Көрік көзіндегі құдірет

729

0

Ілгеріде ел арасында темірден түйін түйгендер аз болмаған. Ұлт ішіндегі ұсынақты ұсталардың дені өз ата-бабасының жолын жалғап келді. Қару-жарақ, ат әбзелдері, үй шаруасына қажетті ыдыс-аяқ, отырықшы халыққа қажетті егін егу құралдарын соғып, маңдай терінің ақысын кәсібінен айырыпты. Осының ішінде ең күрделісі – зергерлік өнер. Киелі де қасиетті саналатын бұл өнер ерекше талант пен шабытты қажет етеді.

Жалпы бұрынғы шеберлер де, бүгінгі зергерлік өнерді игерген буын да әшекей жасауда көбіне-көп күмісті пайдаланып келеді. Бағалы металл саналатын күміс шеберлердің жұмыс істеуіне өте қолайлы. Жылтыр түсінен бөлек, жұмсақ әрі таза күміс түрлі бұйым жасауға технологиялық жағынан икемді.

«Сунақ ата» жеке кәсіпкерлігін құрып, қолынан келетін іспен шұғылданып жүрген жаңақорғандық жас жігітпен таныстық. Еркебұлан күмістен зергерлік бұйымдар істейді. Бұл салада 8 жылдық тәжірибесі бар оның өнімдеріне сұраныс та жетерлік.

– Негізінен бала күнімде қорғасын ерітіп, түрлі зат шығаруға, сондай-ақ пластилиннен түрлі мүсін істеуге құмар едім. Кейін Алматы қаласындағы жеке зергерлік бұйымдар шығаратын цехта жұмыс істеп, көп нәрсені өз бетімше үйренгенім бар. Адамда ынта мен ниет болса жеткілікті екен. Осылайша елге оралысымен көріп, біліп, үйренгенімді аудан көлемінде дамытқым келді. Былтыр қазан айында «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы» аясында конкурсқа қатысып, 1 млн 225 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант ұттым. Түскен ақшаға металды ерітетін, кесетін, сығатын, ою-өрнек салатын құрал-жабдықтарымды Алматыдан сатып алдым. Қазір Instagram желісі пайдалы. Сол арқылы өнімді жарнамалап отырамын. Одан бөлек, аудан тұрғындары бір-бірінен естіп, тапсырыс береді. Сатып алушылардың дені – қыз-келіншектер мен үлкен апа-әжелеріміз, – дейді Еркебұлан Медет.

Ол сапасы 999 маркалы күмісті, яғни, шикізатты да Алматы қаласынан алдырады. Одан әйелдерге арналған түрлі әшекей бұйымдар – сырға, сақина, білезік істейді. Әзірге өзін ғана жұмыспен қамтыған кәсіпкердің ендігі жоспары – шағын цех ашып, екі көмекші жігіт алып, оларға да осы өнерді үйрету.

Айта кетейік, Жаңақорғанда кәсіпкерлікке ынталы жастар легі көбейген. Мысалы, аудан бойынша 360 адам түрлі бағыттағы кәсіп ашу үшін мемлекеттік бағдарламалар арқылы қайтарымсыз қаржы алған. Осының ішінде 285 адам 1 млн 225 мың теңге көлемінде грант ұтса, 75 тұрғынға 612 мың теңгеден мемлекеттік қайтарымсыз қаражат берілді. Ал биыл Жаңақорғанда жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін әр адамға 400 айлық есептік көрсеткішпен, яғни, 1 млн 380 мың теңгеден қаржы беріледі. Бұған 149 орын жоспарланыпты.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

Жаңақорған ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<