Бал арасы болмаса…

788

0

Қайдан оқығаным белгісіз, бірақ бал арасының 76 сезім мүшесі барын білгенде таңғалғанымды жасырмаймын. Шыны керек, бұлардың тіршілігінің кейбірі адамзаттың өмір сүру салтына келіңкірейді. Шағын тайпалардай әрі ұжымдаса еңбек қылады. Қызығы сол, аралардың әр тайпасының өз патшайымы, оның күтушісі мен күзетшісі болады. Тіпті, патшайымды тамақтандыратын аспаз аралар барын естігенде еріксіз күлгенмін.

Аралар әлемінің шексіз құпиясы туралы сәл кейінірек. Ал сол бал арасының бабын тапқандар біздің өңірде жетерлік. Бағуын келістіріп, табыс тауып отырған жігіттерді де білетінбіз. Соның бірі – сырдариялық Роллан Олинов. Нағи Ілиясов ауылында тұратын ол 2017 жылдан бері ара өсіріп, отбасылық бизнесін өркендетіп отыр.

– Кәсіппен айналысушыларға мемлекет тарапынан бағытталып жатқан қолдау көп. Тек ізденіс пен еңбек керек. Сондай-ақ үйренуден жалықпау қажет. Сонда ғана кәсіптің берекесі болады. Мен 2019 жылы өңірлік инвестициялық орталығынан «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасы арқылы 1 млн теңге несие алып, кәсібімді ұлғайттым. 2020 жылы мемлекет тарапынан 2 млн теңге қайтарымсыз грант ұттық. Мемлекеттен қолдау көп, бастысы, өз жоспарың нақты болса болғаны. Қазір омарта шаруашылығын отбасымыз болып дамытып келеміз. Пайда бар, сұраныс жыл санап артуда, – дейді ол.

Омарташы бүгінде 98 ұяшықта бал арасын бағып отыр. Оның айтуынша, бұл тіршілігінің табысы жап-жақсы. Бірақ бал арасының бағуын келістірмесеңіз, шығын да болады. Қазір Роллан жылына 3 жарым тоннаға жуық бал жиып, Қызылорда қаласы мен аудан тұрғындарына өткізеді. Тұрақты тұтынушылары мен сатып алушылары бар.

Сырдария ауданында мемлекеттік қолдаудың шапағатын сезініп, өз кәсібін дөңгелентіп отырған азаматтар көп. Олар кәсіпкерлікпен айналысып, табыс тауып қана қоймай, елдегі жұмыссыздықты азайтуға да үлес қосуда. Ал аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі бұл бойынша тұрғындарға кеңінен түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, мамандар тегін кеңес пен бағыт-бағдар беріп келеді.

Иә, бал арасын зерттеп тану қиынның қиыны. Белгілісі, адам денсаулығына мың дауасы бар. Бір ғана мысал, араның қанатының суылы бізге байқалмаса да, онымен демалған адамға күш-қуат беретін қасиеті бар екен. Айтпақшы, Альберт Эйнштейн: «Егер бал арасы болмаса, адамзат 4 жылдан соң жойылады» – депті. Кім білсін?!

Ал сөз басында айтқандай, аралар тайпасында жұмысшылары санатының тағдыры қиындау келетін сыңайлы. Олардың маңдайына 52 күн өмір сүру жазылған. Қалай дейсіз бе?! 5-6 жылдық ғұмыры бар аналық араның жұмыртқасынан пайда болған әлгі біз айтып отырған күні санаулы араңыз ұяда жатып 20-21 күн дамиды. Енді 20-21 күнде ішкі жұмыстарды атқарып, өз ұяларын тазалап, бал таситын орынды дайындайды. Өзінен кейінгі жұмыртқаларды не аталық араларды тамақтандырады. Қалған 10 күнін бал тасумен өткізеді. Соңғы демі біткенше, гүл шырынын жинап, бейнет үстінде «демі үзіледі». Еркек аралардың тағдыры да осыған ұқсайды. Олар еш қызмет атқармайды. Тек келген балды жеп жата береді. Бар міндеті – аналық арамен уақытында шағылысу. Енді қызықты қараңыз. Күз түсісімен оларды (аталықтарды) ұядан қуып шығатын көрінеді. Қара суыққа ұрынып, солай қырылады.

Бұл ештеңе емес. Күзетші араның міндеті тіптен қызық. Өзге омартадағы араны өз ұясына кіргізбек былай тұрсын, аттап бастырмайды. Ал барлаушы аралар жан-жақтағы өнім көптігін қарап, бал жинайтын қор қай жерде мол кездессе сол жерге араларды шақыратын көрінеді. Кейде бұл барлаушыңыз басқа ұяшықта аралар санын да бақылап отырады. Тіпті, көрші аралар саны өздерінен аз болса, «басып алу операциясына» кіріседі. Сол себепті, әр ұяшықтың алдындағы күзетші ара өзге барлаушыларды өз ұясына кіргізбейді. Ал кірген жағдайда ол араңыз тірі шықпау керек. Алда-жалда тірі құтылса онда тұтастай екі ұяшық арасын соғыс өрті қаулауы мүмкін. Өйткені, бар мәліметті ұрлап әкетті ғой. Аралар «саясаты» адамзат саясаты секілді көріне ме, қалай, ә?!

Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<