Көрісу амалының аз ғана тарихы немесе садап су бетіне шыққан күн

329

0

Наурызды кешенді мерекелеудің онкүндігі биыл да белгіленді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Наурыз мейрамын атап өту тұжырымдамасын жасап, көктем мерекесінің мазмұнын байыта түскен жөн. Бүкіл қоғамды ұйыстыратын құндылықтар неғұрлым көп болса, бірлігіміз де соғұрлым бекем болады» деген болатын.

Жұрт ішінде: «Наурыз, яғни, жаңа жыл күн мен түн теңелетін 22-нен басталмай ма?»  дейтін пікірлер бар. Ал наурыздың арғы-бергі тарихын зерттеушілер не дейді? Сонау 1988 жылдан бері біздің санамызда «нау» – жаңа, «рыз» – күн дегенді білдіретін парсы сөзі сіңген. Шындығы солай ма?

Қазақстанның батыс өңірлері, көршілес Ресейдің Астрахань, Саратов, Орынбор облысы, Өзбекстан, Иран, Түркиядағы қазақтардың арасында атам заманнан бері 14 наурызды – «Көрісу амалы» деген атаумен жылдың басы ретінде атап өтіп келе жатқаны және 22-наурызды «қызылбастың жаңа жылы» деп мойындай қоймайтыны нені мегзейді?

Мүмкін бұл сөздің мағынасы өзіміздің ғалымдар айтқандай, «ну-ырыс» емес пе екен?

Маңғыстаулықтардың наурызды осы айдың 14-нен бастап тойлауға бастама болғанын білетін біз осы өңірге белгілі азамат, өлкетанушы, ҚР Жазушылар одағының мүшесі Отыншы Көшбайұлымен хабарласып, пікір сұраған едік.

Сырбойылықтарға сәлем айтып, жаңа жыл мерекесімен құттықтаған ағамыз бізге былай деп жауап жолдады:

Мұсылмандардың хижра есебін ұстанатыны белгілі. Хижра есебі деп біздің заманымыздың 622 жылы пайғамбарымыз Мұхаммедтің Меккеден Мединаға қоныс аударған жылын айтады. Міне, содан бері қарай бұл күнтізбе мұсылман есебі болып қалыптасты. Негізінде хижра екі түрлі болады: айға қараса «хиджра қамари», ал күнге қараса «хиджра шамси» деп аталады. Ирандықтар «хиджра шамси», яғни, күнге қарайды, сондықтан олардың күнтізбесі Григориян есебіндей – 365 күн. Ислам әлемі айға қарайды, олардың жыл санауы – 355 күн, арасында он күн айырмашылық бар. Жыл басын наурыздың 22-де күн мен түннің теңелу кезеңінен бастайды. Бірақ Қазақстанның батыс аймағы, әсіресе Маңғыстауда жыл басын наурыздың 22-де емес, 14-де тойлайды. Неге? Бұл өлкенің тұрғындарының жыл басын өзге аймақтарға қарағанда бір жеті бұрын бастауының сыры неде? Мүмкін ғасырлар бойы қалыптасқан осы үрдістің бізге беймәлім жайы бар шығар. Жасы келген ақсақалдардан сұрай қалсаң, наурыздың 14-де жаңа ай туады деп жауап қайтарады. Дұрысы сол, нақты жауап секілді.

Белгілі археолог А.Астафьев «Маңғыстаулықтардың наурызды қарсы алу ерекшелігі» атты еңбегінде «Тұщықұдық» ауылының маңынан археологтар шартты түрде «Өтек» деп атаған тастан жасалған бұйымның аршылып алынғанын айтады. Сол «Өтектің» бетіндегі қатар-қатар орналасқан қиғаш тілік түріндегі қарапайым оймыш ғалымдар назарын өзіне аударады. Әр қатардағы тілікті санау және оларды математикалық есептеу таңғаларлық жаңалықтың ашылуына әкеледі. «Өтекте» аспанайлық жылдың календарлық есебі сызылған екен. Бұл табылған зат кем дегенде 5 мың жыл бұрын жасалғанына қарамастан, көне астроном өз есебін өте дәл жүргізіпті. 12 айды 29 күннен есептегенде 6 күнге жетпейтінін байқаған. Сондықтан 11 айды 29, 12-ші айды 36 тілікшемен белгілепті.

Жалпы алғанда көне маңғыстаулықтардың аспанайлық күнтізбесі 355 аспанкүндік тәуліктен тұрған.

Археолог А.Астафьев Оңтүстік Сібір түркілерінде уақыт есебі тоғызкүндіктермен жүргізілгенін айтады. Олардың күнтізбесі негізінен жылдың төрт мезгілімен сәйкес келетін төрт температуралық циклға бөлектелген. Есеп күн ұзару басталатын қысқы қысқа күннен жүргізілген. Қысқы суық тоғыз күннен тұратын тоғыз апта – бұл аяздың «тууы» мен «өлуі» (23 желтоқсаннан 14 наурызға дейін). 14 наурыздан бастап жапырақ «есейіп» көкек келетін көктем туады. «Мүмкін осы дәстүр Маңғыстауға XVIII ғасырдың бірінші жартысында адай қазақтарымен бірге көшіп келген шығар» деген өз болжамын да айтады. Шындығында да маңғыстаулықтардың жаңа жылды күн мен түннің теңелуінен емес, көктемнің келуінен бастауы әріден жалғасып келе жатқан шығар деген ой дұрыс сияқты, яғни, маңғыстаулықтар 14-наурызды күн мен түннің теңелуінің алдындағы үлкен мерекенің басы деп есептеген.

Адамзат тарихынан жаңа жылды көптеген халықтардың көктемде тойлағанын білеміз. Ежелгі Русьте Христиан дінін қабылдағанға дейін жаңа жылды 1 март күні қарсы алған. Ағылшындар болса, XVIII ғасырдың бас кезіне дейін Жаңа жылды 26 мартта тойлап келген. Біздің дәуірімізден бұрынғы VIII ғасырдың орта шенінен бастап қолданылған күнтізбеде римдіктердің жаңа жылды наурыз айынан бастағаны қазіргі күнтізбелерінде әлі күнге дейін сақталған көрінеді. Римдіктердің жылдың бірінші айын соғысқа тыйым салушы құдай Мартиустың атымен «март» деп атаған.

Кеңес өкіметінің Халком кеңесі 1918 жылдың 24 қаңтарында «Батыс Европа күнтізбесінің Кеңес өкіметіне енгізілуі туралы» декретімен қолданысқа енгізілді. Бұл кезде екі күнтізбенің айырмашылығы 13 күнге жеткен еді. Ескі күнтізбені 1918 жылдың 31 қаңтарында жауып, келесі күнді 14 ақпаннан бастап санады.

Қалай болғанда да көктемнің алғашқы нышаны өлке жерінде наурыздың 14-де белгілі болады. Олар осы күнді жыл басы деп санаған. Осы күннің алдында (14 наурыздан екі-үш күн бұрын) «Наурыздың ақша қары» жауады. Бірақ ол тез ериді. Кей уақыттарда оны «Құс қанаты» деп те атайды. Бұл – құс келер алдындағы соңғы қар. Тіпті қар жаумаған күннің өзінде салқындық байқалады.

Халық арасында бұл күні «Самарқанның көк тасы да ериді» деген сөз бар. Бұл сөз де бекерден-бекер айтыла салмаған. Ертеде Самарқанды билеген атақты хандардың қабірінің басына киесі бар деп қымбат көкшіл тас – нефридті қояды екен. Күн мен түн теңелген кезде қандай құдіреті бар екенін кім білсін, сол тас буланып, терлейтін көрінеді. Сол кезде көзінің тірісінде қатыгез болған хан өткен ісіне өкініп, райынан қайтып, бұл кейінгілерге көрсетер үлгі деп есептеген. Наурыз күні адамдардың өткен өкпе-назын ұмытып, бірін-бірі құшағына алуы да содан қалған болса керек. Бұл күні жетіқат жер астынан жылы бу көтеріледі, жетіқат көктен нұр жауады дейді. Осы күні ұяда жатқан құстар да, індегі жануар да, судағы балық та басын көтеріп, бір сәт қозғалмай тұрып, наурызға құрмет қылады деген ұғым да бар.

Сонымен қатар Ұлыстың ұлы күніне байланысты айтылатын аңыздардың бірінде наурыз күні жаңбыр жауады. Оны халық арасында «Рахмет жаңбыры» деп те атайды. Сол жаңбырдан өсімдіктердің бойына нәр жүгіріп, оған жер бетіндегі тірлік атаулының иелері қатты қуанады екен. Осы кезде терең дарияның түбінде күн кешетін «садап» деп аталатын балық та су бетіне шығып: «Ей, Жаратқан, мені де құр қалдырмай өз несібемді бере гөр» деп жауып тұрған жаңбырға аузын тосатын көрінеді. Сонда аузына тамған бір тамшыға риза болып «Шапағатыңа рахмет, мен болдым, тойдым» деп қайтадан су түбіне кетіп қозғалмай жата береді. Көп ұзамай оның ішінде әлгі аузына тамған жалғыз тамшыдан гауһар тас пайда болады екен. Осы дүр гауһар наурыз айының алғашқы жаңбырынан пайда болатын құбылыс көрінеді. Сол гауһардан жер бетіндегі тіршілік ететін өсімдік, жан-жануарларға тұқым тарайды деп те айтылатын.

Бұл күні «наурызкөже» (кей жерлерде «тілеукөже» деп те аталады) пісіріледі. Маңғыстау тұрғындары қысқы соғымда наурызға арнайы сақтап қойған етін асатын. Бұл – «осы күнге аман жеткенімізге» деген құрметтің белгісі.

* * *

Отыншы ағаның білетіні көп екен, ол кісінің наурыз жөніндегі мұнан басқа да деректерін алған едік. Оларды әзірше өз қорымызға қосып қойдық. Садап балықтың аузына тамған бір тамшының гауһарға айналғанындай білмек болғанымыздан қанағат таптық.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<