«Бітімгер болу – әлемнің елшісі болу деген сөз»

1006

0

Алматы облысында Қазақстан Қарулы Күштерінің тарихында алғаш рет кешенді бітімгершілік оқу-жаттығу жиыны өтті. Оқу-жаттығу жиынын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бақылады.

Оқу-жаттығу жиынына десантшы-шабуылдаушы әскердің, әскери-әуе күштердің, әскери полицияның, әскери медициналық мекемелердің, Бітімгершілік дайындық жүргізу орталығы мен Минадан тазарту орталығының мыңнан астам әскери қызметшілері, 100-ден астам әскери және арнайы техника жұмылдырылды.

Оқу орталығының командалық пунктінде Жоғарғы Бас қолбасшыға бітімгершілік полк жұмысы туралы баяндалды. Сондай-ақ қазақстандық бітімгершілік полкіне жүктелген міндеттерді орындаудың жалпы алго­ритмі туралы ақпарат берілді. Сонымен қатар Президентке бітімгершілік базаның үлгісі таныстырылды. Мем­лекет басшысы оқу орталығының инже­нерлік, лингвистикалық, тактикалық және медициналық сыныптарын аралап көрді.

Қасым-Жомарт Тоқаев бақылаған оқу-жаттығу жиыны барысында бітім­гершілік контингенттің гуманитарлық жүк тиелген колоннаны алып-жүру кезіндегі іс-әрекеттері пысықталды. Жиыннан кейін әскери қызметкерлердің алдында сөйлеген сөзінде Президент елімізде ғана емес, бүкіл әлемде бейбітшілік пен тыныштықты қамтамасыз етудің маңызын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан әлемдегі тыныштықты сақтау мақсатымен қақтығыс аймақтарына бітімгершілік әскерін тұрақты жіберіп отырады.

– Біздің басты басымдығымыз – ынтымақтастық пен әріптестік. Сіздер халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға үлкен үлес қостыңыздар. Бітімгер болу дегеніміз – әлемнің елшісі болу деген сөз. Сіздер бұл міндетті абыроймен атқар­дыңыздар. Осындай оқу-жаттығу жиындарының арқасында әскери шебер­ліктеріңіз шыңдала түседі. Армиямыздың әскери рухы мен даңқы одан әрі арта түсетініне сенімдімін, – деді Президент.

Сондай-ақ Тұңғыш Президент – Елбасының өзі тікелей құрған  Қарулы Күштердің бітімгершілік қызметі еліміздің бейбітшілік, халықаралық қауіп­сіздік және тұрақтылық қағидат­тарына іс жүзінде сай келетінін жеткізді.

Президент 2007 жылдан бері 35 қазақстандық әскери қызметші, оның ішінде төрт әйел азамат БҰҰ-ның Непалдағы, Кот-д’Ивуардағы, Батыс Сахара мен Ливандағы миссияларына штаб офицерлері мен әскери бақы­лаушылар ретінде қатысқанын айтты. 2018 жылы БҰҰ мандаты негізінде әрекет ететін алғашқы қазақстандық ротаның Ливанға жіберілуі – еліміздің бітімгершілік әлеуетін нығайту  үшін жасалған маңызды қадам.

Жоғарғы Бас қолбасшы бітімгершілік даярлық оқу орталығы мұндай мамандарды жоғары деңгейде дайындайтынына тоқталды. Оқу-жаттығу жиыны барысында әскери қызметкерлердің көрсеткен кәсіби біліктілігін атап өтіп, қазақстандық бітімгерлерге мінсіз жұмыстары үшін алғыс білдірді. Бейбіт өмірде, ел болып күрескен пандемия кезінде үлкен міндеттерді атқарып отырған әскердің айрықша рөліне назар аударды.

Мемлекет басшысы армияның іргетасы қатаң тәртіпке, ұлттық қауіп­сіздікті сақтауға бағытталған  дара басшылыққа негізделетінін, БҰҰ бітімгершілік контингенті аясында қызмет ету зор абырой және үлкен жауапкершілік екенін атап өтті. БҰҰ құрылған сәттен бері әлем көп­теген аймақтық және ұлтаралық қақтығыстардан арылмағанын өкініш­пен жеткізді. Барлық қақтығысты саяси-дипломатиялық жолмен шешуге үндейтін Қазақстанның дәйекті ұста­нымын, халықаралық құқықтың база­лық қағидаттарын сақтау қажеттігін айтты.

Жоғарғы Бас қолбасшы Қарулы Күштерді дамытудың перс­пекти­валарына арнайы тоқталып, әскерлерді заманауи техникамен жабдықтауға басымдық берілуі, бұл жұмысқа отандық кәсіпорындар тартылуы қажет екенін айтты. Сондай-ақ сержанттық құрамға кәсіби әскери білім беру ісін дамыту, «Жас Ұлан» мектептерінің және Кадет корпусының барлық әлеуетін пайдалану қажеттігіне тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінің соңында армияны және әскери қызметшілерді әлеуметтік қолдау мәселелері әрдайым мемлекеттің басты назарында болатынын атап өтті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<