Ұлттық болмыс ұрпақ тәрбиесінен басталады

1491

0

Ұлттық код – ұлттың қуаты. Жалпақ тілмен түсіндірер болсақ тілі, ділі, өнері мен салт-дәстүрі, мәдениеті. Әр ұлттың өзіне тән ерекшелігі, даралап тұрар болмысы болады. Сол арқылы оның қандай екенін ел таниды, қызығушылық білдіреді. Жаһандану дәуірінде баға жетпес осындай құндылықтарымызды қалай сақтап қала аламыз? Атадан балаға мирас болып келе жатқан сан ғасырлық тарихы бар мәдениетіміз бен әдет-ғұрпымыздың ғұмыры ұзақ болуы үшін не істеу керек? Тақырыпқа  бойлап, саралап көрейікші.

Жер бетінде қаншама ұлт болса, әрқайсысының ұлттық коды өзінше бір тарих. Соның ішінде тазалығы мен ешкімге ұқсамайтын даралығы басым өз ұлтымыздың құндылығы дер едім. Себебі болмыс-бітімі бөлек, тілі шұрайлы, мәдениеті мәйекті ұлтпыз. Жеті атаға, дейін қыз алыспайтын дәстүрі бар, тектілікті сақтаған халықпыз. Тектану ғылымына дамыған елдер енді ғана ден қойып зерттеп жатса, оны біздің қазақ баяғыда-ақ жік-жікке бөліп, терең зерделеп, пайымдап  қойған. Ана  сүтімен бойға дарыған рух-жігеріміз, қайсар мінезділігіміз тағы бар.  Дұшпанға жаншылмаған, намысты бастан асырмаған ел екенімізді Қаз дауысты Қазыбек би де айтып кеткен. Алайда, бүгінгі қоғамда орын алып жатқан адам айтқысыз қылмыстар, өз баласын далаға тастаған көкек аналардың көбеюі, бір жыныстылардың ашықтан-ашық қоғамда тайраңдауы секілді бұрын-соңды болмаған дүниелердің орын алып жатқанына сенгің келмейді. Бірақ, бұл – шындық, ұлт қасіреті деуге болады.

Бір танысым елге танымал сыйлы отбасының ер жеткен ұлы үйіне қалыңдығын емес өзі секілді бозбаланы таныстыруға әкелгенін көрген әкесінің  жүрек  талмасына ұшырағанын айтқан еді. Бұл бір отбасына төнген қауіп емес, бүкіл ұлттың бетіне таңба салатын сорақылық деуге болады. Мұндайда «құрсын, беті аулақ» деп өзімізге шық жуытқымыз келмейді. Қазіргі заманның ағысын желеу етіп, өзге демократиялық мемлекеттердің етене кірген салт-дәстүрін еш жатырқамай жылдам қағып алатын жастардың тәрбиесін қолдан шығарып алғандаймыз. Оған дәлел іздеудің өзі артық. Айналаңыздағы адамдардан, күнделікті қоғамдық көлікте, көпшілік орындарда, тіпті дүкенге кіргенде байқап, көруіңізге әбден болады. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған деп жүрген қаламыздың өзінде «доча, сынок» деп баласына орысша шүлдірлеген аналар көп-ақ. Ұлттық салт-дәстүрімізден, наным-сенімнен бейхабар жеткіншектердің өсіп келетініне, қырық жылға жуық ұстаздық қызметте жүрген Абылай хан атындағы № 140 қазақ орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі, Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгісінің, ҚР Білім беру саласының озаты медальдарының иегері Тамаша Әбілқасымова  қынжылыс білдірді.

– Бала тәрбиесі бесіктен баталады. Өзім де көпбалалы ана, ардақты әже, көп жыл білім саласында қызмет ететін ұстазбын. «Баланы тәрбиелеме – өзіңді тәрбиеле» деген тәмсіл бар. Демек бала үйде не көрсе ертең соны жасайды. Ол отбасында үлкенді сыйлау, үлкенге қарсы сөз айтпау, кішіге қамқор болу сияқты ұстанымдар болса, сондай қасиеттерді бойына сіңіріп өскен ұл мен қыз ибалы, ар-ұятты болады. Қарапайым мысал айтайын, қоғамдық көлікке мінгенде үлкен кісіні көріп тұрса да, жастар телефонына үңіліп отыра береді. Бұл да оның үйінде қандай тәрбие алып жатқанын білдіреді. Әр ата-ана күнделікті баласынан мектепте, сыртта болсын не істеп жүргенінен хабардар болуы керек. Дастарханның басында отырып, баласына бата беру арқылы да үлкендер жағы өз ұрпағын тәрбиелей алады. Отағасының өзі жұмыстан келе сала теледидардағы жаңалыққа үңіліп, баласының өміріндегі болып жатқан өзгерістерге мән бермейтін  отбасылар   жоқ   емес. Тіпті кешкі асты әрқайсысы бөлек-бөлек бөлмеде ішетіндер бар. Ата-анасының ықыласына, оның махаббатына бөленбей өскен бала ертең агрессивті мінез құлықты адам болып қалыптасады. Ондай жеткіншектің өмірінде кедергілер көп кездеседі. Балабақшадан кейін балалар біздің қолымызда, яғни бастауыш сыныпта тәрбиеленеді. Әр ұстаз тек тәрбие сағаттарында емес, күнделікті сабақ барысында ұлттық құндылықтарды насихаттауға арналған шараны қолданып   отырса,   оның да   пайдасы зор. Мәселен, қазіргі бала белі бесіктен шықпай жатып телефонға тәуелді. Оның орнына әдеби кітаптарды, ертегі-әңгімелерді, жыр-дастандарды оқыса, кішкентайынан құлағына сіңірсе, еліне, ұлтына деген сүйіспеншілігі оянады. Мен қазір 2 сыныптың жетекшісімін. Оқушыларды қызықтыру мақсатында кітапханаға жиі-жиі апаруды дәстүрге айналдырдық. Кітаптардың да дизайны сол баланың көңілінен шығатындай етіп жасалған. Тіпті аудио нұсқалары бар. Өзім де немерелеріме ертегі оқып, ең соңында кейіпкерлердің мақсат-мұратына жетіп бақытты өмір сүріпті деп аяқтағанда олардың көздері жайнап, мәз-мәйрам болып қалады. Демек, үйде де әжесі не атасы, болмаса ата-анасы қызықты ертегілер айтып, қисса-дастандарды оқып отырса жас шыбықтай өсіп келетін жеткіншектің бойында өзіне деген сенімділік оянады. Жақсылыққа, мейірімділікке баулимыз. Зердесі ашылып, білімге құштарлығы оянар еді. Өкінішке қарай, мұндай отбасылар аз, – дейді ұстаз.

«Тәрбиесіз берілген білім, адамзаттың қас жауы» деп кемеңгер Әбу Насыр әл Фараби айтып кеткендей, ең алдымен ұлтты түзеу құрсақтан бастау алатынын да халқымыз терең ұғынған. Себебі сүтпен сіңген мінездің сүйекпен кететінін білген.

Медицина және педагогика ғылымының докторы, профессор Советхан Ғаббасов «Педагогика және психология негіздері» атты кітабында адамның 12 мүшесі болса, жанның да 12 арнасы барын айтады. Ол әл Фарабиден бастау алған ілімді Абайдың педагогикалық еңбектерімен салыстырып, егжей-тегжейлі сипаттаған. Бала тәрбиесінің жаңа ғылыми негіздерін жасап, екі сатыдан тұратын методологиясын қоса ұсынады. Бірінші саты – құрсақта жатқан баланы жан иесі деп, сол кезеңде анасы арқылы берілетін жүрек тәрбиесіне баса назар аудару қажеттігін айтады. Ал екінші сатысын қоғамдық тұлғаға айналу үшін сананың жетілуі деп қарастырады. «Жүрек тәрбиесі – тек біздің ұлттық педагогикада ғана болған, келер ұрпақтың бақыты мен саулығы тікелей алдыңғы буынның тазалығымен ана құрсағындағы тәрбиені түсінуіне байланысты» деп жазады бұл еңбегінде автор.

Жанның санаға бағынбайтын 12 арнасы бар екенін, олар: түйсік, ұят, сүю, мінез, табиғи қабілет, зерде, жігер, ішкі бес сезім деп жік-жікке бөледі. Бүгінде бұл арналар толығымен жабылу алдында тұрғанына алаңдаған ғалым, оны ашу үшін не істеу керектігін де айтады. «Жанның 12 арнасын ашу үшін «ақыл тәрбиесін» қолға алу керек. «Ақыл тәрбиесі» дегеніміз – сананы жетілдіру. Ал сананы жетілдіруде халықтық педагогиканың жеті түрлі негізі бар. Баланың ана құрсағына түскеннен бастап жүрек тәрбиесін алуы, өмірге келгеннен бастап, жас ерекшелігіне байланысты ұлттық тәрбиені бойына сіңіру  керек» деп көрсетеді.

«Дүниеге келгеннен кейін біз тәнге ғана көңіл бөліп, жанды ұмыт қалдырады екенбіз. Сондықтан жан-дүниесін байытпаған, рухани қорек алмаған адам өмірде қателіктерге көп кезігеді» деп те психологтар дабыл қағуда.

– Қазақ қызды тәрбиелей отырып, тұтас бір ұлтты тәрбиелеуге болатынын бір ауыз сөзге сыйдырып кеткен. Өйткені ол – болашақ ұрпақ әкелетін, отбасы тұтқасын ұстайтын, бесік тербететін ана. Біз 70 жыл бойы Кеңес заманында, орыстардың ықпалында болдық. Ұлттық педагогикамыздың кенжелеп қалуы да сонда. Сондықтан өткеннен сабақ алып, халықтық педагогиканы жан-жақты зерделеп, сол бойынша жазылған оқулықтар арқылы жеткіншектерді тәрбиелеу керек. Ұлдың да, қыз баланың да тәрбиесінде ананың жауапкершілігі үлкен. Кішкентайынан анасын, қарындасын, апасын сыйлауды үйретсек, ертең одан әйел затына қол жұмсайтын еркек шықпаған болар еді. Үйдің берекесі – әйел. «Әйелің жақсы болса үйіңде күнде ырыс, әйелің жаман болса үйіңде күнде ұрыс» деген. Салиқалы әйел ұлағатты ұлтты қалыптастырады,– дейді «Дана» оқыту орталығының негізін қалаушы, психолог  Гүлдана Бабаомарова.

Ұлттық кодтың тағы бір тармағы – салт-дәстүріміз. Дәстүрдің озығы мен тозығы бар демекші, қазір заманауи үрдістер көбейген. Оның біздің болмысымызға қаншалықты жарасымды екенін ескерместен қабылдап жатырмыз. Тіпті ұлттық менталитетке жат ғұрыпты жатсынбай ұрпағымыздың бойына қалай тез сіңіргенін де сезбей қалғандаймыз. Қарапайым ғана мысал, тілі шыққан баладан, еңкейген қарттарға дейін торттың бетіне балауыз шамын қойып, оны үрлеу үрдісі кең етек алғаны соншалық, бүгінде ол қалыпты жағдайға айналды. Ал «отты үрлеме, оны сөндірме» деген қазақ тыйымының артында «ошағың сөнбесін, қазаның қайнап тұрсын» деген жақсы ырым жатқанын ұмытып кеттік. Сондай-ақ жастар арасында сән саналатын «гендер пати» бұрынғы құрсақ шашу тойы екенін, оны үлкендер жағы ұйымдастыру керектігін де есімізден шығардық. Өзгенің «қаңсығын» таңсық көретін ермелігіміз есті алып барады.

Жалпы, ұрпақ тәрбиесі тереңнен бойлауды, теңіз түбінде маржан тергенмен пара-пар еселі еңбекті қажет етеді. Бұл аз сөздің ауанымен айналып шыға салатын тақырып емес. Биылғы «Балалар жылы»  кеткен кемдікті орнына келтіруге жаңа дәуірдің іргесін мықтап қалауға дәнекер болады деп білеміз.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<