Тіл мүкістігінің төркіні неде?

894

0

Бүгінде 3 жасқа дейінгі балалардың сөйлеуінің кешеуілдеуі және 5-тен асқандардың анық сөйлемеуі  өзекті мәселеге айналуда. Бұрын педагогикалық-психологиялық  түзету кабинеттерінде жылына ПМПК (психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация) қорытындысымен келген 18-20 балаға түзету жұмысы жүргізілсе, кейінгі жылдары аптасына 20 шақты, ал жылына 150-170 бала қаралады. Кезекте тұрған балаларды тағы қосыңыз.

Уақыт бөлмегендіктен бе?

Иә, кезінде ата-анамыз мектепке барғанша тілі шықса болды деп, мұндай жағдайға аса мән бермейтін. Сүт кенжесіне алтыдан асқанша «мама» беріп, сабаққа барса өзі-ақ сөйлеп кететініне сенетін. Ал бүгінгі талап тіпті басқаша. Сондықтан да болар баласын жетектеп логопедке, дефектологқа, невропатологқа, психологқа баратындар, кеңес сұрап, көмегіне жүгінушілер саны артуда.

Қала тұрғыны Ламаш Ұзақбаева төрттен асқан немересінің өз ойын дұрыс жеткізе алмайтынына алаңдайды. Көзінің нұры болған құлыншағының болашағына бей-жай қарамаған әже арнайы мамандардың  қызметін алуда.

– Немеремнің тілі үшке толғанша шығады деп уақыт өткізіп алған сияқтымыз. Бұрын дым дыбыс шығармайтын балам қазір, дефектолог, логопед мамандарына барғалы сөйлеуді үйреніп келеді. Өз қатарымен ойнағысы келеді. Ойын жеткізе алмаса, «иә» деп басын изей береді. Балапаным сөйлеп, ақыл-есі түзу болса екен, – дейді ол.

Расымен бауыр еті баласының болашағына алаңдайтын мұндай ата-аналар қатары күн сайын көбейіп келеді. Мамандар дабыл қағып жүрген бұл мәселенің туындау себебі неде? Дүниеге шыр етіп келген бала, ең бірінші анасының дауысын естиді. Ол қай тілде сөйлесе, ана сүті арқылы бойына дариды. Алайда, бүгінгі ұрпақтың балалық шағы гаджеттерге телмірумен өтіп жатқаны өкінішті. Соның салдары тілінің шығуы мен ой-өрісінің дамуына кері әсерін тигізуде.

Қаладағы №1 психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің дефектологы Мөлдір Алданазарқызының айтуынша, арнайы мамандардың жолдамасымен келген баламен жұмыс істеу бір жылға, тіпті одан көп уақытқа созылуы мүмкін. «Ол баланың қабылдауы мен үйде ата-анасының көп уақыт бөлуіне байланысты. Маған психикалық дамуының тежелуі, сөйлеу бұзылыстары, оқу қызметі қалыптасуының қиындықтары, жалпы сөйлеу тілінің дамымауы, оның 2-3 деңгейі, тірек-қимыл аппаратының бұзылысымен келеді. Әр баламен жұмыс істеу асқан шыдамдылықты, оған деген шынайы махаббатты талап етеді. Мұндай диагнозбен балалар үзбей 90 күн  түзету сабағын алса, нәтиже жақсы болады. Кей ата-аналар, өкінішке қарай үйге берілген тапсырмаларды тиянақты орындатпайды. Сондықтан олармен жұмыс баяу жүреді. Бұл салада жұмыс істеп келе жатқаныма 10 жылдан асты. Тәжірибелі маман ретінде айтарым, балалармен үйде көбірек сөйлесу керек» дейді дефектолог.

Құрт сорып, сүйек мүжісе…

Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы бір сөзінде: «Біріншіден, бесік жырын айтатын келіндердің азайып бара жатқанынан қорқамын, екіншіден, немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбейіп бара жатқанынан қорқамын, үшіншіден, дәстүрді сыйламайтын балалардың өсіп келе жатқанынан қорқамын. Өйткені бесік жырын естіп, ертегі тыңдап, дәстүрді бойына сіңіріп өспеген баланың көкірек көзі көр бола ма деп қорқамын…» деген екен. Рас, қырық жыл қырғын болса да қазақ ұрпағына ұлағатты тәрбие бере алған. Десе де, күнделікті күйбең тіршіліктің ата-ана беретін тәрбиеге кесірін тигізіп жатқанын жоққа шығармаймыз. Тұрмысы төмен отбасында тәрбиеленген бала күнде құрт сорып, сүйек мүжімейтіні анық. Ертеректе ата-әжелеріміз тісі енді шыққан баланың қолына қойдың жілігін ұстатып қоятынын көретінбіз. Бала әлгі жілікті  ұстап, өзімен-өзі әуре болатын. Сөйтсек, мұның да мәні тереңде екен. Бала сүйек мүжіп, тілі екі ұртына кезек қозғалып, әуреге түскенде, тілдің бұлшық еттері дамитын көрінеді. Бұл  болашақта бала тілінің дұрыс шығуына ықпал етпек. Міне, мәселе қайда ­жатыр?!

Бала тілінің кеш шығуының тағы бірнеше себебін педагог-логопед Айткүл Баубекова былай деп саралады:

 – Сөйлеудің кешеуілдеуіне түрлі жағдайлар әсер етеді. Аналардың жүктілік кезіндегі инфекциялық аурулармен жиі ауруы, қаназдық, бүйрек жұмысының әлсіздігі, жүректегі ақаулар, босану кезіндегі сәбилердің әртүрлі жарақаттар алуы, асфексиялық аурулар (баланың өз кіндігіне оралып тууы сияқты). Босану барысында немесе босанудан кейінгі нәресте миының зақымдалуына байланысты орталық нерв жүйесінің бұзылуы, кесарь тілігімен босануы, отбасылық-тұрмыстық және әлеуметтік жағдайлар, психикалық көңіл-күй, отбасындағы қостілділік, баламен «баланың тілінде» сөйлесу де кері әсерін тигізеді. Дыбыстардың айтылуына дұрыс қалыптаспаған таңдай құрылысы зиян тигізеді. Көбіне жас аналар нәрестеге емізік беруге құмар. Дұрысы – емізікке үйретпеу. Себебі, оны жиі емгеннен сәбидің таңдайы тереңдеп кетуі әбден мүмкін. Таңдай тереңдесе, артикуляция­лық қозғалысы нашарлайды. Соның салдарынан әріптер дұрыс дыбысталмайды. Тілдің мүкістігі дыбыс шығарудағы сөйлеу мүшелері – тілдің, еріннің, төменгі жақ сүйектерінің нашар қимылдауынан, тіс құрылысынан да болуы мүмкін. Оның қалыпты деңгейден нашар қимылдауы себебінен өте қысқа тіл асты желбезегі жоғары көтерілуіне мүмкіндік бермейді. Сонымен қатар тіс­тердің арасының алшақтығынан және ретсіздігінен сөйлегенде тілдің ұшы сыртқа шығып кетіп, сөз анық айтылмайды. Стоматолог-дәрігерлер арнайы құрал қою арқылы тістерді және жақ сүйектерін реттейді. Сүйегі әлі қатаймаған 5-6 жасар балаға қойылған шинаның ықпалы өте күшті болады.

Сақаулық, тұтығу еліктеуден де болуы мүмкін. Балаға сөйлеу тілі әлі дұрыс қалыптаспаған сәбидің қасында үнемі бірге ойнау зиян. Сонымен қатар баланың тіл мүкісі бар немесе өте жылдам сөйлейтін адамдардың қасында болуы да дұрыс емес.

Кешігіп қалмау керек

Қазіргі ата-аналар баласының тілінің кешеуілдеп жатқанын білсе де, мамандардың көмегіне кеш жүгініп жатады. Бала тілі 3-ке дейін шықпаса, дабыл қағу керек. Невропатолог маманының тағайындаған курстық емі мен логопед маманының жұмысы үнемі байланыста болатынын ескергені дұрыс.

Стоматолог-дәрігерлер арнайы құрал қою арқылы тістерді және жақ сүйектерін реттейді.Тіласты желбезегі тартып тұрса, қажет жағдайда желбезекті кеседі. Ата-аналардың көпшілігі баласының тілі дұрыс шығып, шықпағанына, даму ерекшеліктеріне жіті мән бермейді. Баланың былдырлап сөйлегеніне мәз болып, соны қызық көретіндер де бар. Олар мұны еркелік деп түсінеді. Кейбір ата-аналар 3-4 жастағы баланың тілі түсініксіз болса, «мүлде сөйлей алмайтын жағдайда емес қой, мектепке барғанша әйтеуір сөйлер» деп бейжай қарайды. Мұндай түсінік мүлде дұрыс емес. 1 жасар бала кем дегенде 10 сөз айтуға тиіс. 2 жаста сөздік қоры  300-ге жуықтайды. Ал 3 жасар сәби күрделі сөйлем құрауға қабілетті болады. Сондықтан кез келген ата-ана бала 1 жасқа толысымен, онымен көбірек сөйлесуі керек. Онда да баланың былдырына еріп, соның «тілімен» емес, түсінікті тілде сөйлеуге үйретуі тиіс.  Дыбысты дұрыс айтпаған бала мектепке барғанда оқу және жазудан артта қалады,  яғни, үлгермейді.

Жуырда қалалық мәслихат депутаты Айгүл Мұсабаева шаһар басшысының алдына әр мектеп қабырғасынан психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттерін ашу қажеттілігі туралы ұсыныс айтқан болатын. Демек, бұндай кабинеттердің көбеюі тіл мүкістігі бар балалар санының артқанын көрсетеді. Қуанарлық жайт емес, әрине!

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<