Талпыныс және табыс

377

0

Кәсіп көзінің интернетке ойысуы түрлі саладағы жаңашылдықты қалыптастырды. Бұрынғыдай базар сөресінде өнімді саудалау азайып, ғаламтор арқылы тұтынушы табу өріс алып келеді. Қазіргідей заман дамыған шақта бұл әдіс өз жемісін беріп, сатып алушы саны еселеп артуда. Қазақстандық кәсіп иелері де жеңіл тәсілге көшіп, ғаламтордың игілігін көріп жатыр. Осындай интернет дүкеннен табыс табудың жолын қалыптастырған кәсіпкердің бірі – Гүлзира Пайызрахманова.

Ол «Pinduoduo», «Wildberries», «1688», «Taobao» және «Kaspi.kz» сауда желісінде әлемдік безнестің даму қарқынына ілесуде. Кәсіпкер мұнымен шектелмеген. Өзі жеке карго ашып, Қытайдан зат тасымалдауды қолға алған.

– Бастапқыда көптеген кәсіп түрін қолға алу туралы ой болды. Бәрінің өзіне тән қиындығы мен шығынын ескеріп, ең оңтайлы жолды таңдадым. Сөйтіп әлемдік нарыққа шыққан сауда дүкендерінде бизнесімді жүргізе бастадым. Қазір онлайн тапсырыс беріп, Қытай елінен тауар алдырып, отандық нарықта саудамен айналысамын. Ресейге де тұрмыстық заттарды саудаладым. Жалпы, бұл тұтынушы үшін де, саудагер үшін де тиімді ұсыныс деп білемін. Оның үстіне Қытаймен сауда – отбасылық бюджетті үнемдеу үшін керемет әдіс. Ал жеке каргома келсек, маған басқа тасымалдаушылардың сервисі ұнамады. Атап айтсам, жеткізу уақыты тым ұзақ әрі тарифі қымбат. Базардағы бағадан да асып түсті. Қытайдан алған затыңды былай қойғанда, одан 2-3 есе жоғары бағамен жолына төлейсің. Осыдан соң  өзіме қолайлы жағдай жасау үшін іздене бастадым. Сөйтіп, онлайн сауда арқылы түрлі тауарға тапсырыс беріп, тасымал ерекшелігі, баға көрсеткіші мен жеткізу әдісі туралы ақпараттарды зерттедім. Бәрін анықтаған соң осы шаруаны қолға алдым. Бүгінде тапсырыспен алдырған өнімнің бағасын қолжетімді ету арқылы тұтынушы санын арттыруға қол жеткізіп отырмын, – дейді ол.

Кәсіпкердің айтуынша, шетелден келген өнімнің сапасы жоғары, бағасы арзан болады. Оған қоса, тапсырыс санының артуына орай, бонустар мен акциялар тұрақты жүргізіледі. Мұндай маркетингтік қадам интернет дүкеннің өріс алуына ықпал жасауда.

– Отандық интернет дүкендердің басым бөлігі өнімді сырттан әкеледі. Керекті тауардың түрі мен санын таңдап, артық шығыннан арылу бәрі үшін табысты шешім екені анық. Алайда мұндай әдіс уақытты талап етеді. Мәселен, біздің қойма Гуанчжоу қаласында орналасқан. Өзгелерге қарағанда кедендік бақылау, арақашықтықты қоса есептегенде тауарды межелеген орынға 8-14 күн аралығында жеткіземіз (уақыт Қытай қоймасынан шыққаннан бастап есептеледі). Тағы бір артықшылығымыз, тауарды толық сақтандыру қарастырылған, яғни, тұтынушыға зат жеткенше қандай да бір келеңсіздік туындаса, ақшасын толық төлеп береміз, – дейді кәсіпкер.

Гүлзира Әбдірашидқызының осы нарықта табыс тауып жүргеніне 2 жылға жуықтаған.

Оның ойынша, интернет дүкеннің ең осал тұсы – тағамдар мен жеміс- жидектерді саудалау. Себебі, жол қиындығы мен тасымалдау уақыты салдарынан тез бұзылатын және ерекше талапты қажет ететін өнімдер саудаланбайтын көрінеді. Саудаланса да, кедендік тексерісте біраз тұрып қалуы мүмкін. Сондықтан тапсырыс берушілерге сұйық заттарды алмауға кеңес береді екен. Ал құрғақ тағамдар аса бір қиындық тудырмайды дейді ол. Кәсіпкер алдағы уақытта аталған кедергінің шешім табуын қалайды. Себебі дамыған елдерде қажетті тағам түрін тапсырыспен шет елден алдыру әдісі кең қолданысқа ие. Бизнестің өркен жаюы үшін кез келген тиімді амалды қолдану маңызды екенін ескерсек, бұл мәселенің шешім табатын уақыты алыс емес секілді.

– Интернет дүкенде үнемі қырағы болу қажет. Қаржы алаяқтарынан өзге, өнімнің ерекшелігі мен санын таңдауда абай болмасаңыз, шығынға ұрынуыңыз мүмкін. Тағы бір қажетті дағды есебінде тіл меңгеруді айтар едім. Әлемдік интернет дүкендердің  90 процентке жуығы ағылшын және қытай тілінде. Сондықтан тіл меңгеруге назар аударған жөн. Ол сізге тауардың сапасын бақылауға, өнім өндіруші және жеткізушімен кері байланыс орнатып, өз талабыңызды қоюға мүмкіндік жасайды. Кейде даулы мәселеде сіздің талабыңыздың орындалуына да тікелей әсер етеді, – дейді кәсіпкер.

Үш түрлі платформаны қолданатын кәсіпкер алда аудандардан карго филиалын ашып, шетелден тауар тасымақ. Балалар киімін сататын дүкен ашып, Қытай зауыттарымен сөйлесіп жеке бренд қалыптастыру ойында бар.

Орайы келгенде айта кетейік, 29 жастағы кәсіпкер – Қызылорда қаласының тумасы.  Қорқыт ата атындағы университетте есеп және аудит мамандығын алып, кейін магистратурада мемлекеттік және жергілікті басқару мамандығын үздік бітірген. 19 жасынан бастап әртүрлі кәсіппен айналысқан ол қазір «Азамат» көлік жүргізу мектебінің директоры.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<