Самокат мінгендер тізгінді тежейді

483

0

Электрсамокаттардың жылдамдығын шектеу туралы заң жобасы қоғамда қызу талқыға түскені мәлім. Мұндай құжат жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі үшін қажет. Өйткені тротуармен әрлі-берлі жүйткігендер абайсызда жарақат алуы мүмкін. Осы орайда, электрсамокаттар мен мопедтерге қатысты заң күшіне енді. Бұдан былай жаңа ережені бұзғандарға айыппұл салынады.

Заң талаптары қандай?

Заң бойынша электрсамокаттар жүру жылдамдығы сағатына 25 шақырымға дейінгі көлік құралдарына жатады. Онымен велосипед жолағымен де, жолдың жиегімен де шектеусіз жүруге болады. Сонымен қатар жолдың оң жақ шетімен, оның ішінде автобус жолағымен жүруіне рұқсат етілді. Бірақ жүргізушінің жасы 18-ге толуға тиіс. Бұдан бөлек, шлем мен жарық шағылыстыратын киім киюі қажет. Оған қоса, кез келген санаттағы жол жүру құжаты керек. Жүк пен жолаушыларды электрскутермен тасымалдауға тыйым салынады.

Айтпақшы, тротуарларда жылдамдықты сағатына 6 шақырымнан асырмау қажет. Ал жол қиылыстары мен жаяу жүргіншілер өткелдерінен жаяу өту керек.

Айыппұлдың да көлемі аз емес

Электрсамокатпен жүретін адамның басында шлем, ал үстінде жарық шағылыстыратын элемент болмаса, әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Оған ескерту жасалады немесе 3 АЕК (биыл – 10 350 теңге) айыппұл салынады. Ал енді жолаушылар мен жүк тасуға қатысты шектеу бұзылса, 5 АЕК (17 250 теңге) көлемінде айыппұл төлеуге тура келеді.

Бір қызығы, тротуармен жүретін электросамокаттың жылдамдығын анықтау қиын. Тәртіп бұзушыны сырттай көзбен анықтауға болады. Полицияда жылдамдықты анықтайтын «Кибер-шериф» жылжымалы кешендері бар. Соның көмегімен нақты жылдамдықты тіркеуге мүмкіндік туып отыр. Айта кететін жайт, енді кәмелетке толмаған балалар мінген электрсамокат жол апатына ұшыраса, онда заң бойынша ата-анасы жауапқа тартылады.

Мопед пен электрсамокат жайы қалай?

Негізінен мопед пен электрсамокат мінетіндерге заң бойынша велосипедшілермен бірдей шектеу белгіленген. Тек жол жүру ережесіне сәйкес, бірнеше талапты қатаң сақтаса болғаны. Оны бұзған жағдайда айыппұл салынады. Атап айтсақ, бір қолымен рульден ұстамай жүруге, жолаушы тасымалдауға, велосипед жолағы болғанда жолмен жүруге тыйым салынып отыр. Сондай-ақ велосипед жолағы мен жол қиылысқан жерде бағдаршам болмаса, көлікке жол беру керек. Бары осы.

Тағы қандай шектеулер енгізілмек?

Ішкі істер министрлігі электрсамокаттарға қатысты жаңа шектеулер енгізуді жоспарлап отыр. Атап айтқанда, жарықсыз учаскелерде, қала сыртындағы трассаларда және кәмелетке толмағандарға электрскутерлерін пайдалануға тыйым салу ұсынылды. Ал электрсамокатқа балалар мінбеуі үшін салмақ категориясы бойынша шектеу енгізу көзделген. Мысалы, 30 келі және одан жоғары салмаққа ғана рұқсат етіледі.

Кикшерингтік компаниялар жосықсыз клиенттердің тізімін құруды да ұсынды. Оған жол қозғалысы, жолаушылар мен жүк тасымалдау ережелерін бұзатын, скутерді рұқсат етілмеген жерде қалдыратындар енгізіледі. Мұндай пайдаланушыларға барлық компания бір мезгілде қызмет көрсетпей қояды.

Тәртіп бұзғандар жауапқа тартылуда

Жалпы самокатқа қатысты мәселенің күн тәртібіне шығуына негіз бар. Ішкі істер министрлігі ұсынған деректерге сүйенсек, елімізде электрсамокат айдағандар жиі апатқа ұшырауда. Тіпті адам өлімі де тіркелген. Оның үстіне, самокаттар да, кикшеринг қызметін ұсынатындар да жылдан-жылға артып келеді.

Елімізді былай қойғанда, облыстың өзінде тәртіп бұзғандар жиілеуде. Сөзімізге тұздық болсын. Қызылордалық полицейлер шілде айынан бүгінге дейін қала аумағында скутер мініп, жолда жүру ережесін өрескел бұзған 128 жүргізушіге қатысты әкімшілік хаттама рәсімдеді. Алда бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табатын болады.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

*сурет ашық дереккөзден алынды

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<