағалау процесін цифрландыру қажет.
– Жаңа редакциядағы заңды қабылдаудан күтілетін нәтижелер – ішкі нарықтағы өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, бәсекеге қабілетті және сапалы отандық өнім үшін жағдай жасау. Сондай-ақ, мемлекеттік бақылаудың тиімділігін арттыру, сәйкестікті бағалау рәсімдерінің дұрыстығын қамтамасыз ету, техникалық реттеу саласындағы ұлттық заңнаманы ЕАЭО шеңберіндегі ұлттықтан жоғары заңнамаға келтіру, – дейді департамент басшысы.
Қабылданған заң аясында қолданыстағы заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, қосымша заңға ілеспе 40-тай нормативті-құқықтық акті қабылданады.
Айта кетейік, Президент Үкіметке жаңа редакциядағы техникалық реттеу туралы заңын дайындап, 2020 жылдың соңына дейін қабылдауды қамтамасыз етуді тапсырған.
Өйткені техникалық реттеу туралы заңнама бүгінгі талаптарға сәйкес келмейді. Бұдан басқа, Мемлекет басшысы «Өнім сапасы екінші орында қалмауға тиіс. Ұлттық сертификаттау жүйесін дамыту, ұлттық стандарттардың беделін қайтару қажет» деп атап өткен болатын. Осылайша, отандық техникалық реттеу саласы түбегейлі қайта қаралды. Нәтижесінде 30 желтоқсанда жаңа редакциядағы заңға қол қойылды.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<