Үлкеннен үлгі алған ұрпақ азбайды

289

0

Нақты кезеңде Қызылорда қалалық ардагерлер кеңесінде 30 мыңнан астам зейнеткер-ардагер бар, 200-ге жуық бастауыш ұйым жұмыс жасайды. Ұйым карантин талаптарын сақтай отырып жұмыс істеп жатыр.

2012 жылдан бастап қалалық ардагерлер кеңесінде кеңесші-ұйымдастырушы болып жұмыс істеп келемін. Мұндағы қызметім – мекемелер жанынан құрылған бас­тауыш ардагерлер ұйымын сайтқа тіркеп отыру болды. Қазір қаламыздағы барлық бастауыш ардагерлер ұйымы толықтай сайтқа енгізілді. Олармен тікелей жұмыс жасап, хабарласып күнделікті тыныс-тіршілігін біліп отырамыз. Қалалық ардагерлер кеңесін әр жылдары А.Әбдібаев, Т.Ембергенов, С.Әбішов, Ж.Бодықбаев се­кілді танымал азаматтар басқарды.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген. Мен алғаш жұмысқа келген жылдары ұйымды Амангелді Әбдібаев ағай басқарды. Ол кісі өте белсенді жан еді. Жас­тармен кездесулер өткізіп, ұлттық құндылықтарды насихаттауда тынбай еңбек етті. Мереке сайын ел ағаларының басын қосып сұхбаттасып, олардың ақыл-кеңесі мен ұсыныстарын тыңдайтын. Ардагерлер ке­ңесі атынан қазыналы қарт­тарымызды мерекеде құт­тықтап, батасын алатын еді. Осы істер соңғы кездері сәл тоқырап қалды. Оның басты себебі – әлемдік пандемия. Алайда, ел-халық болып вакцина алып, бұл қиындықты да жеңіп, тұрақты өмір кешетінімізге сенеміз.

Өзімнің тікелей жетек­шілігіммен «Ақ бата», «Өнерге әркімнің де бар таласы», «Қазақтың даналық, ғибратты сөздері», «Ақ келін, иба, парасат» атты қалалық  конкурстар ұйымдастырып, жастарға үлгі етуге күш салдым. Сондай-ақ, ардагерлер арасында тоғыз­құмалақ, шахмат, дойбы және стол теннисінен жарыстар өткіздік.

Жуырда қалалық ардагерлер кеңесіне елге танымал азамат, ғалым Сұлтанбек Тәуіпбаев төраға болып сайланды.  Тәжірибелі жанның қалалық ардагерлер кеңесіне келуі жаңа леп, тың қарқын әкелетіні анық.

Иә, қашанда үлкендерден үлгі алған ұрпақтың азбасы анық. Біздер, ардагерлер осы бағытта жұмыс жасай беретін боламыз.

Базаркүл  ТҰЯҚБАЕВА,

Қызылорда қалалық ардагерлер кеңесінің

кеңесші-ұйымдастырушысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<