Алғашқы эфир

997

0

1990 жылдың соңғы күн­дерінің бірінде облыстық радио­комитетінің басшысы Жақсылық Бекхожаев ағамыз телефон шалып өзіне шақырды. Ол кезде радиомен тығыз байланыста болып, жыл бойына менің бірнеше хабарым эфирде шығып тұратын кез еді. Жәкең ешкімге жат­тығы жоқ жайсаң бір жан ғой, қолына қалам ұстап, тілге тиек, ойға сабақ болар пікірі бар азаматты таныса, эфирге сүйреп, халыққа таныстыруға асығатын.

Жәкеңнің кабинетінің есігінен сығаласам, бас редактор Есенгелді Шілдебаев екеуі қызу әңгіме үстінде отыр екен, мені байқап қалып:

– Хұсейн, кел-кел, сені күтіп отырмыз. Дәл келдің! – деп өзінің сәл қарлығуға жақын жадыраңқы үнімен мені орталарына шақырды.

Ол кісінің кіріспе жасап, ора­ғытып барып әңгіме бастайтын әдеті жоқ, төтесінен:

– Хұсейн, былай. Қызыл­ордадан радиомен қатар, облыс­тық телевидение ашыл­ғалы жа­тыр. Міне, соған біз сені бас режис­серлік қызметіне шақыр­ғалы отырмыз.

Шынын айтқанда, тап сол кезде театрда онша жағдайым болмай жүрген сәт еді, бірақ театрды басқа жұмысқа айырбастау деген ойым түгілі түсіме де кірмеген іс еді. Мен үнсіз ол кісіге қараппын да қалыппын. Жәкең не дейсің дегендей Есенгелдіге қарады. Оның құрдастығы бар, маған ежірейе қарап:

– Ей, саған не болды? Төбеңнең біреу қойып қалғандай. Жәкең саған жаңа­дан ашылатын телеви­де­ниенің бас режиссері боласың деп отыр ғой.

– Дұрыс қой, бірақ…

– Бірақ, сырақ дейтін ештемесі жоқ. Бұл жақсы ұсыныс, Хұсейн. Тек келісімің болса болды, қазір бұйрық бергізем. Мәдениет басқармасымен өзім сөйлесем, – деп Жәкең әңгімені жеделдете түсті.

– Мен енді үймен… ақыл­дасайын – дегенге аузым барды.

– Ақылдасқанда… деді де, Жәкең бірден телефон нөмерін тере бастады. Байқай­мын біздің үйдің телефоны. Әлия үйде болмаса екен деп ойлана бергенде Жәкең де менің келіншегіммен сөйлесе бастады. – Әлө, Әлия, сен бе? Сәләмат па, Әлия? Балалар қалай? Жақсылық ағаң ғой. Иә. Біз мына Хұсейнмен ақылдасып отырмыз. Бізде телевидение ашылайын деп жатыр ғой. Соған бас режиссер боласың деп шақырсақ, үймен  ақылдасайын дейді. Үй сен емес пе? Ал, ақылдасайық. Сен не дейсің?

Ал, ендеше!

Не керек, мен сол жолы Жәкеңнің кабинетінен ашыл­ғалы жатқан Қызылорда теле­студиясының бас режиссері болып шықтым.

Жәкең өмірде жұмсақ, елгезек болғанымен іске келгенде жылдам, ойға тез, шешімді шұғыл қабылдайтын батыл кісі болатын.

Көп ұзамай аппараттар келе бастады. Техниканың қыр-сырын үйрене бастадық. Менің көп жұмысым кнопка басудан тұрады екен, дер кезінде және дәлме-дәл басып үлгеру керек, сөйтіп хабарды экранға дұрыстап көрсете білу керек. Біздің бар жұмысымыз аппараттар орналасқан үлкен машинаның ішінде өтіп жатты. Кнопкалардан миымыз шаршап отырған сәттерде, біздің осы жағдайымызды сезгендей Жәкең машинаның есігін сарт еткізіп ашып келе қалады.

– Иә, қалай болып жатыр­сыңдар?

– Аза-а-ап! – деймін мен.

– Иә, иә, телевидение деген оңай шаруа емес. Үйрене беріңдер, үйрене беріңдер, пайдасын ертең көресіңдер.

Сонымен, бес айдай аппараттармен алысып, одан Алматыдан келген мамандардың бақылауымен тағы да үйреніп, кнопкалардың тілін тани бастадық.

Әсіресе май айы жақын­даған сайын дегбіріміз таусылып, жұмысымыз қыза түсті. Тынымсыз, істі бітірмей қоймайтын кісі ғой, бізді тезірек үйренсін дейтін болуы керек, Жәкеңнің біздің кабинамызға келуі де жиіледі.

1 май – мерекелік салтанатты күні тікелей эфирде алғашқы хабарымызды бастауымыз керек. Апрельдің аяғында дикторлар конкурсын өткізіп, оларды да да­йындап жатырмыз.

Сценарий күнде өзгереді. Есенгелді де сабырлы көрін­генімен, ол да іштей тебіреніп, өзінің сасқалақтаған мазасыз қалпын білдіргісі келмей, бізбен әңгімелескенде ұстамды болуға тырысады. Орыс хабарларының бас редакторы Баян Исламбаева, Алматыдан арнайы шақырумен келген Айткүл Шалғынбаева өздерінің жылдамдықтарын сез­діріп, ақыл қосып, сценарийге жа­ғымды жаңалықтар енгізіп жатыр.

Демонстрация, халықтың ше­р­уі, трибунадағы қонақтар, жекелеген интервьюлер – осылардың бәрін минут-секундымен біздер сценарий жоспарына енгізіп, техникалық қамтамасыз етуге бар күшімізді салып, үйреніп жатырмыз. Қай минут, қай секундта кімді сөйлетеміз, қай жерде ән береміз, қай жерде шеруді көрсетеміз?

Осы істердің бәріне дем беріп, өзі де араласып, шаршау­ды білмейтін Жәкең жүр. Қай кезде келіп қалатынын білмейсің, операторларға нұсқау беріп отырсаң, Жәкең тұрады сөз қосып. Басында жалт қарап таңырқап қалатынмын, келе-келе осы жерге Жәкең жетпей тұр-ау деген ой келетін болды. Күткендей ол кісі де келе қалады. Дер кезінде ұтымды ақылын айтып, біздің ойы­мызды байыта түседі.

Техниканың басында бас инженер Юрий Ефанов жүр. Білімді, техника тілін жетік меңгерген маман екен. Аттары да, бөлек-салағы, аппараттары сан ал­уан бұйымдардың бәрін тура өзі жасап шығарғандай бірнәрсе сұрасаң, мына аппарат – мынадай, ана аппарат – анадай деп тап басып айтып жатқаны. Айтып қана қоймай, сол аппаратты іске қосып, қолма-қол көрсететіні бар ғой. Телевидениенің техникалық сауатты ашылуына оның істеген еңбегінің үлесі мол екенін атап айту керек. Өзі іріктеген бүкіл командасымен Қызылорда теле­видениесінің ашылу күніне қарсы техниктер сақадай сай тұрды десем артық айтпаған болар едім.

1 май күні де жетті-ау.

Қызылордалықтар болып өзіміз демонстрацияға шыға­тын­дай шыттай киініп, тоқпақтай галстук тағып телевидениеге келе қалмаймыз ба? Алматылықтар біздердің түрімізді көріп – ал күлсін:

– Ау, ағайын жұмысты кім істейді?

– Бүгінше сіздер істе­мейсіздер ме?

– Бәлі деген! Біз демалуға келдік пе десек, бізді жұмысқа салып қойғыларың келген екен ғой! Қойыңдар, келіңдер, пультқа өздерің отырыңдар! – деп орынды босатып, өздері сыртымыздан бақылауға көш­ті.

Он

Тоғыз

Сегіз

Жеті

Алты

Бес

Төрт

Үш

Екі

Бір

Ал, кеттік!

Гагариншілеп, біз де Қызыл­орда эфирінен алғашқы хабарды осылайша бастаған болатынбыз. Галстук босатылды, костюм шешілді, өзіміз бусанып, тура шоқтың үстінде отырғандай қалт жібермей мониторлардан көз алмаймыз. Орталық алаңда үш оператор жұмыс істеп жатыр.

– Бірінші, шеруді түгел алсай!

– Екінші, жұмыс саған ауыс­ты, трибунадан кісілерді көрсет. Асықпай көрсетсейші!

– Үшінші, енді сенің кезегің, сөйлейтін кісіні крупный планмен ал. Дұрыс! Жартылай Жәкеңді де көрсет. Микрофонды жақындатсын. Жәке, бастай беріңіз. Белгі берсеңдерші.

Жәкең, Есенгелді, Баян, Айткүл бәрі де алаңда жүр. Бірінен соң бірі қонақтарға мик­рофон ұсынуда. Одан алаңдағы халықтың шеруі. Лек-легімен!

Демонстрация біткенше бізде тыным болған жоқ. Бүкіл команда бір кісідей жұмылып, алғашқы хабарды өткіздік-ау.

Осылайша Қызылорда теле­сту­диясының тұсауы кесіліп, Сыр елінде көгілдір экран өз хабарын тарата бастады.

Мен де уақытша театрымды қойып, телестудияның бір мүшесі болып жұмысымды бастаған едім. Жәкең болмаса, әрине, мен барар ма едім, бармас па едім. Қатты сыйлайтын кісім ғой, сөйтіп телестудияның нанын бір жылдай азық еткенім бар еді.

Хұсейн ӘМІР-ТЕМІР,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қызылорда облысының Құрметті азаматы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<