Қоршаған ортаның қалпы бұзылмасын

992

0

Шиелі ауданы орталығына өндіріс орындарының жақын болуы салдарынан қоршаған ортаның ластануы туралы түрлі әңгіме ел арасында айтылатыны жасырын емес. Әсіресе, кенттің түстігіне орын тепкен «Гежуба-Шиелі» цемент зауытынан шаң мен лас ауа таралатыны жөнінде сөз бар.  Ал өндіріс басшылығы қауіпсіздік шараларының үздіксіз жүргізілетіні туралы айтумен келеді.

Жуырда аталған өндіріс орнының кеңсесінде экология­лық талаптарды  сақ­таудағы зауыт басшылығының жаңа қадамдары туралы қоғамдық тыңдау өтті. Оған Шиелі кенті, Керделі және Тұран ауылдық округтерінен ардагерлер шақырылды. Бұл жиынға БАҚ өкілдері де қатыс­ты.

 Жиынды аудан әкімінің орынбасары А.Жандарбеков ашып, қоғамдық тыңдаудың мән-жайын таныстырды. Ал цемент зауытының директоры У.Чженьхуан өндіріс орнында атқарылып жатқан жұмыстар туралы қысқаша хабарлама жасады. Директордың айтуынша, зауыт биыл 900 мың тонна өнім өндіруді жоспарлап, осы бағытта тиянақты жұмыстар жүргізіп келеді. Тоқсандық жоспар орындалып, жалпы меже биігінен көрінуге мүмкіндік жеткілікті. Зауытта 266 адам жұмыс істесе, оның 222-і – жергілікті тұрғын. Өндіріске қажетті басқа да қосалқы мекемелер жұмысшыларын қосқанда бұл шаруамен жалпы бес жүзден астам адам шұғылданады, яғни, осыншама жан цемент өндіру барысында бейнет етіп, нәпақа табады деген сөз. Сондай-ақ, зауыт жергілікті салық базасын 300 млн теңгемен толықтырса, теміржол тасымал қызметі үшін 700 млн теңге төлеген. Ал жұмысшы-қызметкерлердің орташа жалақысының көлемі – 230 мың ­теңге.    

Бүкіләлемдік пандемия кезінде карантин талаптарын сақтау мақсатында жұмысшыларды өндіріс орнының жатақханасына орналастырып, тегін тасымал ұйымдастырылған. Сондай-ақ, 3 мезгіл ыстық тамақпен қамтылады. Тағы бір айтарлығы – жұмысшылардың айлығы биыл 20 процентке өскен.

Зауыт әкімшілігі қайырымдылық шараларын да ұйым­дас­тырып тұрады. Мәселен, өндіріс орны жанындағы Тұран ауылдық округіндегі тұрмысы төмен отбасыларын көмірмен қамтып, тұрғындар өтінішіне сай ыза су тартатын қашыртқы каналын қазған. Шиелі кентіндегі аз қамтылған отбасы оқушыларына 150 дана планшет сыйлап, әлеуметтік қолдау бағытында жұмыс­тар атқарған.

Жиынның негізгі мақсаты экологиялық талаптарды орындау екенін жоғарыда айттық. Қоғамдық тыңдауда биыл зауыттың ішкі аумағынан екі жабық қойма (ангар) салу жоспары тұрғаны айтылды. Бұл орынға зауыттан шыққан қалдық-қоқыстар сақ­талып, олардың айналасына су себіліп, лас ауаның айналаға таралмауы қадағаланады. Қалдық заттар мерзімді уақытында арнайы белгіленген полигонға тасылмақ. Жабық қоймалардың тиімділігі жөнінде Алматы қаласынан арнайы келген мамандар, осы жобаның авторлары Б.Рустам­ов пен Г.Мүсекенова егжей-тег­жейлі түсіндірді.

Қоғамдық тыңдауға қатысушылар өнім өндіру барысындағы таза ауаның бұзылуы, айналаның ластануына алаңдаулы. Мәселен,  таудан тас таситын ауыр жүк көліктерінің шаң-тозаңынан жолдағы елді мекендердің зардап шегіп отырғанына қынжылыс білдірді. Сондай-ақ, жергілікті жерде өндірілетін цемент бағасының қымбаттығы да сөз етілді. Осындағы тұрғындарға цементті арзан бағада беру мүмкіндігін қарас­тыру туралы ұсыныстар ортаға салынды.

Бұл орайда цемент зауыты оңтайлы жұмыс ұйымдастыра білуі тиіс. Экологиялық ластануды бәсеңсіту мақсатында өндіріс орындары мен аудан орталығы, айналадағы жақын елді мекен аралығына Елбасы бастамашы болып қолға алынған саялы ағаштарды молынан егіп, «жасыл белдеу» орналастыру туралы ұсыныстар айтылды. Егілген ағаш көшеттерінің бой алып кетуі үшін тек ағын суға тәуелді болмай, арнайы құдықтар қазудың қажеттігі  де ортаға салынды. Қоғамдық тыңдау барысы қос тараптың түсіністігін қалыптастыру ниетінде өрбіді.

Нұрмахан ЕЛТАЙ.

Шиелі ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<