Көпбалалы погонды ана

2062

0

Қызылорда облысының Полиция департаментінде қызметі мен отбасы тіршілігін қатар алып жүрген көпбалалы ана қызмет етеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бүгінгі қоғамда еңбекті ерлермен қатар атқарып, ауыр жұмысқа да білекті сыбана кірісетін, сонысына қарамастан бала-шағаның да бабын тауып, отбасының ұйытқысы бола білетін азаматшалар аз емес. Заты әйел, жаны нәзік болғанымен, мойнына ауыр жүк артылған азаматшалардың бірі – Ләйлә Бектұрғанқызы. Полиция майоры өмірінің 16 жылын осы салаға арнаған. Қазіргі таңда тұрмыс пен қызметтің жауапкершілігін қатар алып жүрген ару бес бала тәрбиелеп отыр. Ол құқық қорғау саласындағы еңбек жолын кәмелетке толмағандар мен жасөспірімдердің құқығын қорғау, олардың арасындағы қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша лауазымнан бастаған.

Мен бала кезімнен құқық қорғау саласында қызмет етуді армандадым. Әсіресе, форма киген әйелдерді көргенде қызығушылығым арта түсетін. Біздің отбасымызда үш бала тәрбиеленген, мен ортаншысымын. Біздің әулетімізде менен басқа ешкім бұл саланы таңдаған жоқ. Мамандық таңдауда қателеспедім деп сеніммен айта аламын, – дейді ол.

Қазір Ләйлә Бектұрғанқызы Қызылорда облысы Полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы лауазымын атқарады.

– Мен өзімді басқа салада елестете алмаймын. Ішкі істер органдарында жүріп те, тұрмысқа шығып, отбасын құруға болады. Әйел 40 шырақты. Ендеше, оның ана болып, қос міндетті алып жүруі өзіне ғана байланысты, – деді көпбалалы ана.

Иә, Ләйлә антына адал офицер ғана емес, бір қолымен әлемді, бір қолымен бесік тербеткен әйелдің бірі. Мықтылығын ісімен дәлелдеп жүрген ол – бес баланың анасы.

Бір қарағанда погон таққан әйелдердің қызметіне кез келген отағасының түсіністік танытуы да екіталай. Алайда Ләйла Бектұрғанқызы жолы болған жан. Ол өмірлік серігін ішкі істер органдарында қызметте жүріп кездестірген. Қазір олар бірлігі мен берекесі жарасқан үлкен отбасы.

Бүгінде Қызылорда облысы Полиция департаментінде 80 әйел еңбек етеді. Олар бұл мамандықтың қиындығы мен қауіп-қатерге толы екендігіне қарамастан өз міндеттерін адал атқарып жүр.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<