Балдай тәтті балмұздақ

647

0

Осыны жазбас бұрын бір ескі естеліктің ойға оралғаны… Бүгінде бәрінің қолы жететін сол тәттінің дәмін аудан орталығына келіп көргенбіз. Біздің ауыл тым шалғайда. Бір кездері теңіз толқыны іргесіне ұрған жұрттың тіршілігі де қарапайым ғана еді. Мал жайлап, төрт түлік өсіреді. Аралдың өзінен балық аулайды. Несібесі сол, бәрінде күнкөріс.

Ауылда дүкен дейтін санаулы. Әрі кетсе екі-үш үй. Онда нағыз керекті тауарлар ғана болды. Ұн, шай-шекер, ара-тұра той-томалақта ғана таңдайыңа жабысар тас кәмпит. Қоңырдан түсі сәл қоюлау кір сабын да бар. Кірлеген киімге де, біз секілді шиборбайларды жуындырғанға да сол сабының жарай береді.

Тас кәмпит демекші, бала біткеннің құмары – балмұздақ біздің ауылға тым кеш келді. Оны қайдан әкелсін, ауыл біткен тас қараңғыда қалған еді ғой. Жарық жоқ, су дариядан тасылады. Мұздатқыш дегеннің ескі сарайда әкеңнің темір-терсегі салынатын сандығына айналып кеткелі қашшан?! Сол тоқырау уақыттағы шалғай ауылдардағы тіршілік осылай жалғаса берер ме еді, кім білсін?!

«Көш жүре түзеледі» дегендей, 2000-жылдардан соң ауыл біткенге ажар кіре бастағаны. Жарық тартылып, ауызсу жүріп, кейбіріне тіпті асфальт жол төселіп жатты. Бәріне бірдей болмас. Олай айтып қайтеміз? Әлі де бар ондай мәселе. Солай жалғасып келеді. Бір шаруасы жүрмей, бір шаруасының қарқыны жақсы дегендей ғой. Әйтеуір, тоқыраудан ілгеріледік.

«Мынаның балмұздағы қайда еді әлгі?» дей көрмеңіз. Міне, өзіміз де соған кеп қалдық. Бала күні таңдайда қалған дәм ауылға бозбала күнімізде келді. Өйткені сол жылдары жұрт ақырындап кәсіпке бейімделген. Баяғы екі үй емес, анау екі-үш сағат әрі жатқан Қазалы базарынан он шақты түрлі затын ала сөмкеге артып, сауда істейтін жеңгелерің пайда болған. Олар да елге не өтімді екенін білсе керек-ті. Бірі керекті киім, бірі азық-түлік әкеледі. Жаз туса, қорабын қалың киізбен қаптап орап, балмұздақты тасыған да осы жеңгелер…

«Танкаман» деп алатын серіктестік балмұздақ цехын ашыпты. Қызылорданың қай жерінен өнім шықса, қуанатынымыз бар, бірден іздеп бардық. Жергілікті тауар. Мақтаныш емес пе?!

Цехқа бармай тұрып 16 түрлі балмұздақ шығатынын фотодан көрдік. Сыртқы қағазы әдемі, тіпті қауырсын ыдысқа салған көлемділерін де байқап қалдық.

– Сауында тұрған жылқы мен сиырдан күніне жарты тонна сүт аламыз. Әу бастағы мақсатымыз сол. Қазақтың өз айраны мен қымызының дәмін бұзбай, тұтынушыға ұсыну. Ал қаймақ, сүзбе, құрт күнделікті дайындала береді. Келешекте цех ішін өзгертіп, дұрысы, аумағын үлкейтіп, 1 тонна сүт өңдеуге жұмыс істемекпіз, – деді бізді есік алдынан күтіп алған Дулат Бәйменов. Айтпақшы, Дулат осындағы барлық түлікке жауапты маман әрі ветеринар.

– Балмұздақты көрсек енді.

– Оны мына әріптесім таныстырады, – деді ол цех ішіне кіріп. Салқындау ғимарат ішінен сүт иісі аңқып қоя берді.

– Қауырсын ыдысқа құйылғанынан 12, ал вафли стакандағысы төртеу. «Auylym» сауда маркасымен, – деп бастады сөзін цехтың технолог-лаборанты Гүлнәр Серік. – Жалпы жүз пайыз экологиялық таза өнім десек, артық айтпаспыз. Қаймақ пен құрт, кілегей мен сүзбе. Айран мен қымызды қосыңыз бұған. Олардың сапасы ұдайы зертханада қатаң қадағаланып тұрады. Айта кетейін, жазда күніне 500 келі балмұздақ шығара аламыз.

Мұндағы кәсіпорынның өндірістік процесі қазіргі заман талабына сай. Италияның озық технологиясымен жабдықталыпты. Қызметкерлер бұл жабдықтармен жұмыс істеу үшін арнайы оқытудан өткен. Өнімдер қала орталығы мен кейбір ауданға тасымалдануда.

Осылайша таңдайға балдай татитын тәттінің қалай дайындалатынын өз көзімізбен көріп қайттық.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

Суретті түсірген

Н.НҰРЖАУБАЙ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<