Ислам діні ғылымды шектемейді

373

2

Ислам – ғылымға, білімге ұмтылуды көздейтін дін. Құранға көз жүгіртсеңіз ғылым ізденуге не болмаса оны зерттеуге  тиым салатын аят не сүре жоқ.  Керісінше, жаратушы жаратқан әлемді адамзаттың игілігі үшін зерттеуге, пайдалануға үндейді. Ислам әлеміне ғылым IX-ғасырларда Аристотельдің философиясы, Платонның жаратылыстану бағытындағы еңбектерін мұсылмандық көзқараста араб тіліне аударудан бастау алды. Антикалық философиядан мұсылман фәлсафасы жарыққа шықты. Орта ғасырларда Орта Азияда мұсылман ғалымдарынан Ибн Сина 500-ге жуық еңбек жазғандығы тарихи деректерде кездеседі. Алайда, қазіргі таңда 240 кітабы ғана сақталған. Небәрі елу жеті жыл өмір сүрсе де ғылымның бүкіл салаға үлес қосып, есімі адамзат санасынан   жоғалмады.

Әбу Насыр Әл-Фараби әлемге әйгілі Аристотельден кейінгі екінші ұстаз (Му‛аллим сәни) ретінде танылды. Табиғатқа, адамзатқа қатысты ауқымды зерделеу жұмыстарын жүргізіп, 200-ге жуық трактат жазып үлгерді. Оның ішінде музыка саласына да зор үлес қосып, музыканың теориясы мен тарихы жөніндегі зерттеулерінде Әл-Фараби көптеген ойшылдардан асып түсіп түсті.

 Ал, Әл-Хорезми 780 жылы туылып 850 жылы дүниеден өткен. Оның математика саласындағы ғылыми жұмыстары, еуропалықтарды әлі де таңқалдыруда. Адамзат тарихында бірінші рет «ноль» (0) деген санды ойлап тапқан болатын. Сондай-ақ оның ғылыми еңбектерінің ішінде, Әл-Джабр  Уәл-Муғабиле кейінгі уақытта батыс ғалымдары тарапынан «Алгебра» деп өзгертілген. Социологияда Ибн Халдун, астрономия ғылымында Бируни десек, химия саласында Ибн Хайян алдынғы орындарда болған.

Жалпы тарих сахнасында ислам мәдениетінің  батыс қоғамымен алғаш рет бетпе-бет келуі орта ғасырларда басталды. Мұсылман әлемі Еуропаға Испания арқылы сауда-саттық, экономика арқылы мәдени ықпалын арттырып отырды. Кейіннен еуропалықтар ислам ғалымдарының оқулықтарымен танысып, өз тілдеріне аударумен  айналысты. Соның ішінде Ибн Синаның медицина саласына жазған оқулықтарын, Әл-Фарабидің философияға қатысты, ислам мәдениеті, мемлекет басқару жүйесі секілді еңбектерін зерттей бастады. Батыс елдері осының арқасында бүгінде технологиясы дамыған елдердің қатарынан орын алды.

Бір өкініштісі Исламдағы ғылыми ізденістер XIV-ғасырға дейін ғана жалғасты. Араб халқы  жаратылыстану бағытына сол заманның пәтуәшылары сөзіне еріп теріс қалды. Жаратылыстану бағытындағы пәндерді оқудан ат-тонын ала қашып, тек құран мен хадиспен шектелді. Мұсылман үмбеті ақиқатты танып білуде субьективті ойлауға, иждихадқа тыйым салды. Бұның нәтижесі мұсылмандардың  ой белсенділігін, интелектуалдық ізденістер мен сыни тұрғыдан талдау жасауын шектеуге алып келді.

Бір сөзбен айтқанда ислам дінінде ғылым-білім ізденушілерге ешқашан шектеу салынбаған, қайта аса құрмет көрсетілген. Ал, бүгінде көп жағдай кері көрініс тапты. Деструктивті діни ағымды ұстанушылардың кесірінен Ислам діні ойлау механизмасын шектейтін, білім мен ғылымның дұшпаны ретінде бағалануда. Ислам атын жамылған жат ағымдардың өкілдері мұсылман әлемін осылайша артта қалдырды.

Ержас ТҰРСЫНБАЕВ,

Облыстық дін мәселелерін

зерттеу орталығының

маманы

Пікірлер:

Пікір жазыңыз