Базар бардық, не білдік?

458

0

Жаңа оқу жылының басталуына да санаулы күн қалды. Биыл ата-аналарды «Балалар дәстүрлі сабақ оқуға бара ма, мектеп формасы міндетті ме?» деген сауалдар толғандырды. Бұл сұраққа облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жауап берді. Осылайша, оқушылар жаңа оқу жылында мектепке баратын болды. Ал ата-аналар әзірлікке кірісті.

Сонымен жаңа оқу жылында оқушы­ларға  мектеп формасы міндетті емес. Балаларға классикалық стильдегі киімді киюге рұқсат етілді. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағанбетов әлеу­меттік парақшасында жазды. Ол өзі ата-ана ретінде де, министр ретінде де мектеп формасын киюді қолдайтынын да атап өтті.

«Жаңа оқу жылының басталуы қарсаңында мектеп формасы өзекті болады. Пандемияға дейін мектеп формасын кию міндетті болды. Бірақ өткен жылы барлық жағдайларды ескере отырып, біз оқушыларға мектепке тек мектеп формасында ғана емес, сонымен қатар классикалық стильдегі киімде де келуге мүмкіндік беретін шешім қабылдадық. Қазір еліміздің көптеген аймағында карантиндік шектеу шаралары күшейген. Дүкендер белгілі бір уақытта, кейбір қалаларда жұмыс күндері ғана істейді. Егер ата-аналар балаларға мектеп формасын сатып алу үшін сауда орталықтары мен дүкендерге жаппай баратын болса, онда ұзын-сонар кезек болып, Covid-19 жұқтыру қаупін тудыруы мүмкін екенін білеміз», – деді министр.

Сонымен, жаңа оқу жылының басталуына санаулы күн қалды. Әдеттегідей базар нарқына талдау жасап көрдік. «Ескі базарда» жылдағыдай мектеп формасы самсап тұрған жоқ. Шамасы, саудагерлер де жағдайдың қалай боларына алаңдаса керек. Әзірге бағада айтарлықтай өсім жоқ. Қолжетімді. Тауардың көпшілігі Бішкек пен Ташкенттен келген. Мәселен, ұлдар мен қыздарға арналған ақ жейде 3000-5000 теңге аралығында. Қара түсті шалбар 4000 теңгеден басталады. Ал, ұлдарға арналған костюм-шалбардың бағасы 8 мың теңгеден басталады. Бұл арада, әрине, сапасына қарай баға да өзгере бермек. Сөмке 3500 теңгеден. Тіпті, кейбір дүкендер оқушылар үшін арнайы жеңілдіктер ұйымдастырып, бағаны қолжетімді етуде. Оқу құралдарының бағасында өзгешелік бар. Өткен жылмен салыстырғанда дәптер, қаламсап, түрлі-түсті қарындаштар құны өскен.  Мысалы, 12 беттік дәптер 20 теңгеден жоғары. Саудагердің айтуынша, бір баланың оқу құралына шамамен 30-40 мың теңге жұмсалады екен.

Карантин талаптары күшейтілгеннен кейін бе, баласын жетектеген ата-ананың да қатары сирек.

– Былтыр екінші балам бірінші сыныпқа қабылданды. Бастан-аяқ киін­діріп, мектеп формасын алған  едік. Оқу онлайн болды. Биыл  ол киім сыймай қалды.  3 балам мектеп жасында. Оларға қанша қаражат керектігін ойлай беріңіз. Жақында министрдің жазбасын оқып, қуанып қалдым. Енді үшеуіне тек ақ жейде мен қара түсті шалбар алатын болдым. Індеттің өршіп тұрған уақыты. Қоғамдық ортада бала ертіп жүруге қауіпті. Сон­дықтан үйде қалдырып, өлшемдерін өлшеп шықтым. Қазір киімдерін түген­деп болдым, енді оқу құралдарын аламын, – дейді қала тұрғыны Құндызай Доспенбетова.

Ал, сатушы Жібек Жолтаева биыл мектеп формасына сұраныс аз екенін айтты. Сондықтан тауарды жылдағыдан кем алдырған.

– Өзіңіз көріп тұрғандай, бұрынғы қарбалас жоқ. Жаңа оқу жылы жақын­дағанда, мұнда аяқ алып жүру мүмкін болмайтын. Биыл тыныш, сауданың жайы мәз емес. Кейбір ата-аналар әлі де сабақ онлайн жалғасады деп сенеді. Аспандап тұрған баға да жоқ. Біз тауарды сырттан алдырамыз. Өйткені, елімізде мектеп формасын тігетін кәсіпорындар саусақпен санарлық. Бағасы да қымбат. Өзбекстан мен Қырғызстан тауарлары қара базарда қаптап тұр, – дейді ол.

Отандық өнім дегеннен шығады жа­қында әлеуметтік желіде қаладағы белгілі «Dalatex» тігін фирмасы мектеп формасын тиімді бағада халыққа ұсынып жатқанын ата-аналар жарыса жазды. Сапасы мен бағасына көңіл толатынын айтты. Осы орайда тігін фирмасының басшысы Діл­мұха­мед Абызовпен де  тілдеу сәті түсті.

– Екі жыл болды мектеп формасын тіге бастағанымызға.  Қазір бізде ұл мен қызға арналған   жиынтық (тройка) бар. Онда қыздарға жилет, белдемше және кастюм. Ал, ұл балаларға  жилет, шалбар және костюм үлгісі тігілуде. Барлық өлшемін тауып береміз. Бағасы – 14 мың теңге. Осы кезге дейін оқу онлайн немесе офлайн екені белгісіз болғандықтан,  нақты шешім қабылдай алмадық. Сондықтан әзірге тек бір үлгіні тігіп жатырмыз. Тауардың сапасы жақсы. Матаны Түркиядан алдырамыз. Ата-аналар арнайы келіп, балаларына өлшеп алып кетіп жатыр, – дейді кәсіпкер.

Қала тұрғыны Самал Айдарбекова  – көпбалалы ана. Мектеп формасын «Dalatex» тігін фирмасынан алған. 4 баласы мек­­тепке барады. Киім мен оқу құралына 120 мың теңге қаражат жұмсаған. Бірақ ке­рек-жарағын түгендеп болмағанын айтады.

– Көпбалалы отбасы болғандықтан, бәріне бірдей жаңадан сатып алуға қалта­мыз көтермейді. Тек үлкен екі қызыма «Dalatex» өнімін алдым. Кейінгілері үлкен­дерінен ауысқанын киетін болады, – дейді ол.

Ал, әлеуметтік жағдайы төмен отбасы­нан шыққан балаларды мектеп фор­масы және оқу құралдарымен қамту үшін платформа құрылды. Онда отбасының жағдайын ескере отырып, түрлі қолдау шаралары қарастырылған. «Мектепке жол» акциясы бойынша биыл «Ата мекенім» қоғамдық қорының қолдауымен «www.atamekenim.kz» порталында көмекке мұқтаж ата-аналар өз өтінімдерін қалдыра алатын «Мектепке жол» арнайы платформасы  жұмыс істейді.  Балаға керекті мектеп формасы мен құрал-жабдығы демеушілер тарапынан үлестірілмек.

Ұстаздардың айтуынша,  мектеп формасы балаларды бір ізбен тәрбиелеуге үлес қосады, бір-біріне ықылас, көзқа­рас­ты сезінуге мүмкіндік береді, айналып келгенде, мұның бәрі  оқушылар ара­сындағы әлеуметтік  теңдікті сақтауға кө­мектеседі.

Бұл ретте министр: «ата-ана­лардың, мұғалімдердің, мектеп әкім­шіліктерінің, білім басқармасы басшыларының пікірлерін тыңдап, көбісі мектеп формасын жақтайды деген қорытындыға келдім. Бірақ мектеп формасын қолдағандар мен қарсылық білдіргендердің  пікірлерін саралап, барлық жағдайды ескере отырып, біз оқушыларға мектепте тек мектеп формасында ғана емес, сонымен қатар классикалық стильдегі киімде де келуге мүмкіндік беретін шешім қабылдадық. Бұл шешім тек қана келесі оқу жылы үшін қабылданды», – деп  түйіндеді. 

Қалай дегенде де мемлекет білім беру саласында әрбір маңызды мәселені сүзгіден өткізіп отыр. Қалыпты, дәстүрлі жүйеге бүйірден соққан соққыдай болып келетін жұқпалы індеттен сақтану, әрбір өзгеріске байыппен баға беру шын мәнінде бәріміз үшін сын болып тұр.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<