ОНЛАЙН ЖҰМЫС: Нені ескеру керек?

2986

0

Осыдан біраз жыл бұрын жұмысқа бармай-ақ, үйде отырып табыс табуға болады десе сенбес едік. Өмірімізге енген цифрлық технология бүгінде мүмкін еместің бәрін мүмкін етуде. Әсіресе соңғы уақытта қалыптасқан жағдай онлайн жұмыстың қаншалықты тиімді екенін көрсетті. Қолыңыздағы ұялы телефон не компьютер, ноутбук ғаламторға жалғанса жетіп жатыр.

«Қашықтан жұмыс» деп терсеңіз әртүрлі сайттардың тізіміне тап боласыз. Мәселен, «Кз.труд.com», «Қызмет.кz», «Маркет.кz» сайттары көбіне оператор, аудармашы, менеджер, тіл мамандарын, бизнес-кеңесші секілді мамандарға сұраныс жасаған. Олардың көбі жұмыс өтіліне қарай жалақысының да қандай мөлшерде төленетінін көрсеткен. «Онлайн мектепке менеджер қажет» деген жарнамаға көзіміз түсті. Айлығы 1500 АҚШ доллары. Ол үшін сізде сату өнерімен бірге адамдармен жақсы тіл табыса алу, ағылшын, орыс тілдерін білуіңіз шарт. Мұнан өзге де талаптары бар.

Сарапшылардың айтуынша, соңғы бес жылда қашықтан жұмыс істейтін қызметкерлерге сұраныс артқан. Бұл бірінші кезекте кеңсені жалға алуға, оны жабдықтауға кететін ақшаны үнемдейді. Қазіргі күні кейбір компаниялар IT мамандарын, есепшілерді, аудармашыларды, заңгерлер мен маркетинг және PR менеджерлерін, SMM мамандарын онлайн түрде жұмысқа қабылдаған. Алайда заңгерлер есте сақтау керек бірер кеңесін ұсынуда.     

Заңгер Эльмира Омарованың айтуынша, онлайн жұмысқа орналасқан жағдайда міндетті түрде еңбек шартын жасасу қажет екенін ескертеді. Айтуынша, көп адам оған мән бермейді, тіпті білмейді. Өйткені, біздің елде мұндай жұмыс түрі әлі кеңінен таралмаған.

–    Еңбек кодексінің 138-бабына сәйкес, онлайн жұмыс жасайтын қызметкерлерді бірінші кезекте байланыс құралдарымен, ғаламтор желісімен қамтамасыз ету керек. Оларды орнату да жұмыс берушінің мойнында. Ай сайынғы орташа шығын жұмыс беруші мен қызметкер арасында келісіліп, тағы да еңбек шартында көрсетілуі тиіс. Міндетті сақтандырудың барлық түрі де рәсімделуі қажет. Үй жағдайында жұмыс істесе де, әрбір адам заң бойынша орындауды талап ете білу керек, – дейді ол.

Жаңа технологиялардың дамуы жаңа онлайн жұмыс түрлерінің пайда болуына да әсер етті. Оны мүмкіндігі шектеулі жандар да  атқара алады. Тек бірнеше талаптарға лайық болсаңыз жеткілікті. Үйде жұмыс істеуге болатын бірнеше мамандық түрлеріне тоқталып өтелік.

Вебмастер – интернеттегі танымал мамандықтардың бірі. Ғаламтор арқылы веб-сайт құру және ұйымдастырумен айналысады. Қарапайым тілмен айтқанда ол – сайт жасаушы. Тапсырыстарды «Freelancer» биржасынан табуға болады. Бұл платформаға Америка, Азия, Еуропа елдерінен тапсырыс берушілер енгізеді. Бұл мамандық иесі сайт дизайнын өзгертумен, ұйымдастыру және сайтты қолдау жұмыстарын жасайды.

Пайдалы әрі сапалы жазылған материалдар қандай сайтқа болмасын қажет. Сайттарға сапалы мәтін жазу – копирайтердің қызметі. Ол – ғаламтордағы мәтіндік контент жасаушы адам. Копирайтерге копирайтинг, рерайтинг, жарнамалық копирайтинг, SEO және SMM копирайтинг салаларын білу міндетті.  Интернет фотографы – суреттерді  қашықтықтан өңдеуші. Сайттағы немесе жеке парақшадағы суреттердің сапалы болуы үшін ғаламтор фотографы сапалы өңдеу жұмыстарын жүргізеді. Кейде фотограф белгілі тауардың суреті немесе нысанды суретке түсірумен айналысады. Ғаламтор фотографы редакторлық программалар мен қосымшаларды жетік білуі тиіс.

Контент-менеджер – сайтты тақырыптық контентпен толықтырушы маман. Ол жаңалықтар, мақалалар, суреттер, тауардың сипаттамасы секілді материалдарды жариялайды. Сайттың белсенділігі – пікірлердің негізгі модераторы. Мұндай мамандар ауызша және жазбаша сауатты, кез келген сұрақтың жауабын таба алуы тиіс. SMM жүйелермен жұмыс істей алуы міндетті – Веб-дизайнер – интернет қорын жаңа дизайндық үлгімен толықтырушы маман. Ол сайттың қызықты интерфейсін жасаумен шұғылданады. Оның дизайндық үлгілері есте сақталуы тиіс. Веб-дизайнердің міндеті – дүниеге қызықты әрі қолданысқа жеңіл веб-сайттар әкелу. Оның негізгі жұмысы бастапқы бет дизайнын, сайт үлгісін, брэндбук жасаумен тікелей байланысты. Веб-дизайнер болу үшін редакторлық жүйелер мен қосымшаларды жоғары деңгейде білуі міндетті. Графикалық дизайн саласын жетік білуі қажет.

Иә, не десек те, заманның өзі тудырып отырған бұл мамандықтар сұранысқа ие. Дегенмен, бір үйдің адамындай болып ұжымда ұйымдасып тірлік жасағанға ештеңе жетпейтін секілді. Сіз жұмыстың қай түрін қолайлы көресіз, қадірлі оқырман?

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<