Тұтынушылар шағымдарын қараудың жаңа жүйесі жұмыс істеуде

770

0

Еліміздің басты заңына сәйкес Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде айқындап, оның басты қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары болып табылатындығы айтылған. Бұл ретте тұтынушылардың құқығын қорғау ең өзекті мәселе болып табылады.

Қызылорда облысының тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті облыс аумағында тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты, тұтынушылардың құқықтарын қорғауды, бақылау-қадағалау іске асыру функцияларын жүзеге асыратын аумақтық бөлімше болып табылады. Бұл ретте департаменттің функцияларына тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы мәселелер бойынша жеке тұлғалардың өтініштерін қарау, тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесін жетілдіру мақсатында заң жобаларына ұсыныстар енгізу, тұтынушыларға ақпарат беруді, консультация жүргізуді және сауаттандыруды жүзеге асыру және тағы басқалар кіреді.

Өткен жылы Қазақстан Республикасының тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп бұзылған құқықтарды қалпына келтіру және шығындарды өтеу басымдылығы болып табылатын тұтынушылардың шағымдарын қараудың дәйекті үш сатылы жүйесі енгізілді:

I деңгей – тұтынушының сатушыға (дайындаушыға, орындаушыға) наразылық беру арқылы мәселені өз еркімен, не сотқа дейінгі реттеу арқылы шешілуін қарастырады.

II деңгей – тұтынушының сатушыға (дайындаушыға, орындаушыға) шағымын уәкілетті органға, тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында функцияларды жүзеге асырушы мемлекеттік органдарға жіберуді көздейді.

III деңгей – талап арызды сот органдарына жіберуді көздейді.

Ағымдағы жылдың 10 айында тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңына сәйкес департаменттің өз өкілеттігі шеңберінде бірқатар жұмыстар атқарылды. Аталған кезеңде тұтынушылардың құқықтарының бұзылуы туралы барлығы 323 өтініш келіп түсті, ол өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 188 өтінішке немесе 2,4 есеге артық. Өтініштерді қарау қорытындысымен департамент өз құзыреті аясында түсіндірмелер беріп, тиісті жұмыстар жүргізді. Тұтынушыларға көмек ретінде сатушылар атына наразылықтар, сотқа талап арыздар әзірленді.

Жалпы алғанда негізінен тұтынушылардың өтініштерінде жиі құқықтары бұзылатын салаларға бөлшек сауда, яғни барлық өтініштердің 227 өтініші бөлшек сауда саласына келетіндігі немесе 70,3% (атап айтсақ, оларға сапасыз тауарды жөндеуден, айырбастаудан/қайтарудан бас тарту, 14 күн ішінде тиісті сападағы тауарды айырбастаудан/қайтарудан бас тарту, тұтынушыларды алдау, сапасыз тауар ұсыну), тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық қызметтері саласы бойынша – 24 өтініш (7,4% – коммуналдық қызметтер үшін төлемді негізсіз есептеу, ПИК төрағаларының өз міндеттерін орындамауы), қоғамдық тамақтану саласы бойынша – 18 өтініштің (5,5% – сапасыз тамақ өнімдері, ақша қаражатын қайтарудан бас тарту, жарамдылық, сақтау мерзімдерін сақтамау) түскенін көрсетті.

Аталған өтініштерді заңға сәйкес қарау қорытындысымен 258-өтініш қанағаттандырылды, 46-өтініш түсіндіріліп, 18-өтініш басқа мемлекеттік органдарға жолданды. Нәтижесінде, тұтынушыларға барлығы 2,3 млн теңгенің қаражаты қайтарылуына ықпал жасалды.

Орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері және жергілікті атқарушы органдармен бірге тұтынушылардың құқықтарын бұзушылықтардың себебін анықтау және оларды шешуге ұсыныстар әзірлеу мақсатында департамент жанынан «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау сұрақтары бойынша Үйлестіру комиссиясы» құрылған. Осы кезеңге дейін аталған комиссияның 3 отырысы өткізілді.Комиссияның алғашқы отырысында жүргізілген әлеуметтік сауалнама нәтижесінде облыстың кейбір салаларында анықталған бірқатар әлеуметтік-проблемалық мәселелер талқыланды. Мәселен, аталған зерттеуде тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы саласында су, жылу, газбен жабдықтауда қызметтердің тиісті деңгейде көрсетілмеуі, қоқыс шығару бойынша сапасыз қызметтерге, пәтер иелері кооперативі ұйымның төрағасымен міндеттерінің тиісті деңгейде орындалмауына, медициналық қызметтер бойынша жедел жәрдемнің уақытылы және сапалы жұмыс істемеуі, ауруханаға жатқызудан негізсіз бас тарту, мекемелерде санитарлық нормаларының сақталмауы, медициналық мекемелердегі ұзын сонар кезектер және т.б.

Осыған орай, департамент тарапынан әлеуметтік сауалнама негізінде анықталған бірқатар әлеуметтік проблемалық мәселелерді шешу жөніндегі іс-шаралар жоспары» әзірленіп, облыс әкімдігімен бекітіліп, тиісті мемлекеттік органдар тарапынан жұмыстар жүргізілуде. Комиссияның келесі отырысы «Жолаушыларды коғамдық көлікпен тасымалдау саласы қызметінде» және «Электронды сауда – саттық саласындағы мәселелер» тақырыбында өткізілді. Атап айтқанда, жолаушыларды коғамдық көлікпен тасымалдау саласында, тұтынушыларға сапалы және қауіпсіз қызмет көрсету мәселесі көтерілді. Электронды сауда саттыққа байланысты тұтынушылар тауарларды сатып алу кезінде алдау мен алаяқтықтың жиі болатыны айтылды. Отырыс қорытындысымен жолаушыларға сапалы және қауіпсіз қызмет көрсетуді арттыру мақсатында, Қызылорда қаласы әкімдігіне – тұтынушыларға коғамдық көлікпен тасымалдау саласында қызмет көрсетуді жетілдіру жөнінде, атап айтқанда: (қаланың маршруттарында қызмет көрсететін автобустарда санитарлық талаптардың сақталуына бақылау орнатуды, тұтынушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында маршруттарда автобустардың бір-бірімен жарыса жүруіне жол бермеуге шаралар қабылдауды, маршруттарда автобустардың интервал қозғалысын тұрақты түрде қатаң бақылауға алуды және аталған мәселені шешу үшін GPS электронды бақылау жүйесін енгізуді, қаладағы аялдамаларды, жолаушыларға арналған арнайы ақпарат тақталармен жабдықтау туралы) ұсыныс хат жолданды.

Департамент тарапынан экономиканың барлық салаларында тұтынушылар мен бизнес субъектілерін құқықтары мен міндеттері туралы ақпараттандыру мақсатында дөңгелек үстелдер, ашық есік күндері, дәрістер, семинарлар тұрақты негізде өткізіліп отырылды. Бұдан басқа, департаменттің фейсбук және инстограмм әлеуметтік желісінде тұтынушылардың құқықтарына арналған мақалалар, бейнеороликтер орналастырылып көрсетілді.

Сонымен қатар, тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында проблемалық мәселелер де бар. Мәселен, тауарларға сараптама жүргізетін аккредитациядан, аттестациядан өткен зертханалар жоқ. Тұтынушылардың тауарларды электрондық сауда арқылы сатып алу кезінде сапалы немесе сапасыз тауарларды ауыстыру немесе кері қайтару мәселесі өткір күйінде қалып тұр.

Бүгінгі таңда қоғамдық бірлестіктердің тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында жұмысының жандануына олардың материалдық техникалық базасының төменгі деңгейде болуы және қаржы жоқтығы қолбайлау болып отыр.

Осыған байланысты, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар негізінде тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселесі бойынша тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктерін жергілікті бюджет қаражаты есебінен қаржыландыру мәселесі облыстық мәслихат назарына ұсынылды.

Алдағы уақытта аталған жұмыстар өз жалғасын табады. Оған қоса Қазақстан Республикасының тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнамасына 2-ші пакет өзгерістер мен толықтырулар енгізуге жұмыстар жүргізіліп, соған сәйкес оның концепциясының жобасы әзірленді. Аталған концепция жобасына тұтынушылардың құқықтарын қорғауда бірыңғай қауымдастық (одақ) құру, тұтынушылардың құқығын қорғау жөніндегі Омбудсмен институтын енгізу мәселесі енгізілген.

Қорыта келе департамент алдағы уақытта өз құзыреті аясында әрбір облыс тұтынушыларының көтерген мәселелерін заң шеңбері аясында оң шешілуі бағытында жұмыстарын жүргізе бермек.

Ерқасым СҮЛЕЙМЕНОВ,

ҚР Сауда және интеграция министрлігі Тұ­тынушылардың құқықтарын қорғау комитеті облыстық тұты­нушылардың құқықтарын  қорғау департаментінің басшысы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<