1937 жылдың 27 қыркүйегі күні талма бесінде қорабын березентпен жапқан бір машина «Аққұм» колхозына гүрілдеп келіп, колхоз төрағасы Жанұзақты мінгізіп әкеткен. Айтқандары бір ауыз сөз:
– Мірахметов, сен тұтқындалдың! – деді.
Неге? Кім бұйрық берді? Мұндай сұрақтарды ешкім де қойған жоқ. НКВД қызметкерлері де оны түсіндіріп жатпады. Машина мұнан әрі №2 ауылдан да бірнеше адамды әй-шәйсыз көліктеріне тиеп алып, Қызылорда іргесіндегі «Қошқар ата» қорымының жанындағы құм етегіне келіп тоқтады. Сұр шинель киген жендеттер тоғыз тұтқынның қолына күрек беріп, өз көрлерін қаздырды.
Өз көріңді өзің қазу қандай ауыр. Дүниеде мұнан асқан азап бар десе, оны мына тоғыз адамның жай-күйін түсінбеген біреу айтсын.
Осы шұңқыр қазылып бітпесе екен, құм сусып құлап, титықтатып таң атса екен дейді олар. Бірақ тоғыз соқталдай азамат, тоғыз күрек қимылы көр емес, көлдің орнын аршып тастауға жететін күш. Әне-міне дегенше шұңқырдың ені төрт метр, тереңдігі екі метр бола қалды. Сосын сапқа тұрғызып:
– Байғонов Қалмаш! Тышқанбаев Омар! Қауымбаев Қайыпназар! Мірахметов Жанұзақ!.. деп түгендеп алды.
Қылдан да жіңішке тағдырды табанына тірек қылып тұрған тоғыз жан сол сәтте қандай ойда болды екен.
Жанұзақ бәлкім, соңында қалып бара жатқан қос құлыны – Ғафурдин мен Раузаның рәуіш бейнесін бір елестетіп өткен шығар. Қу тірлігінде қанша жайдары адамдармен жүздесті. Ал қос көзінің соңғы рет көріп тұрғаны сұр шинелі аяғына төгілген мына төртеу. Адам боп көз біткелі мынадай сұрықсыз түсті көрген емес. Дүниенің ең соңғы түсі сұп-сұр болады екен-ау…
Жанұзақ әкенің жан тапсырар алдында ойлаған сол құлыншағы Ғафурдин ер жетіп, 1942 жылы Отан қорғауға аттанды. Он жеті жасында соғысқа алынған ауыл баласы Қырым майданына келіп кірді. Украинаның Кантимовка, Миллеровка деген деревнялары маңында Харьковты азат етуге ұмтылған совет әскерлері неміс фашистерімен жеті күн тоқтаусыз соғысты. Тарихта таңбаланған «Харьков қазаны» оқиғалары осы жерде өтті. Немістер басып алған Харьковті қайтарып алу үшін қанша күш топтастырылды. Жауға жалаң қолмен шапқан 6-кавалериялық корпус деген болды. Атқа мініп, темір танкіні қамшылаған күн туды! К.Подлас, А.Алисов секілді тамаша қолбасшылар қаза тапты.
Шығынның көп болғаны сонша, әр ротадан он-он бес солдат, тоғыз жүз мың халқы бар қалада екі жүз мыңға жетпейтін шала-жансар жұрт қалды.
Ғафурдиннің өзі де қатты жараланды. Немістің оғына аяғын алдырып, орыстың орманында досын қалдырып, туған жері Сырдария ауданының «Айдарлы» ауылына келді.
Тарихтан белгілі болғандай, Харьков үшін шайқас Н.Хрущевтің соғыс кеңесін басқарып тұрған кезіндегі сәтсіз ұйымдастырылған жұмыстарының бірі болып шықты.
Сол Хрущев кейін қаншама құрбандықпен, қиындықпен іргесін сақтап қалған Кеңестер Одағын басқарды. Харьков майданындағыдай сәтсіздіктерге жаңа жол ашты. Халық жағдайы түзелмеді. Сондықтан бір жылы Ташкентке қарай пойызбен өтіп бара жатып Қызылордаға аялдаған бас хатшыны жергілікті халық ашу-ызамен күтіп алып, вагонға аяқ киімдерін лақтырып, перронға түсірмеген.
Бұл өз алдына бір оқиға, Ғафурдин бұл кезде еңбек майданының бел ортасында жүрді. От пен оқтың ортасынан оралған Ғафекең ел жағдайын оңалтудың жалғыз жолы еңбек майданындағы күрес екенін жанымен түсінді.
Жіліншігінен снярад жұлып кеткен оң аяғын госпитальде жатып, протезбен жалғаған еді. Соғыстан келген күні ауыл үй кісілері Ғафекеңнің аяғы жоқ екенін мүлде аңдаған жоқ. Өзі шалбарының балағын түріп көрсеткенде барып жағаларын ұстады. Бұрын қазақ ауылында ағаш аяқ киген адам болмаған. Сұрқия соғыс ел іші өзін ұмытпасын дегендей біреудің аяғын, біреудің қолын, біреудің көзін алып қалса, біреудің өзін алып қалды. Ауыл аспанында жоқтау қалықтап тұрды.
Құдай-ау, көрдім тағы жазғаныңды,
Ағыздың жасымды емес,
көз қанымды.
Құраны, құдайы жоқ сұм неміске,
Құрбан ғып неге бердің боздағымды… Сол кездегі жоқтаулар осындай. Жоқтау деген аты болмаса, көркем, кестелі, өрімді. Өйткені ол қаламмен емес, жүрек қылымен жазылған.
Сол кезде жиырма бір жасқа толған жігіт Ғафурдин табаны туған топыраққа тиісімен жүдеп-жадаған ауылдың ауыр жұмысына жегілді.
Сымдай тартылған кеуделі жігіт жалындап тұрған бойындағы жастық жылуын тірлік тауқыметінен жаураған жандардың бойына тарата келді.
Жоғарғы басшылар оны алпысыншы жылдардың ішінде ферма меңгерушілігіне бекітті.
Меңгерушінің міндетіне сол кездегі 17 мың басқа жуық мал жайы мен ферманың шаруашылығы жататын. Ғафекең алдымен малшылар мен жұмысшылардың жағдайын жасады. Төбе-төбенің қалқасына тығылған үйлерді қолдап аршыған көше-көшеге сап түзетті. Қолдап арық қазылып, ағаш егілді. Күш-көлік бөліп, әр отбасының отын-су, қора-қопсысын ферма тірлігімен қатар атқарды. Осылайша бір ауылдың бет-бейнесін жасады.
Облыста алтынсұр қаракөл қой шаруашылығын ұйымдастырушылардың бірі Жанұзақов басқаратын қой фермасы мал тұқымын асылдандыру мен қаракөл өндірудің кіші фабрикасы атанды. Малшылардың еңбегі жанды, мал басы отыз мыңға жетті.
Ферма меңгерушісі Ғафекең бірде отар аралап жүріп келіншегі толғатып жатқан малшының үйіне түсіпті. Дереу әлгі әйелді күйеуімен қоса астындағы қызметтік көлігіне отырғызып, өзі атқа мініп қой бағып кетіпті. Ол кісінің осындай қарапайымдылығын ауылдастары жыр қылып айтады.
«Айдарлы» аймағында Ғафекеңнің жақсылығын көрмеген жан болса, өмірге кейін келгендер шығар.
Ферма бастығы мектеп бітірген ауыл балаларының жоғары оқуға түсуін өзі қадағалап, оларға әке орнына әке болып қол созды.
Бір жылы шопандар слетінде міндеттемелерін орындаудан облыстағы ең озық ферма меңгерушісі атанып, «Волга» автокөлігін мінді. Сол жеңіл көлікті пединституттың бір беделді оқытушысына беріпті. «Біздің топырақтан барған баланың фамилиясын сұрамай оқуға түсіріп тұрарсың» депті сонда. Шынында, сол ауылдан көп бала жоғары оқуға түсіп, абыройлы қызметтер атқарды.
Ғафурдин ауылдың рухани-мәдени өміріне ерекше көзқарас танытты. Ауыл клубына қазақтың ақын-жазушылары мен өнер адамдарын үнемі шақырып, халықты жан байлығымен сусындатты.
Партия жастар тәрбиесіне, жаңа дәстүрді қалыптастыруға, өнер, мәдениет мәселесіне көп көңіл бөлді. Ғафекең үкімет белгілейтін бағдарламаға қарап отырған жоқ. Малшылар арасына қаламгерлерді, әншілерді өз күшімен шақыратын.
1970 жылы қой қызылдан құлаған күзде дария жағасына қатар-қатар үй тіктіріп, мал сойдырып Шиеліден әнші-жыршы Әбіләш Әбуовті алдыртты. Бұл қой қашырым науқанының алды. Сондықтан Ғафекең көп кісілерді «Малды ұрықтандыру және асылдандыру» тақырыбында кеңес өткіземін деп келтірді. Өйткені «науқанның кезі ән тыңдап, жыр жырлап жүретін уақыт емес» дейтін басшылар табылатын.
Ақбоз үйлердің маңдайына «Өнер – халықтыкі», «Ән – жан азығы» деп жазылған қызыл маталар керіліпті. Машинасынан түсіп жатып, мұны көрген совхоз директоры: «Мынау семинар ма, слет па?» депті.
Міне, алтын сақадай бітімін бейнетпен мүжіп, туған жерінің бақытын іздеген Ғафурдин Жанұзақов осындай жан еді. Ол Отан қорғау ісінде көрсеткен ерліктері үшін «Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз», «Ерлігі үшін» медалімен, бейбіт күндері «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, 4 рет бүкіл-одақтық халық шаруашылығы көрмесінің алтын медалімен марапатталған.
Әке жолын жалғаған бел баласы, Қызылорда қаласының құрметті азаматы Әбдіқабыл Жанұзақов ел мүддесі үшін нар жүгін арқалап еңбек етті. Кәсіпкерлікпен айналысып, қаржысын ел мұқтаждығынан аямай жұмсады.
Әсіресе ол спортшылар мен өнер адамдарына демеушілік жасауды бірінші орынға қойды. Қаншама бұлақтың көзін ашты. Әкесі болса да солай етер еді.
Отыз жыл бойы Сырдария ауданының «Айдарлы», Амангелді, «Тартоғай» шаруашылықтарында ферма меңгерушісі болып, аудан экономикасын көтеруге қызмет еткен, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға айрықша атсалысқан Отан соғысының ардагері, еңбек майталманы Ғафурдин Жанұзақовтың есімін есте қалдыру мақсатында «Айдарлы» ауылындағы клуб үйіне ҚР Үкіметінің қаулысымен 2018 жылы Ғ.Жанұзақовтың атына беріліп, ауыл ортасынан ескерткіш мүсіні орнатылды.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,
«Сыр бойы»