Саяси жаңғырудың жаңа кезеңі: Президент ауыл әкімдерінің сайлауына қатысуға шақырды

129

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін өтетін ауыл әкімдерінің тікелей сайлауына қатысты пікір білдіріп, азаматтарды сайлауға қатысуға шақырды.

«25 шілде күні Қазақстанда алғаш рет ауыл әкімдерінің тікелей сайлауы өтеді. Бұл оқиға саяси жаңғырудың жаңа кезеңін білдіреді. Сайлаушыларды белсенді дауыс беруге шақырамын. Халықтың мүддесі үшін барлық қажетті өзгерістерді жүзеге асыру керек», – деп жазды Тоқаев Twitter парақшасында.


Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли сайлау науқаны барысында азаматтарымыз жоғары белсенділік танытып, тұрғындардың мемлекет ісі мен қоғам өміріне етене араласатынын және еліміздің қазіргі дамуы мен келешегіне зор жауапкершілікпен қарайтынын көрсеткенін, мұны президент «азаматтық патриотизмнің шын мәніндегі шынайы көрінісі» деп атағанын жазды.

«Жергілікті атқарушы органдардың басшылары саналатын әкімдер мемлекеттің басты міндеттерінің бірі – отандастарымыздың тұрмыс сапасын арттыру мәселесін шешуде негізгі рөл атқаруға тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдар мен аудандық маңызы бар қалалардың тұрғындарын дауыс беруге белсенді қатысуға шақырады. Мемлекет басшысы сайланған кандидаттардың бәрі өзі ісінің маманы болатынына және халықтың үмітін ақтай алатынына сенім білдіреді», – деп жазды Уәли Facebook парақшасында.


Айта кетейік, ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізу бастамасын президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың 1 қыркүйектегі Жолдауында ұсынды.
Алғаш рет өтетін ауыл әкімдерінің сайлауына қатысуға тіркелгендердің көпшілігі – өзін-өзі ұсынған азаматтар. Олар жалпы кандидаттардың 61,8%-ін құрап отыр.

Республика бойынша сайлауға қатысу үшін барлығы 2 582 адам өз кандидатурасын ұсынды, оның 2 297-сі немесе 88,9%-і қажетті тіркеуден өтті. 878 адам (38,2%) саяси партия атынан кандидат болды.

Еліміздегі алты саяси партия ауыл әкімі болуға өз кандидаттарын ұсынды.

Тіркелгендердің жалпы санының 61,8%-і немесе 1 419 адам өзін-өзі ұсынды.

Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауыл округі әкімі болу үшін сайлауға 25 жастан асқан Қазақстан азаматы қатыса алады. Сондай-ақ мемлекеттік қызмет саласындағы заңнама талаптарына сәйкес келуі, сотталмаған және сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасау фактісі болмауға тиіс.

Бүгінгі сайлауда Қазақстан бойынша 730 әкім сайланады. Тағы 45 басшы жыл соңына дейін сайланады, олардың өкілет мерзімі аяқталуы қажет.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз