Аманат

195

0

Фото: автордан

Екінші дүниежүзілік соғыстың ауыр жылдарында жауға тойтарыс беріп, барша жұртқа бейбіт өмірді тарту еткен жауынгерлердің көбісі қазір арамызда жоқ. Менің әкем Жақыпов Бейсен Мықан­ұлы да қас дұшпанға қасқайып қарсы тұрған ержүрек азаматтың бірі болды.

1916 жылы бұрынғы Сырдария ау­данына қарасты «Бірқазан» ауылдық кеңесі «Жаңатұрмыс» колхозында дү­ние­ге кел­ген ол 1936 жылы Өзбекстанның На­ман­ган қаласындағы педтехникумды бі­тірді. Одан кейін туған ауылға оралып, оқытушы қызметіне кірісті. 1940 жылы Түркіменстан астанасы Ашхабад қала­сын­да әскери дайындықтан өтіп, 1941 жы­лы соғыс басталғаннан І Украина май­даны №106 дивизия құрамындағы ат­қыштар полкіне қосылды. Сол жылдың тамыз айында Украинаның Смоленск майдан шебіндегі қиян-кескі ұрыс кезінде жара­қат алды. Минаның жарықшақ оғы сал­дарынан сол жақ аяқтың ортан жілігі ор­тасынан қиылып кеткен екен.

Қансырап жатқан кезінде орман жие­гінде 5-6 әскери солдатты көреді. Сол сәтте ойына досы Мелдеш оралып, оның атын атап айқайлайды. Жауынгерлердің бірі кері бұрылып келеді. Ол өзі атын атаған Мелдеш екен. Оған төс қалта­сын­дағы партбилеті, куәлігі бар, мекен-жайы жазылған қағазды ұсынады. Досы ештеңеге қарамастан көйлегін шешіп, қан кетіп жатқан аяғын орап тастайды. Содан кейін иығына салып, орман ішімен 2-3 шақырымдай жерге арқалап әкеледі. Жаралы жауынгерлерді жинайтын сани­тарлық автомашинаға салып:

– Бейсен, сен енді елге аман ораласың. Қырғыз елінде жалғыз қалған анама сәлем айт. Амандығын біліп тұрарсың, – деп аманатын айтып қоштасып кете барады.

Әкеміз 1941 жылдың тамыз айында әскери госпитальға жеткізілді, 1942 жыл­дың тамыз айында елге оралды. 1943 жылы Бейсен ұлды болғанда әкесі Мықан «немеремнің атын өзім қоямын» деген екен. Сонда баласы әкесіне болған барлық жағдайды баяндап береді. «Мені ажалдан құтқарған досым Мелдеш болатын. Ол болмағанда елге оралмай, өлім құшатын едім. Сондықтан оның досқа деген адал­дығы мен ерлігін өмір бойы есте қалдыру үшін әрі сондай азамат болсын деп немереңіздің есімін Мелдеш деп қояйық» дейді.

Қарулас қырғыз досы Мелдешке ке­лер болсақ, әкеміз оны 30 жыл бойы іздестірумен болды. Бірақ қырғыз елінен Мелдеш, не анасы жайлы ешқандай де­ректер табылған жоқ. Кейіннен Мәскеудің әскери архивінен хабарсыз кетті деген  хат алады.

Өмір – үлкен жол. Кез келген қиын кезеңде тек тазалық пен ақ адал бейнетті алдына бағдаршам етіп ұстаған ұстаздың бірі – әкеміз Бейсен еді. 1942-1975 жыл­дар аралығында балдаққа сүйеніп, бір аяқпен ұстаздық қызметін 30 жылдан астам уақыт жалғастырды. Жас ұрпаққа ізгілікке толы тағылым көрсетті. Тәрбиесі мол азамат еді. Өмір жолы ұрпаққа өнеге, үлгі ретінде сақталып  қалды.

Отан мен халық алдындағы еңбегі елеусіз қалған жоқ. Бірінші дәрежелі «Отан соғысы» ордені, «Ерен еңбегі үшін» және «Еңбек ардагері», КСРО Қарулы күш­терінің мерекелік медальдарымен мара­патталған.

Ата-анамызға балаларының өсіп-өн­генін, немере қызығын көруді нәсіп етті. 1984 жылы 70 жасында дүниеден озды. Анамыз Биназарқызы Патыма екеуі 5 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірді. Анамыз 2003 жылы 81 жасында дүниеден өтті.

Үлкен ұлы Мелдеш әке жолын жал­ғастырып, Сырдария ауданында мұғалім болды, Комсомол, партия қызметтерін абыроймен атқарды. Өзім инженер-гид­ротехник мамандығын алып, өңірдің су шаруашылығы саласында еңбек еттім. Елеусіз, Қайрат, Кенжебек және қыздары Күләш, Күлпәш Қызылорда қа­ласындағы аграрлық институты, ауыл ша­руашылығы және медицина учили­ще­сін бітіріп, мамандығына сай қызмет ат­қарған.  

«Адам ұрпағымен мың жасайды» дейді қазақ. Ата-анамыздың жар­қын бей­нелерін ұмытпаймыз. Артын­да қалған ұр­пағы өсіп-өнген үлкен шаңы­раққа ай­налды. Біз жеңіс жауынгер­лерінің ұрпағы екенімізді мақтаныш тұтамыз.

Бегеш ЖАҚЫП,

Сырдария ауданының                      

 құрметті азаматы