Тілегі бір туысқан

726

0

Ауылдасым екеуміздің қарсы алдымыздан жылы жүзді жас келіншек жолықты. Өзге ұлт өкілі екені байқалып тұр. Танымайтын адам болған соң мән бермедім.

Иіліп сәлем салып, жанымдағы құрдасыма:

– Жезде, сәлем бердік! Ат-көлігіңіз аман ба? Апамның жағдайы қалай? Еркебала вахтадан келді ме? – деді.

Досым  келіннің сәлеміне ізетпен жауап қайтарып, бәйек болып жатыр. Оңаша ұзап шыққан соң:

– Бұл – жақын балдызымның келіншегі Наталия Баркова деген келініміз. Өзі – мың болғыр адам! Қашан кездессең де, осылай жақын тартып, елпілдеп тұрады, – деді.

 Наталияның қазір көп қолданыла бермейтін «Ат-көлігіңіз аман ба?» деп жөн сұрасқанына ішім жылыды. «Орысша оқып едім» деп ана тіліне келгенде тұсаулы аттай кібіртіктейтін қаншама  қандастарымыз арамызда жүр.

Наталия жайлы жазуды ойлап, алдымен ол жұмыс істейтін №95 мектеп директоры Оңталап Махамбетовке қоңырау шалдым. Мектеп директоры  оның бала күтімімен демалыста екенін айтып, телефон номерін берді.

Наталияға өзімді таныстырып, кішкентайына бауы берік болсын айттым. Ол тосылған жоқ.

– Айтсын, аға! Алла тілегіңізді қабыл етіп, періштелердің құлағына шалынсын! – деп жауабын сарт еткізді. Менімен тілдескен аз уақытта «Алла қаласа!» дегенді бірнеше мәрте қайталады. Аузынан Алласы түспеген Андрейдің қызына ішім жылыды.

Наталия Андреевна  Баркова Ресей Федерациясы, Брянск облысы, Клинцы қаласында дүниеге келген. Қарапайым отбасының перзенті, сонда  балабақшаға барып, алғашқы қадамын жасады. Кейін бұлардың отбасы Қазақстанға оның ішінде Қазалы ауданы, Жалаңтөс батыр атындағы ауылға қоныс аударды. Ақпейіл ауыл адамдарынан, нағашыларынан қазақ тілін үйренді. Нағашы әжесі Айшагүл мен анасының бауырлары бұларға асқан қамқорлық танытатын. Осылайша қазақы қалып дағдысына, дағдысы өмірлік қағидасына айналды. Қазақы тәрбиені, салт-дәстүрлерді, диірмен тарту, күбі пісу, киіз басу, тоқыма тоқу, кесте тігуді  көріп, жасап, үлкендерге  қолғанат болып жүріп, өзі де көп нәрсе үйренді. Көзі қанығып, қолы қалыптасты. Өзі ғана емес соңына ерген інісі мен сіңілісі де осы тұрғыда тағылым алды.

Жалаңтөс батыр ауылындағы №103 мектепті аяқтаған соң Қожа Ахмет Яссауи атындағы қазақ-түрік университетінде дәріс алды. Рүстем есімді қазақ жігітімен отау құрып, шаңырақ көтерді. Өмірге  Нұрдәулет, Нұрислам есімді ұлдар мен Наргиза атты қыз бала келді.

Біршама жылдан бері  Қ.Нұрмаханов атындағы №95 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек етеді. Педагог-сарапшы.  Қазалы аудандық «Бірлік-Единство» этномәдени қоғамдық бірлестігінің белді  мүшесі.

Қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. Түрлі байқаулар мен сайыстарда топ жарып жүр. Өзі өнерлі, жеке дауыста ән салады.

Наталия – берекелі қазақ шаңырағының отанасы. Мамандығын мақтаныш тұтады.

– Қазір ауылда анам мен інім тұрады. Сіңілім де қазақ отбасына келін болды. Мен шаңырақтың сүт кенжесіне тұрмысқа шықтым. Шүкір, бақытты отбасымыз. Қазір бала күтіміне байланысты демалыста отырмын. Үйде отырсам да қоғамдық жұмыстардан шет қалған емеспін, – дейді Наталия Баркова.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<