Күн шығыстан көтеріледі

835

0

Тәуелсіздіктің елең-алаңында Елбасының Жарлығымен құрылған ҰҚК Шекара қызметі қашан аяғынан қаз тұрып, қалыптасып кеткенге дейін алмағайып кезеңдерді басынан кешіргеніне тарихтың өзі куә.

Алтын азаттыққа алты Алаш баласының қолы жетіп қана қойған жоқ, Қазақ атты қабырғалы елдің шекарасын қорғау осы бостандық үшін бастарын бәйгеге тіккен батыр бабаларымыздың асыл ұрпақтарына жүктелді. Шекарамыз шегенделер алдында, 1992 жылдың 9 тамызында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев еліміздің шығысындағы «Баянқол» шекара заставасына ат басын бұрды. Бұл ер-азаматқа жүктелер жауапкершілікті арқалаған шекарашылар мен Елбасы арасындағы тұңғыш тарихи кездесу болатын. Арада тоғыз күн өткенде Қазақстан Республикасының Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев Шекара қызметін құру туралы Жарлығын жария етті.

Елбасының ҰҚК Шекара қыз­метінің қазіргі Алматы облысы бойынша департаментіне қарасты Райымбек ауданы бойынша шекара басқармасының «Баянқол» шекара бөлімшесіне жасаған сондағы сапары шекарашыларымыздың отаншылдық рухын оятты. Қуатты ел атанудың алдында тұрған Қазақ елінің тыныштығын күзету үшін «Түнде ұйықтамадым, күндіз отырмадым…» деген Тоныкөк бабамыздың ізін жалғастыруға тиіс екендерін түсінді. Ел тізгінін қиын кезеңде қолына алған қайраткер тұлға, көреген Елбасымен кездесуде осыны жүректерімен ұғынған шекарашылар содан бері өздерінің отаншылдық рухтарына сызат түсіріп көрген жоқ. Елбасымен бірге түскен тарихи суреттегі баян­қолдықтардың жүздерінен осыны көруге болады.

Өткен ғасырдың 90-шы жылдарының басы – сыртқы шекаралардың тынышсыздығы және тұрақсыздығымен сипатталды, ал уақыт тәуелсіздікке көшуді талап етіп, барлығын қайтадан басынан бастауды қажет етті. Дегенмен, айта кету керек, Шекара қызметі бұрынғы Қызыл Тулы Шығыс шекара округі негізінде шаңырақ көтерді.

Еліміз егемендік алған уақытта Қазақстан Республикасының аумағын күшпен басып алуға жол бермеу үшін мемлекеттік шекараны күзету жаңаша сипат алуға тиіс болатын.

Осы жерде «күзетілетін учас­кенің ұзындығын» еске алмау мүмкін емес. Кеңес Одағы кезінде Шығыс Шекара округінің құрамалары мен бөлімдері 1718 шақырымдық қазақ-қытай шекарасын күзетсе, уақыт өте келе шекарашылар өздеріне жүктелген аумақты 15 мың шақырымға дейін жеткізді. 1998 жылдан бастап экономикалық мүддені қорғау үшін миграциялық үдерістерге, есірткі трафигіне, экстремизм мен терроризмге қарсы тұру мақсатында Қырғызстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Ресей елдерімен арадағы және Каспий теңізіндегі мемлекеттік шекаралар күзетуге алынды.

Жаңа шекара шептері бұған дейін КСРО-ның әкімшілік-аумақтық картасында көрсетіліп қана қоймай, әрі-бері өту үшін ашық болып келді және ештеңе белгіленген жоқ. Әлемдік тәжірибеде заңды түрде белгіленген аумақ пен мемлекеттік шекара – кез келген елдің басты қажетті белгілері екенін ескере отырып, Қазақстан шекарасын делимитациялау мен демаркациялау тәуелсіз елдің аумағы мен кеңістік шегін айқындауға және бекітуге бағытталған стратегиялық іс-шаралар жүзеге асырылды.

Ойлануға уақыт болмады. «Географияны талқылау – демек болашақ соғысты талқылау» деген дана нақылды есте сақтай отырып, тез және барынша тиімді әрекет етуге тура келді.

Осы орайда, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қалыптастырған сыртқы саясат, оның шешімдері мен межелеу және демаркация процесі бойынша мемлекет басшыларымен келіссөздері бүгінде қасиетті шекарамыздың мызғымайтын беріктігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етті.

Шекара дегеніміз, бұл геометриялық құрылым ғана емес, тірі организм. Сіз егер бір күн осында болсаңыз, сөзсіз оның «тынысын», қозғалысын және жасыл күнқағарлы жауынгерлер арқылы оның халқын, заңын бейнелейтін ерекше атмосфераны сезінесіз…

Сезіне отырып, халықаралық заңнама нормаларымен қорғалған бейбіт әрі тыныш шекараны бағалай отырып – осыдан отыз жыл бұрын қалай болғаны сізді қызықтырмауы мүмкін емес. Осыдан кейін ғана қазіргі шекараның алгоритмі сол кезде яғни 1992 жылы пайда болғанына көз жеткізесіз.

Тәуелсіздіктің алғашқы белесінде жаңа шекаралық құрылымдардың нормативтік-құқықтық базасын құру кезек күттірмес міндеттердің бірі саналды. Сондықтан 1992 жылдың 13 қаңтарында Қазақстан Рес­публикасы Жоғары Кеңесінің 9-шы сессиясында бұл мәселе түпкілікті шешімін тапты. Республикамыздың ұлттық және аумақтық тұтастығын қорғайтын «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы» және «Қазақстан Республикасының Шекара әскерлері туралы» заңдар қабылданды.

***

Жасыратыны жоқ, Шекара қызметін құру кезінде білікті кадрларға қатысты өткір мәселе күн тәртібінде тұрды. Одақ ыдырағаннан кейін біраз шекарашы офицерлер өздерінің тарихи атамекендеріне бет бұрды. Дегенмен Шекара әскерлерінің қолбасшылығы сол жылдары мамандардың зәрулігін оңтайлы шеше білді. ҰҚК Әскери институтының жас лейтенанттары оқуларын мерзімінен бұрын аяқтап, шекараға аттанып жатты. Сондай-ақ тәжірибелі прапорщиктер мен келісімшарт негізіндегі әскери қызметшілерді даярлау үшін қысқамерзімді курстар ашылып, азаматтық жоғары оқу орындарының әскери кафедраларын бітірген запастағы офицерлер Шекара қыз­метінің сапына көптеп тартылды. Бұған қоса, Кеңес Одағының басқа нүктелерінде жүрген қазақстандық шекарашылар да кері қайтарылды.

Шекара ведомствосының қалыптасу кезеңінде жауынгерлік-­даярлық қызметін ұйымдастыру әдістері толайым өзгеріске ұшырады, бұрынғы таптаурын бұзылды. Бұл шекарашылармен жұмыс жасауда соны қадамдарға баруды, оны мүлдем жаңаша құруды талап етті.

ҰҚК Шекара қызметіне инженерлер, байланысшылар, ұшқыштар, теңізшілер қажет болды. Бұл мамандардың барлығы біздің елімізде даярланбады, сондықтан ТМД-ға мүше мемлекеттердің әскери білім беру салаларымен тығыз ынтымақтастық орнатылды. Соның арқасында қазақстандық мамандар Ресейдің әскери оқу орындарына жолдама алып, бірнеше жылдан соң Шекара қызметіне әртүрлі бағыттағы жоғары білікті офицер болып оралды. 

Еліміздің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесінде өзіне жүктелген міндетті атқара отырып, Шекара қызметі ТМД елдерінің, Еур­АзЭҚ, ШЫҰ, ҰҚШҰ секілді ұжымдық қауіпсіздік ұйымдарының жұмысына да белсене атсалысып келеді. Бұл орайда, Шекара қызметі алыс және жақын мемлекеттердің шекаралық ведомстволарымен тығыз қарым-қатынас орнатып, тиісті іс-қимыл тетіктерін жүзеге асырып отыр. Атап айтар болсақ, шекараны күзету бойынша Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей және Түрікменстанмен, сондай-ақ Қытай Халық Республикасының Қорғаныс минис­трлігімен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

Бұған қоса, «Қазақстан Респуб­ликасының Мемлекеттік шекарасы туралы» заң азаматтардың ел шебін бірлесіп күзетуге қатысуын заңнамалық тұрғыдан бекітті. Сөйтіп, енді «Шекараны бүкіл ел қорғайды» ұраны тағы да өзекті болып танылды. 

***

1992 жылдың 18 тамызында Президент Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен құрылған Қазақстан Рес­публикасының ҰҚК Шекара қызметі Жауынгерлік Даңқ жолдарынан өтті. Сөйтіп, Тәуелсіздіктің 30 жылдық тарихи хроникасына айшықты оқиғалар мен ауқымды істерді енгізді.

Бұл орайда, қазақстандық шекарашылардың тәжік-ауған шекарасындағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау миссиясын еске алсақ та жеткілікті. Бас-аяғы сегіз жылдың ішінде дербес бөлімшелердің құрамында болған жасыл күнқағарлы шекарашылар жат елдің шекарасында өздеріне сеніп тапсырылған учаскенің тыныштығын күзету үшін өз өмірлерін қатерге тікті. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында шекарашылар ел шебінің сенімді қорғалуын қамтамасыз етті. Осылай ету арқылы мемлекеттің қорғаныс қабілеті мен қауіпсіздігін нығайтты.

Қазақстанның барлық ендігі бойынша мемлекеттік шекараны күзету туралы шешім қабылданған сәттен бастап, Шекара қызметінде ондаған шекара отряды жасақталып, шекаралық комендатура, застава және өткізу пункттері кіретін жүздеген бөлімше ашылды.  

Шекаралық авиация инфра­құрылымдары құрылды. Әскери әуе көлігі, автокөлік, инженерлік-жол парктері айтарлықтай жаңартылды. 

 Мемлекеттік шекараны күзету оның ішінде Каспий теңізінің биоресурстарын қорғау қызметін жетілдіру мақсатында Шекара ведомствосы құрылымдық бөлімше – теңіз дивизиондары, техникалық бақылау постары бар Жағалау күзеті өңірлік басқармасын құрды. Заманауи үлгідегі үлкенді-кішілі әскери жүзу құралдары шекаралық кемелермен, катерлермен қамтамасыз етілді. Теңіз акваториясын күзетуге тікұшақтар жиі қолданылды. Қазіргі уақытта Каспий теңізінде радиолокациялық стансаларды қолдану арқылы мемлекеттік шекараны бұзушылар ұсталып, заңсыз ауланған сирек кездесетін балықтар мен оның өнімдері, жүздеген метр ау құралдары тәркіленді.

Инженерлік инфрақұрылымдармен қамту мақсатында да көптеген жұмыс жүзеге асырылып келеді. Шекара жолдары, бақылау мұнаралары, ұшып-қону алаңқайлары, шекара катерлері үшін айлақтар, қалқымалы көпірлер салынды. Жалпы, шекара күзеті деген ұғым кешенді шаралармен ерекшеленеді, асқан жауапкершілік пен шынайы патриоттықты қажет етеді.

ҰҚК Шекара қызметі 30 жыл ішінде Тәуелсіз еліміздің қалыптасуы мен дамуына лайықты үлес қосты. Жаңғырту, реформалау бойынша жүргізілген ауқымды шаралар Шекара ведомствосының келесі онжылдықта да уақыттың сын тезіне ұтқыр және тиімді жауап беруіне, Қазақстанның ұлттық мүддесін қорғауына мүмкіндік береді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<