Ржев майданының жауынгері

197

0

Ұлы Отан соғысының ар­дагері Тәж­махан Қой­шы­баев Қармақшы ауда­ны­ның қазіргі Алдашбай ахун ауы­лында туып-өс­кен, бастауыш мек­тептен бі­лім алған. Жастық ша­ғы ел басына күн туған ашар­шылық жыл­дарына ту­ра келіп, еңбекке ерте ара­­ласты. Үлкен ағасы Сә­дуа­қас әскерге аттанып, әке-шешесі мен қа­рын­дас­та­­рына қамқорлық жа­сау жа­уап­­кершілігі өзіне жүк­телді.

Ұлы Отан соғысы бас­тал­ғанда Қар­мақшы аудан­дық комиссариатынан со­ғысқа ат­танды. Ағасы да әскерден ке­йін соғыс­қа қалдырылған еді.

Тәжмахан Қойшыбаев 1942-1943 жылдары Калинин майданында Ржев қаласын азат етуге қатысқан. Екінші дүниежүзілік соғыс тарихына үңілсек, бұл жерде болған қырғынды кейінгі жылдары «Ржев қанды қасабы» деп атап жүр. Жауынгерлер алдына қойған мақсатына жету үшін күші өзінен әл­деқайда басым жаумен соғысып, зор шығынға ұшыраған.

Ржев түбіндегі шайқас төрт жылға созылған соғыстың ең шешуші тұстарының бірі болды. Қаншама боздақ жер құшқан сол қан­ды қырғынның куәсі болған орыс ақыны Александр Твардовский:
«Мен Ржевтің түбінде өлдім,
Бақытты болуды сіздерге
бұйырып,
Отанға адал болуды
тапсырдым,
Өлілер кетсе де,
кеткен жоқ күйініп,
Бізде бір ұлы бақыт бар –
Отан үшін құладық,
Оны біз құтқару үшін
қиылдық» деп жырлаған.

Майдангер 1944 жылы ауыр жара­қат алып, далалық әске­ри гос­питальға түсіп, ұзақ ем­де­ле­ді де, қайтадан май­данға атта­на­ды. Көп ұзамай бір аяқ, бір қол­дан жарақат алып, әскери дә­рі­герлердің қорытындысымен елге ІІ топ мүгедегі болып орал­ған.

1945 жылдың басында ең­­бекке араласып, отбасын құр­ды. Қатардағы колхозшы­дан бастап бөлім меңге­рушілігіне дейінгі қызметтерді адал ат­қарған. Отан қорғаудағы жа­уын­герлік және елге жасаған қызметі еле­ніп, бірнеше орден, медаль алған. Атап айтқанда «Еңбек ар­да­гері», І дәрежелі «Отан соғы­сы» орденімен, Кеңес Одағының мар­шалы Г.Жуков атындағы медальмен мара­пат­талған.

Жары Бибіхадишамен бірге 4 ұл, 4 қыз тәрбиелеп өсірген.

Қойшыбайұлы Тәжмахан 1997 жылы 25 қаңтарда 77 жасында дүниеден өтті. Бүгінде не–мере, шөберелері өмірі өнегеге толы Ұлы Отан соғысының ардагерін еске алып, мақтан тұтады.

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,
«Сыр бойы
»