Жаңа жобалар жүзеге асырылуда

827

0

Елдің ақпараттандыру саласына байланысшылардың қосқан үлесі аса зор. «Қазақтелеком» АҚ облыстық филиалы қызметкерлері кәсіби мереке – байланыс және ақпараттандыру қызметкерлері күнін биыл да атап өтті.

– Әлем елдері арасын жа­қын­дату, ақпарат алмасу және жан-жақты коммуникация орнату жолында теле, радио, почта қызметтері мен жедел қарқынмен дамып келе жатқан интернет желілері адам өмірінің ажырамас қажеттілігіне, үлкен көмекшісіне, еліміздің стратегиялық маңызды саласына айналған.Үздіксіз ком­му­никацияны қамтамасыз ету – күнделікті қиын жұмыс, озық жабдықтар мен заманауи тех­но­логияларды қолдана отырып, жаңа жобалармен үнемі жұмыс жасау оңай емес екенін біз жақсы білеміз, – деді өңірлік ком­муни­кациялар қызметінде өткен бри­фингте облыстық ішкі саясат басқар­масының басшысы Мира Қазбекова.

Нақты кезеңде «Қазақ­теле­ком» АҚ Оңтүстік өңірлік теле­коммуникация дирекциясы – облыс тұрғындарын сапалы байла­­ныспен қамтамасыз етіп отыр­­ған бірден-бір іргелі ұжым. Бұған қоса, компания телеком­муникация қызметтерінің кең спектрін ұсынады. Мәселен, нақты кезеңде Сырдария өзенінің сол жағалауындағы жаңа көп­қабатты үйлерді кеңжолақты желіге қосу ісі белсенді жүріп жатыр. Онда жаңа аудандардың құрылысы қарқынды. Қазіргі кезде 54 жаңа ғимараттың 22-сі телефондандырылған, қал­ған­дары қосылу сатысында. Жаңа ғима­раттардың 280-нен астам тұрғыны интернетке талшықты-оптикалық байланыс желілері арқылы қосылып отыр.

Цифрлық теңсіздікті жою мақсатында былтыр «Қазақ­теле­ком» «талшықты-оптикалық байла­ныс желілері технологиясы бойын­ша ауылдық елді мекендерді кең жолақты қолжетімділікпен қамта­масыз ету» ауқымды жоба­сын іске асырды. Облыста атал­ған жоба аясында 14 елді ме­кенде 52 мемлекеттік ме­кеме жоғары жылдамдықты ин­тернетке қосылды. Сондай-ақ, ауыл тұрғындарын жоғары жыл­дамдықты интернетпен қам­та­масыз ету жұмыстары жүргізілуде.

Бұған қоса, Жаңақорған ауданы әкімдігімен бірлесіп Жа­йылма ауылының тұрғындарына көп нүктелі технология бо­йынша трафикті сымсыз беру үшін радиомост ұйымдастырыл­ды.  осы технологиямен сым­сыз байланыс Арал ауда­ны­ның Тоқабай және Қазалы ауда­нының Шәкен ауылына жет­кізілді. Нәтижесінде аталған елді мекендердегі ондаған үй жо­ғары жылдамдықты интернетке қосылды.

Өңірді цифрландыру шең­берінде «Қазақтелеком» АҚ облыс әкімдігімен бірлесіп, ха­лық үшін әлеуметтік пайда ұсынуға бағытталған SmartCity элементтерін енгізу бойынша жұмыс жүргізуде. Олардың ішін­де қауіпсіздікті арттыру, қала­лық сервистер қызметтеріне қол­­жетімділік, шығындарды азайту және ресурстарды тұ­тыну бағыттары бар. Мәселен, Қы­зылорда қаласында оқушы­лар­дың тәртібін бақылау және қауіпсіздігін арттыру мақса­тында «Мектептерде бұлтты бейнебақылау» пилоттық жобасы қолға алынып, іске асырылды. Жоба шеңберінде 14 мектепте 30 күндік деректер сақталатын 420 бақылау камерасы орнатылды.

Қызылорда қаласы кор­пора­тивтік сату орталы­ғы­­ның директоры Ержан Әбибул­ла­ұлы­ның айтуынша, «Қа­зақ­телеком» АҚ өзінің дәстүрлеріне бай және әрбір қызметкердің үлесін баға­лайды. Жыл сайын кәсіби мере­кеде компания басшы­лы­ғы жетістіктерге жеткен қыз­­­­мет­­­­керлерді көтермелеп оты­­­­рады. Компания бизнес-про­цес­­терді оң­тайландырып, кор­пора­тивтік құн­дылықтарды әрбір қыз­мет­кер­ге жақын ете алды.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<