Өмірге күліп қарасаң…

1319

0

Жақында әлеуметтік желіде бір әйел адамның облыс әкімдігінің алдына барып, күзет адамдарына айқай салып, қарғап-сілеп жатқан бейнежазбасы тарады. Ол былай деді деп, қайталап айтуға – тілден күнә, құлақтан ұят.

Қарғыстың аты – қарғыс, қаһарына ұшыратпай қоймайды. Егер сіз артық кетсеңіз, анығын білмей, ашуға ерген болсаңыз, оның арты жәй «ұят болдымен» бітсе жақсы. Үнемі олай бола бермейді. «Сөз айналып иесін табар, қарғыс айналып киесін табар» деген даналыққа да бір ой жүгіртіп өтерсіз. Қарғап жатқан адамға біреудің «е, сенікі дұрыс» дей қоймайтыны шын, «қарғысың қара басыңа» деп жауап қатары анық. Сонда біз өзіміз ғана жаман болып қалмай, қасымызға тағы бір «жаманды» қосамыз.

 «Көздер ұмытпасын десең, әдемі киін, көңілдер ұмытпасын десең, көркем мінезді бол» дейді Шәкәрім бабамыз. Егер кімде-кім сөзін айқайсыз, адал ниетпен жеткізсе, жібімейтін көңіл жоқ…

Мейлі жақсы болсын, мейлі жаман болсын бір ауыз сөздің адамға тигізер әсері орасан. Ақын Шәміл Әбілтаевтың:

«Бір ауыз сөз қасіретті тыяды,

Бір ауыз сөз айықпас дерт жияды», – дейтін өлеңін әуенімен бірге талай тыңдаған шығарсыз. Осы өлеңнің мазмұны бір ауыз сөздің біраз қасиетін бойына сыйдырып тұрғандай.

Біз бүгін әлемдік дерттің дегди бастағанын көрдік. Ажал алдына тіке барып тұрған талай науқасты тұңғиықтан тартып шығарған дәрігерлерге қол шапалақтап, қошеметтеп жатырмыз. Әрқашан осылай жасауымыз керек болатын.

Егер біз дәрігерді құрметтемесек, оны антын бұзуға итермелегеніміз. Ол өзінің көңілі қалғанда «мен осы антты кім үшін бердім?» деуі бек мүмкін. Әрине, әлдеқашан Арышқа ұшып кеткен Гиппократ үшін еместігі анық. Егер біз құқық қызметкерін құрметтемесек, оны мазақ етіп жалпақ жұртқа жариялап отырсақ, онда ол «мен осы кімнің жыртысын жыртып жүрмін» демей ме? Шерхан Мұртаза айтқандай, «ашынған аң аңшының өзін алады». Адамның адамға деген құрметі азайған кезеңде пайдалы нәтиже де тесік қаптағы құмдай сусылдап сарқыла береді. Сондықтан бір-біріміздің ешқашан көңілімізді қалдырмауға, жымиып жылы сөз айтуға дағдылануға тиіспіз. 

 «Сен өмірге күліп қарасаң, өмір де саған күліп қарайды» депті  данышпандар. Егер біздің өзіміз сүріп жатқан өмірге немқұрайды, көңілтолмастықпен қарасақ, онда өмір де бізге несібесін бұйырта қоймайды. Қазекемнің әр сөйлеген сайын тіл ұшына оралып отыратын «шүкір» сөзінде бір тылсым сыр жатыр.

Корей еліне барып келген бір досым: «Он миллионнан аса тұрғыны бар Сеул көшелерінде қарсы жолыққан адамның бәрі саған күлімсіреп қарайды. Шырамытып, тани алмай тұрған баяғы бір ауылдасың сияқты. Ал, бізде біреудің бетіне қарап жымисаң – не арамсың, не ауышсың».

Досымның сөзін түгел қоштамасам да, түбірі бар екенін еріксіз мойындадым. 

Бізге әлем алдында бір-ақ мақсат тұрған дәл осы бүгінгі күні жақсы сөйлеудің, бір-бірімізге күлімсірей қараудың маңызы жоғары.

Кісінің көңілін тауып, көтермелеу қиын, ал, оны өкпелету оңай. «Адамның көңілі бір атым насыбайдан қалады» дейді қазақ. «Қалған көңіл – шыққан жан» дейді, мұнан артық көңілдің қымбат қазына екенін қалай жеткізуге болады?

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<