Жолсерік

1097

0

Адам – өз өмірінің иесі. Оны қай арнаға бұрғысы келеді, қалай түрлендіргісі келеді ерік өзінде. Ал, бүгінгі кейіпкеріміз өмір жолын тікелей теміржолға жалғаған жан. Бірде алыс жолға шығып, оның үлкен-кішіге бірдей ілтипат көрсетіп, «жақсылап, жайғасып алыңыздар, бірнәрсе қажет болса, қымсынбай айтыңыздар!» деп купелерді аралап жүргенінде жөн сұрасуға мүмкіндік туған еді.

Гүлнәр Рахметалиева – «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамының «Оң­түстік» жолаушылар тасымалы жөніндегі аймақтық филиалының жолсерігі. Бұл салада ерлермен иық тіресе еңбек етіп жүргеніне биыл 20 жыл толыпты. Әңгіме барысында теміржолдың жұмысын, жолаушы халықтың жағдайын, одан бергі кездегі даму үдерісін көзбен көрген жолсерік бала күннен армандаған мамандығынан еш уақыт алыстамағанын айтты. Бүгінде Гүлнар «Алматы-Маңғыстау» бағыты бо­йынша қатынайтын №77 по­йызда еңбек етеді. Өзі – Арал­дың тумасы. Ең қызығы, осы кезге дейін ерте-кешке қарамай, Аралға 5-10 минут қана аялдаса да, әкесінің келмей қалған күні жоқ. Бұл – әке мен бала арасындағы жылылық пен мейірімнің бір ғана мысалы.

– Жолсерік болу – жауапкершілік. Ұйқыны жеңген, ауыр жұмыстан аянбайтын, көпшілік көңілін табатын бесаспап болу шарт. Мұнан бөлек, техника тілін меңгеру керек. Жолаушылар арасында түрлі оқиға кездеседі. Ауырып, ем іздеген де табылады. Қонақтан шаршап шығатыны да бар. Солардың көңілін тауып, орнына жайғастыруға жүйке қалың болғаны дұрыс. Вагонның тазалығы, қыстың ызғарлы күндерінде ыстық шайдың қайнап тұруы, төсек-жабдықтың уақытылы таратылуы тағы бар. Бұл ретте бізге мамандыққа деген сүйіспеншілік көмекке келеді. Себебі, уақытымыздың көп бөлігі осы шойын жолда өтеді. Халыққа сапалы қызмет көрсету – басты міндетіміз. Әйел адам үшін ауыртпалығы жоғары осы саланы таңдағанымда жақындарым маған қолдау танытты, әкемнің әлі күнге дейін перронға келіп, «Қызымды көріп кетейін деп келдім!» деген сөзі жүрегіме жылулық сыйлайды, – дейді ол.

Гүлнардан қызмет барысында өзі куә болған оқиғалар туралы айтып беруін өтіндік. Жолсерік түрлі жағдайларға кезіккен. Содан да болар, өзін бекем ұстауға үйренген. Тамақтан улану, бас ауруы, өзге де жағдайларда жедел көмек көрсетуге даяр тұрады.

– Әйел затына жұмыстың жеңілі жоқ. Бір жеті істеп, бір жеті демаламыз. Аға­йын-туысқа уақыт табылады. Әрине, жұмыс болған соң қуанатын да, қынжылатын да сәт жетерлік. Алайда, мамандыққа деген сүйіспеншіліктің арқасында құлшыныс артып, жұмысқа білек сыбана кірісеміз, – дейді кейіпкеріміз.

Гүлнардың риясыз күлкісі, адамға деген ілтипаты бөлек. Өзі жұмыс істеген уақытта бір кикілжің сәтке жол бермепті. Жолаушылардан естігені тек алғыс пен бата. Өз саласында жеткен жетістігі мен бағындырған шыңы да биік. Кәсіби шеберлігі үшін басшылық тарапынан алғысқа бөленген. Бұл – адал еңбектің жемісі. Бастысы, маманның тиянақтылығы қуантады. Төл мереке қарсаңында Гүлнардың барша әріптестеріне тілектес­тік білдіреміз!

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<