Даңғойлық дертке айналып барады

1100

0

«…Осы бір әдет белең алып барады, тоқтау айтпаса болмайтын шығар» деді әріптес аға. «Иә» деп қасында отырғандар түгел құптай жөнелді. Мен де сол құптағандардың бірімін. «Айтпасаң сөздің атасы өледі» деген бар, не де болса айтайық. Көңілі жақын кейбір жандарды өкпелетіп алармыз, бәлкім. Әйтсе де жалпақшешейлікке салынып, жауырды жаба тоқи бергеніміз жарамас.

Қайғыны бөліссең азаяды, әйтсе де…

«Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» демекші, әңгіменің төркіні –  әлеуметтік желі. Әлемді қойшы, өз қазағымыз да әдептен озып, санаға сыймайтын небір әрекеттерге бой алдырып жатыр.

Өмір болғасын, қуаныш пен қайғы қатар жүретіні белгілі. Алайда осы күні әлеуметтік желі бетінде «Әкем дүниеден өтті», «Анамнан айырылып қалдым» деп дәл сол күні жазатындарды түсінбей-ақ қойдым. Жасыратыны жоқ, «сонда қатарда көрісіп отырып, телефонға қарауға мұршасы бола ма?» деген ой келеді. Жақынынан айырылған адам телефонының қайда қалғанын білмейтін жағдайда болмай ма?

Дүниеден қайтқан жақын адамының қырқына дейін болмаса да, жетісіне дейін шыдауға болады ғой. Тіпті ондай жағдайды өзі айтқаны да ерсілеу сияқты, басқа адам хабардар етіп, жұрт оған көңіл айтса дұрыс. Бұлай кете берсе, бір күні жаназадан тікелей эфир жүргізу белең алатын шығар.  Басқада шаруамыз жоқ, бұл әдет қазаққа жат.

Тағы бір белең алған әдет – қайтыс болған адамның қазанамасын желі бетінде жалаулатып, жаппай бөлісу. Індет тараған кезде желіні парақтаудан жүрегіміз шайлығып қалды. Оның қаншалықты қажеті бар? Құрметіңді көзінің тірісінде көрсет, ал ана дүниеге аттанып кеткеннен кейін ол адамның жаны тыныштық табуы керек. Артынан тек жақсы сөз айтылуы тиіс. Қазанаманы қанша адам бөліссе, сол адам жайлы айтылған жақсы да, жайсыз да сөздер үшін жауапты болатынын естен шығармаған жөн.

Перзентхана ма, тойхана ма?

Осыған дейін де басылым бетінде «ойтүрткі» айдарымен «Ана мен бала» орталығының айналасындағы сәбиді салтанатты түрде шығарып алу рәсімі (кортедж, отшашу) жайлы жазғанбыз. Бірақ сол жазбамыз ешкімнің ойын оята қоймаған сияқты. Иә, «шашылған біреудің ақшасы, басқаның шаруасы қанша?» деп шап ете қалатындар да болуы мүмкін. Мәселе онда емес.

Перзентхана аумағында тыныштық сақтау – ең бірінші талап. Өйткені ол жерде жаны қысылып, өлім мен өмір арасында жатқан аналар, жарық дүниеге жаңа келген сәбилер, ерекше күтімге алынған шараналар бар. Оқыстан қайғы жамылып қалғандар да болуы мүмкін. Одан бөлек, отшашулатып шығарып алуға жағдайы келмейтін отбасылар да бар. Әрине, қуанышын атап өтуіне ешкім қарсы емес, тек көзін  әлі ашпаған періштелердің тыныштығын бұзбай, әркім өз отбасында тойлағаны жөн болар. Бұрын бөгде адамды перзентхананың маңайына жуытпайтын. Ал қазір бұл тәртіптің ескерілмейтінін байқаймыз.

Перзентхана демекші, жас келіншектер толғатып тұрған сәтін, жаны қиналып жатқанын  видеоға түсіріп, желіге жүктеуді модаға айналдырыпты. Біздің қоғам қанша уақыттан бері үрдіске айналған серіктеспен босанудың өзін толық қабылдамап еді. Сөйтсек, ол айналайын екен. Негізінде дүниеге сәби әкелу сәті әрбір әйел затының ішкі сыры, құпиясы болып қалуы керек. Айдай әлемге паш ететін кезің бұл емес! Басқасы былай тұрсын, ата-ана мен ата-енеден ұят қой…

Қазір сәбидің жынысын анықтайтын «Гендер пати» деген тойлау үрдісі бар. Бұл да – әлеуметтік желінің «жемісі». Бірақ осы рәсім кезіндегі шар жарылғанын көргенде, бойыңды жайсыздық билейді. Жүкті әйелге шатасып қалған жіпті кесе салмай шиеленіскен тұсын шештіріп, тоқыма тоқымауын, киімін қысқартпауын, тіпті арықтан аттамауын қадағалап отыратын еді үлкендер. Бүгінде шарды жарып, оның ішіндегі «құпияны», яғни баланың жынысын біліп, думандатады. Шар неге ұқсайды өзі, ойланып көрдіңіз бе?  

Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен…

Біреулер әлеуметтік желіні тек ақпарат алмасу үшін пайдаланса, бәзбіреулер бүкіл болашағын, тағдырын соған таңып қойған. Ертелі-кеш алақандай телефонға телміріп, алтын уақытын зая кетіретіндер де аз емес. Ақылы тренингтерге жазылып, «арманға жетсем» деп аласұрады. «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» дейтін сөз бар. Расында, «тазы боп шалғандар» ұтып тұр. Ал, осының салдарынан талқыға түсіп жатқан тағдырлар жайы ешкімді ойландырмайды. Әркімнің ақыл-кеңесін ақшаға сатып алғанша, ата-анасының ақылын тыңдағаны әлдеқайда дұрыс емес пе?!

Әлгіндей «ақылмандардың» қатары күн сайын көбейе түскен. Тіпті кейбіреудің күнделікті жүріс-тұрысы, ішкен-жегені, киген киімі әлемнің назарында.  Иә, білетіндердің айтуынша, сол үшін, яғни, қаралым көбейген сайын оған қаншама ақша түседі екен. Ал, экранның бер жағындағы ағайынға (әсіресе, әйелдер) одан не пайда? Оның есесіне, отбасына, бала-шағасына көңіл бөліп, жан жылуына бөлеп отырса, қандай жақсы?! Алтыннан қымбат уақытты уысынан шығарып алмай, қарияларына қамқор болып, баласына дұрыс тәрбие берсе, жасы ұлғайған шағында осы еңбегінің еселеп қайтатына еш күмәніміз жоқ.

Телефонға телміруден туындайтын тағы бір қиындық – дене қозғалысының болмауы, түнгі ұйқының бұзылуы. Осының салдарынан ауруға шалдығып, дауа таппай жүргендердің көп екенін дәрігерлер де айтып отыр. Шынымызды айтайықшы, әжелеріміз жасында кетпен де шауып, келі түйіп, диірмен тартып, дамыл таппайтын. Сол кісілер тек қарттық жеңген уақытында ғана сыр берді, оған дейін «ауырдым» дегенін естіген емеспіз. Соған қарағанда, денсаулықтың дұрыс болуына қимыл-қозғалыстың пайдасы зор екенін аңғару қиын емес.

Иә, желілік маркетингтер желдей есіп тұр. Айта кетейік, бұдан жолын тапқандар да бар шығар, әй, бірақ қолындағы барынан айырылып, «жүген ұстап» қалғандар да жетіп-артылады.

Біздің мақсатымыз – көңілге қонбайтын жайттарды айтып, көпке ой салу. Тәрбиемізге жат әдеттердің алдын алу. Ар жағын әркім өзі таразылай жатар…

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<