Ұлтының сенімі ұзаққа ұшырғай

656

0

Бүгін, 29 шілдеде Токио Олимпиадасында еліміздің атынан қызылордалық боксшы Қамшыбек Қоңқабаев (91 келіден жоғары) шаршы алаңда египеттік Есри Рез Мустафамен қолғап түйістіреді. Бұл  енді Қамшыбек үшін үлкен сын. Ол Олимпиададағы тұсаукесер жекпе-жегін өткізеді. Бокстан ұлттық құрама капитаны қазақстандық жанкүйерлерге үлкен қуаныш сыйлайды деген ойдамыз.

Қамшыбек Қоңқабаев 1991 жылы 18 қарашада Қызылорда қаласында дүниеге келген. Әлем чемпионатында қос дүркін (2017, 2019) және Азия чемпионатында 3 мәрте (2017, 2019, 2021) күміс жүлдегер атанған. 2014 жылы әскерилер арасында әлем чемпионы атағына қол жеткізді.

Біз Қамшыбек жайлы не білеміз? Боксқа келуіне кімнің әсері болды? Ата-анасы қандай жандар? Оған жауап әкесі Бисенбай Қоңқабаев пен бокстан облыстың аға бапкері Жәміл Жүсіповпен тілдескенде тарқатыла түсті.

– Отбасында үш ұл, бір қызым бар. Үлкені – Әлібектің спортқа қатысы жоқ, қазір басқа салада қызмет атқарады. Екінші ұлым – Асқар алғашқыда бокспен айналысқан еді. Кейіннен жекпе-жек спортына ауысып кетті. Ережесіз жекпе-жектен әлем чемпионатында жүлдегер атанды. Қамшыбек үш ұлдың кенжесі. Одан кейін Айгерім атты қызым бар. Бізді полицейлер отбасы деп атайды. Әкем секілді мен де ішкі істер саласында ұзақ жылдар бойы қызмет атқардым, қазір зейнеткермін. Асқар мен Қамшыбек те қазір осы салада еңбек етеді. Қысқасы, біздің әулетте аталған мамандық иелері үш буынға жалғасып отыр. Анасы – Ұлбосын балалардың жағдайын жасап, үй шаруасында болды. Қамшыбектің боксқа келуіне ағасы Асқардың ықпалы зор. Спортқа 15 жасында қадам басса да Қамшыбек бірден-ақ еңбекқорлық қасиетімен көзге түсті. Мен баламның жекпе-жегін тікелей эфирде тамашалауға құмар емеспін. Анасы мүлдем көрмейді. Оны әрбір ата-ана жақсы түсінеді деген ойдамын. Әрбір спортшының арманы – Олимпиада екені белгілі. Алла қолдап, Қамшыбек сол биікке иек артып отыр. Оған ерекше дайындығын жасады. Ендігі кезекте сәттілік серік болсын деп тілеймін, – дейді Бисенбай Қоңқабаев.

Ал бапкер Жәміл Жүсіпов шәкірті Қамшыбектің нағыз ерлік көрсететін сәті келгенін айтады.

– Қашанда спорттың аты спорт. Олимпиада төрінде атой салу кез келген адамның маңдайына жазыла бермейді. Қамшыбекке осындай жауапкершілік туып тұр. Ол бүгінге дейін әбден ысылды. Әрбір жекпе-жегінде жанкү­йерді қуантатын нәтижеге қол жеткізуге тырысады. Жалпы, 91 келіден жоғары салмақта тәжірибелі боксшылар жетерлік. 2019 жылғы Әлем чемпионатында оның жолы өзбекстандық Баходир Жалоловпен түйісті. Кейінгі Азия чемпионатында да сол қарсыласымен шеберлік байқасты. Мамандар Олимпиада финалында екеуі кездеседі деп жорамал жасап отыр. Айта кетерлігі, биыл Олимпиада әлемдік рейтингте алғашқы төрттікте тұрған былғары қолғап шеберлерін екі-екіден екі топқа бөліп тас­тады. Бұл байырғы қарсыластар бір-бірімен кем дегенде жартылай финалға дейін қолғап түйістіре алмайды дегенді білдіреді. Қамшыбектің алғашқы жекпе-жегі египеттік Есри Рез Мустафамен, бұл спортшыны бұрын естіген емеспін. Шәкіртімнің жеңімпаз боларына сенім артамын, – дейді Ж.Жүсіпов.

Әділжан Үмбет,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<