Сыйластықтың шыңы – ат тергеу

1285

0

Елден көрген бір оқиға еді ғой бұл. Ауылдан Қазалыға «Пазик» автобуспен шоқытып келеміз. Ауданға жақындағанда балалы әйел қол көтерді. Салдыр-гүлдір етіп тоқтай қалдық. Баласымен жүгіре жеткен келіншек сәлем берді де, «Кәрмәкістің автобусы ма?» деп салды. «Иә» дестік. Айтпақшы, Кәрмәкіс – Карл Маркс, қазіргі Бекарыстан би ауылы. Содан әлгі келіншек сөйлей бастады.

– Ауылдан Нұргүл тәте ақша беріп жіберу керек еді?!

– Қандай Нұргүл?

– Сол сіздің ауылдағы.

– Ол қайсысы тағы? Кімнің қатыны? Енді ана келіншек састы. Соған қарағанда қайынаға не атасы болу керек. Дереу ұлына қарап:

– Тәкөнай, ақ көкеңнің атын айта қойшы. 3-4 жастағы бала қапелімде не айтсын… Көзі бағжаң етті де, желбіреген танауын бір тартып қойды. Демек, ақ көкесі – қайнағасы.

–  Әй, айтсай! Бала да ұмытқан болу керек. Ышқырын бір көтергені болмаса, үндемеді. Енді автобустағылар шулай бастадық.

– Әй, айта берші, атаң болсын, қайнағаң болсын…

– Сонша керілгені несі?!

– Бол енді, уақыт созбай…

Нәті мықты екен мына келіннің. Айтпады. Шофер қасарысып ол тұр.

– Кім ол?

Келіншектің мұрны терши бастады. Сонда да қайнағаның атын атамай тұр. Енді автобустың ішіндегілер жұмбақты табуға кірісті. Ананы айтты, мынаны айтты.

– Тұқымың көбейгір, Баубектің үйіндегі ме Нұргүлің?

– Иә, – деп қалды қатты қуанған келіншек.

– Байғұс-ай, қайнағаның атын айт­паймын деп, ақшадан айрыла жаздадың ау…

– Өйй, – деп бір шырт түкірді шофер да. Ақшасын беріп, әрі қарай жөнелдік. Қайын жұртын қадірлей білетін келінге риза болып, шүкір дедім іштей.

Расымен халқымызда үлкенді сыйлау, кішіні құрметтеу жолында тәрбиелік маңызға ие салт-дәстүр жетерлік. Соның бірі – ат тергеу. Ұлтымыздың ешкімге ұқсамайтыны да осыдан. Әйел-аналарымыздың келін боп түскен уақытынан бас­тап, бұл дүниеден көшкенше атасы мен енесінің, қайынаға мен қайны, қайынапа мен қайынсіңлісін өз атымен атамай, лайықты есім қоя білуі – адам сыйлай білетінінің, кішіпейілділік пен ізеттіліктің, көргенділіктің ең биік көрінісі деп айтсақ артық емес.

– Балам, атам аттастың үйіндегі келін ауырып қапты. Барып көріп келмесем болмас, – деді дәрігер болып істейтін менің шешем. Бірден түсіндім, ауылдағы Жалғастың келіншегінің айы-күні жетіп отырған. Менен бақандай бес жас кіші көрші Жалғас бала келсе де, «Жәкем, халің қалай, жоғарыла», – деп дастарқанға шақырады. Жалғас деп отырғаным әулет үлкені, шешемнің қайын атасы.

– Келін аяқ-қолын бауырына алып, бәлінсәдан шығыпты, сол үйге кеттім, – деді жеңгем босанып келген  жақын келінінің жағдайын білуге аттанарда. 

– Қай келін еді ол? – деді ағам түкке түсінбей…

– «Кәсемсот» қайнымның үйін­дегі. Мұндайда қай қайнысы екенін өзің де білесің. «К-700» тракторын айдайтын Айбек ағамды айтып отыр.

Қазір елде ат тергеу бар ма? Қаймағы бұзылмаған ауыл жұртында да заман  құндылықтары қат-қабат ауысып, уақыт алға жылжыған сайын біраз тәрбие мен  дәстүр  ұмытылып   барады.  Қайнысы мен қайынсіңлісінен бөлек, қайынаға-абысынды сыртынан дүңк еткізіп, атын атап, көзбе-көз көргенде «аға-жеңге» деуден аспайтын келін мен жас жеңгелер толып-ақ жүр. Бәріне бірдей жала жабуға болмас. Салт-сананы бойына сіңірген кей жеңгелер толық болмаса да, бұрынғының ізімен «ерке бала», «мырза жігіт», «төрем», «ақылдым», «еркежан», «мырзаға»,  т.б. теңеулер тауып, дәстүрді түгендеп жүр. Әйткенмен, көп жеңгелер «әй, қыз» бен «әй, сен бала» деген қаратпа сөзбен-ақ діңкеңді құртады. Әзілдеп немесе бұрмалап болса да ат қою кей ауылдық жерде болмаса, қалалық жеңгелерде аздау. Үлкеніне сіз деп сызылып, бастысы, атын атамаса болды, «ат тергеу» деген ата салттан алыстау жүргені көп.

Айтпақшы, алыстан мені көрсе жасы үлкен болса да, жолымды кес­пей, күтіп тұратын жеңгелерім жоқ емес. Иінағаштағы су толы шелек иығына батса да тапжылмай тұрады. Қияңқылыққа басып, жай жүрсең де, сол орнынан қозғалмайтын. Балалықпен бұнысы несі дейтін едім, кейін ойласам, елдегі дәстүрге сай, келешек шаңырақ иесі, атпалдай азамат деп арқа тұтып, алдымнан кесе өтпеуінің өзінде  мағыналы тәрбие тұнып тұр екен ғой.

Бұл құрмет еді…

Шіліңгір шілдеде болған жайт бұл. Сол күні аспан айналып жерге түскендей еді. Айтары жоқ. Шақырайып тұр. Қаланың «Запад» деп аталатын шағын аудандағы азық-түлік сататын үлкен дүкенге бұрылғанмын. Тоңазытқыштағы литрлеп сататын қара суға жеткенше асық едім. Жеттім. Осы кезде ой мен шөлді ұмыттырған бір ғажап диалог бола қалғаны.

Самбырлап сөйлеген бетінде сәл ноқаты бар қара келіншек екен. Шекесіне қыстырған күннен қорғайтын көзілдірігі жарқылдаған күйі құс сүтінен басқаның бәрі бар, керекті дүниең самсап тұрған сөрелерді алшаңдап аралап келеді. Бітімі тап күреске түсетін адамның пошымына ұқсас. Бір қолында темір себет, екінші қолында табақтай телефон. Өзі мәз. Қос танауы желбіреген күйі әлдебір кішкентаймен сөйлеседі. Аңдап қарасам, онысы уатсаптың бейнеқоңырауына ұқсайды. Назар аудармауға да болар еді, бірақ, әлгінің даусы тым жарқын естіледі.

– Ауыл қалай? Ар жақтан шамамен екі не үшінші оқитын баланың даусы шықты.

– Жақсы, мама.

– Қарның ашпады ма?

– Жоға. Әжем үйінде бәрі бар, – деді баласы да. Шамасы, бұл келіншек балаларды каникул басталғасын ауылға аттандырса керек.

– Ботам сол, жақында біз де барамыз.

– Иә, мен қазір әжемнің қасында ұйықтап жүрмін, мама.

– Әжең ұрыспай ма?!

– Жоқ та…

Дәл осы сәтте ар жақтан баланың үніне аралас кемпірдің даусы шыға қойғаны. Қызық енді басталды. Манағы жырқылдаған келіншек түрін тез жыйып алды. Шамасы, енесі шығар, бейнеқоңыраумен сөйлескен немересінің телефонына үңілген болуы керек, біздің бергі жақтағы кейіпкеріміз бірден абыржып қалды.

– Әй, бұл қайсысы еді?! Ар жақтан кемпірдің даусы анық естілді.

– Мама ғой, әже. Кішкентай ұл түсіндіріп әлек.

– Әй, шешең жардай болып, мынаның ішіне қалай сыйып кеткен?! Құдай да шебер екен-ау.

Кемпіріңнің даусы қатқыл екен. Жақтырмағаны көрініп тұр. Оқиғаны барлап мен тұрмын мында. Манағы телефонға үңілген жуан жеңгей кемпір даусынан кейін қалбалақтап, тіпті, телефонын қолынан түсіріп ала жаздады.

– Сәлем бердік, апа! Сасқанынан бейнеқоңырауға қараған күйі иіліп, сәлем салғаны. – Мен ғой, мен, Гүлхашимамын. Қалайсыздар? Кем­пір мұның сәлемін ар жақтан бай­қады ма, белгісіз, оған қараған Гүлекең жоқ, тағы да еңкейіп сәлем салып үлгерді. Телефондағы енеге. Абдырағаны анық еді. Маңдайының тершігені соның белгісі ғой.

– Ә-ә, қарғам, өркенің өссін, етегіңе берсін. Кемпірдің де даусы лезде жұмсарды.

Мұны көрген мені әуелде күлкі қысқанмен арты әжептәуір ойландырғаны. Есіме ескі естелік келген.

…Ауылда ғой. Зират басына бармас бұрын шырақшыны ертіп әуелі Базарқожа баба басына құран оқытамыз. Мен ес білгелі солай. Осында жатқан, бақиға аттанғанның барлық жақыны әуелі әулиеге аялдамай, өз әке-шешесі не бауырының басына бармайды. Екі жүз жылдан бері құламай келген әулиенің қам кірпішті қорымына тізе бүгіп, шырақшы оқыған Құран мақамына іштей мүлгіп, бет сипайсыз. Содан соң мұнда жатқан жақыныңа барып, топырақ салып, «тие берсін» айту парыз.

Айтпағым басқа еді. Атам мен апам жатқан төртқұлақ тамның басына келген үлкендердің ізінде мен де бармын. Шешем де бізбен бірге. Құран басталмай жатып көргенім, шешем қос қолын айқастырып, иілген күйі «сәлем бердік» деді. Кәдімгі тірі ата-енесін көргендей істеді. Бәзбіреулер айтып жүрген аруаққа табынушылық емес, бұл, шынтуайтқа келгенде, құрмет еді.

Сәлем ғой айтпағымыз. Ауылдағы мен өскен үй қарашаңырақ болса, Ұрымхан апа «қайнаға мен шешейдің орны ғой» деп шаңыраққа сәлем салатыны бар. Қайнаға мен шешейі «түйе қарап кетсе де» құрметі әлі түгесілмепті.

Айтпақшы, мың жерден шал-кемпірдің ерні тиген, бұла болып өскен менің өзім сәлемдесуге келгенде ұмытпайтын бір қағидам бар. Ол – атам мен әкемнің, ағаларымның кішкентайымнан үйреткені. «Ас­салау­­мағалейкүмді» айтқанда дау­сыңды анық қып, еңсеңді көтеріп амандас. Ыждағатсыз берген не алған сәлемнің қайыры аз» дейтін олар.

Сәлемді қалай берудің өзі құрметке жетелейді емес пе?!

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<