Ветеринарлық клиника жұмысын бастады

815

1

Ветеринария саласының ауыл шаруашылығында ғана емес, экономика, биология, медицина тұрғысынан да маңызы жоғары. Соңғы кездері паразитарлық аурулармен күрес шаралары ұмытылып бара жатыр. Облыста, аудандарда бруцеллез, туберкулез және паразитарлық аурулармен күреске арналған семинар-кеңестер өтпейді. Паразитарлық аурулардың эпизоотологиялық жағдайы жөнінде еш жерден мәлімет ала алмаймыз. Соның ішінде адамдар арасында жиі кездесетін паразитарлық аурулар – эхинококкоз, ценуроз, описторхоз, цистицеркоз, токсаскароз және басқалары жөнінде мүлде мәлімет жоқ.

Осы орайда өз кәсібін жақсы меңгерген мамандар даярлау өте маңызды. И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда агротехникалық жо­ға­ры колледжі бұл бағыттағы ша­раларға ерекше мән беруде. Мы­салы, «Ветеринария күні» қар­саңында колледж жанынан ве­те­ринарлық клиника ашылды. Айта кетерлігі, жаңа клиника студенттер үшін тәжірибе алаңы ғана емес, аймақ үшін де маңызды орталық.

Онда студенттер инфекциялық аурулардың алдын алу мақсатында вакцинация және ауру жануарларға ем жүргізеді. Сонымен қатар, жануарларды бірдейлендіру, импорт, экспортқа шығатын жануарлар мен мал өнімдеріне берілетін сертификаттауды үйренеді. Сон­дай-ақ, жануарлардың барлық түр­лерін клиникалық диагности­кадан өткізеді. Арнайы құрал-жаб­дықтармен, УЗИ сканер, ви­део­отоскоппен зерттеулер жүр­гізе алады. Сонымен бірге хирургиялық оталар, про­цедуралық, вакцина салу, аку­шерлік қызметтер көрсетеді.

Жұртшылық біле білмейтін мәселе – ит пен мысықтан дерттің көп таралуы. Аймақта гельминттермен залалданған етқоректілер саны өте көп. Ит пен мысықтан эхинококкоз, альвеококкоз, мультицетоз, тениоз, аскаридиоз, саркоптоз, псороптоз, токсаплазмоз, дипилидиоз, трихинеллез сынды қауіпті дерт адамға жұғып, жаппай тарау қаупі бар. Оған қоса, көпшіліктің ветеринарлық-санитарлық білімі өте төмен. Сол себепті облыс, аудан, ауылдағы жануарлар арасында әртүрлі гельминтоз аурулары кең таралған.

Бұдан шығатын қорытынды – облыстық, аудандық зертханаларда паразитолог маман жоқ. Облыстық лабораторияларда жоға­рыда айтылған құрт аурулары жөнінде бірде-бір мәлімет жоқ десе де болады.

Сондықтан, негізгі мақсат қа­уіпті індеттерден адамдарды сақ­тан­дыру болуы керек. Инфек­циялық, инва­зиялық мал ауруларына кедергі қою, мал шығындарын азайту арқылы шаруа­шылықтарға келетін зиянды барынша азайту, мал өнімдерінің өнімділігін арттыру және саулығын сақтау қажет. Жаңа ветклиника осы бағытта жұмыс жасауда.

Жасұлан ЖОРАБЕК,

И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда агротехникалық

жоғары колледжінің мұғалімі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<