Ұрпаққа үлгі ұстаным

73

0

Фото: автордан

Бір ауданда 60 жыл бойы бар саналы ғұмырын өткізіп, еңбек етіп, абыройға бөленген, ел қадірлеген, сыйлы азамат Әбілдаұлы Төлеген ағаны Сырдария өңірінің халқы жақсы біледі. «Жақсыдан шарапат» дегендей-ақ, осы Төлеген ағадан жақсы өнеге алғанымыз әрдайым ойға келеді. 1946 жылы Отан қорғап, от кешіп елге оралған Төкең аудандық оқу бөлімінде инспектор болып қызмет атқарған.

Сол жылдары жас мұғалім біз­дерге ағалық қамқорлық жасап, іс үйретіп, кеңес беретін. «Жақсыда жат­тық жоқ» дегендей, Төкең түскі үзіліс кезінде аудан орталығына ауылдан келген біздерді үйіне алып баратын. Самауия апай қонақжайлық ықыласпен қарсы алып, дастарқанға бар мәзірін жайып, төреше күтетін еді. Отбасындағы берекелі бірлікті, өзара сыйластықты сезінген кісілер алғысын айтып, риза болып тара­сатын едік. Менің Төкеңмен таныс­тығым осылайша басталып, кейін ау­дандық партия комитетінде, білім саласында жарты ғасырдан астам қатар қызмет атқару арқылы жалғас­қан болатын.

Төкеңнің адамгершілік қасиеті мен азаматтық болмысы оның өмір жолынан да айқын аңғарылады екен. 1922 жылы 4 қазанда Жалағаш ауданының «Ақсу» ауылында дү­ние­ге келген. Жастайынан ата-анасынан айырылып, «Ырғыз» балалар үйін­де тәрбиеленген. 1941 жылы әс­кер қатарына алынып, Ақ­төбе қаласындағы №101 дербес ат­қыштар бригадасымен Калинин май­данының құрамында, Ржев қа­ласы маңында болған шайқастарға қаты­сады. Осы шайқаста ауыр жа­рақаттанып, Мәскеу, Рязань қала­ла­рында госпитальда емделеді. Са­уығып шыққаннан кейін Кратов қаласындағы №208 запастағы ат­қыштар полкында кіші офицерлер да­йын­дайтын курстан өтіп, миномет көздеушісі болып шығады. Одан кейін Саратов қаласындағы танк училищесін бітіріп, танк жүр­гізушісі болады. №118 Ельчинск және №120 Оршанск гвардиялық танк полкы құрамында Шығыс Гер­мания, Чехославакия, Польша жер­лерін азат етіп, 1946 жылы елге ора­лады. Елге оралғаннан кейін Қы­­зылорда қаласындағы Н.Гоголь атын­дағы пединститутты бітіріп, аудан орталығындағы №35 мектепте орыс тілі мен әдебиеті пәні бойынша мұғалім болды, содан соң аудандық халыққа білім беру бөлімінде инс­пектор және партия ұйымының жетекшісі қызметтерін атқарып, өмірінің он тоғыз жылын білім саласына арнады. 1960 жылы партия, кеңес органдарына қызметке ауыстырылып, аудандық партия комитетінде парткабинет меңгерушісі, партиялық ұйымдастыру бөлімінің басшысы, он екі жыл халықтық бақылау коми­те­тінің төрағасы қызметін абыроймен атқарды.

1982 жылы дербес зейнеткерлікке шы­ғады. Негізгі қызметімен қоса Оң­түстік Қазақстан өлкелік коми­тетінің аудандағы штаттан тыс тілшісі бол­ған. Облыстық «Ленинский путь», корей тілінде шығатын «Ленин ки­чи» газеттеріне де мақалалар жазып, халықтар достығын нығай­ту­ға өзіндік үлесін қосатын. Зей­нет­кер­лікке шыққаннан кейін де қоғам­­дық жұмыстан қол үзбей аудан­ның қо­ғамдық өміріне белсене аралас­ты. «Қызыл жұлдыз», «Екінші дә­ре­желі Отан соғысы», «Құрмет бел­гісі» ор­ден­дерімен, «Германияны жең­гені үшін», «Ерен еңбегі үшін», «Ең­бек­тегі ерлігі үшін» медальдарымен марапатталды және басқа да көптеген марапаттарға ие болды.

2008 жылдың 12 қараша күні Ұлы Отан соғысының ардагері, Сырдария ауданының құрметті азаматы Төлеген Әбілдаұлы қайтыс болды. Төкеңнің өткен өмір жолынан кейінгі ұрпақ ғибрат алуына болады. Ол өмір сүрудің мәнін терең түсініп, толғана білген. Оған дәлел өз қолымен жазып қалдырған «Өмір жайлы ой толғауы».

«Біреулер «өмір – өзен», «өмір – дария» дейді. Ал мен «өмір – уақыт» дер едім. Өйткені ол секундтан, минуттан, сағат­тан, күн мен түннен (тәуліктен) ай мен жылдан құралады, жылдам өтеді. Өмір қамшының сабындай қысқа деуі содан. Адам өмірге келген қонақ, уақыты біткенді ешкім тоқтата алмайды. Келген – қайту керек. Бұл – заң. Өмір – күрес. Ол жөргектен, еңбектеген, кезден басталады: әуелі талпынады, ұмтылады, тырбаңдайды, тәй-тәй басады, жүреді, жүгіреді, құлайды, тұрады, жарысады, тіреседі, күреседі, таласады, тартысады, бірде жығып, бірде жеңіледі, дүние қуады, ол жет­кізбейді. Ақыр аяғында бәрібір өледі. Сондықтан өлімді ұмытпаған жөн, өлімнен құтылу жоқ, оған пара жүрмейді. Өлімді ойлаған жан тірлікте дұрыс жолмен өмір кешеді. Біреуге қиянат – зәбір көрсетпейді. Қарғыс алмайды, алғыс алады. Жамандықтан гөрі жақсылыққа жаны құмар болады. Көп адамдар шамасын білмейді, құдайын танымайды, өзін мәңгі тірімін деп есептейді, өмірдегі «құқын» асыра пайдаланады, тым асқақтап, басымен алысқан асаулық танытады, өзіндей тіршілік иесін көзіне де ілмейді. Өзін бәрінен де ақылды, бәрінен де биік, күшті сезінеді. Осы мінез оны көп қателікке ұрындырады, жолдан тайдырады, күнаға батырады.

Ендеше ойланайық, ағайын! Өзі­мізге өзіміз есеп берейік: бұл өмірге неге келдік, не тындырдық, қандай жақсылық жасаппыз, басқаға берген үлгіміз қандай болды. Ауыл-аймақты, ағайын-туысты, жалпы халықты бірлікке, татулыққа баулитын, ынтымаққа жетелейтін ұйытқы болатын мінез бен іс әрекетті бізден күтетін болар, кейінгілер. Иман жүзді, жылы сөзді болу, айналаңа жайдарлылық таныту, кешірімді, мәмілешіл болу кім-кімге де артық емес. Несін жасырайын жас ұлғайған сайын төбе жалтырап, тізе қалтырап, көзден нұр тайып, ой ортайып, өзіміз қартайып, өткен жылдар салмағы ма, әлде кәріліктің әлегі ме, әйтеуір бой бүгіліп, өзіміз үгіліп барамыз. Қазір бізде күш те, тіс те, түс те қалмады, біреу «жүдеусіз ғой?» – деп бетімізге қараса жауапсыз қалдырамыз. Алдымыз тұман, не болары белгісіз, қалайша ойланбассың, түн ұйқы төртке бөлінеді, ойдан ой қуып, ой түбіне жете алмай, ұйықтай да алмай, таңертең шаршап тұрамыз, содан кейін жүдемей көр. Ашушаң, қызғаншақ, мақтаншақ – осы үш шақтың егесі біз боламыз, қарағым. Ой кәрілік-ай! Шүкір, бәрінен де тірлік артық деп болашаққа сенім ар­тамыз. Ау! Намаздігер уақыты бол­ған ба? Құдайға құлшылық етуді ұмыт­пайық! Ха­лық құрметтейтін қарттар қатарына қосыл­ға­нымызға мың мәр­те шүкірлік еткеніміз жөн болар деп ойлаушы Төлеген Әбілдаұлы».

76 жыл өмір сүріп, қиындықты да, қызықты да бастан өткерген Тө­кеңмен ұзақ жылдар бойы қызметтес болған замандасы ретінде оның елге сіңірген еңбегін, өнегелі ісін, ұстанған ұстанымын кейінгі өскелең ұрпақ та есінде сақтасын, үлгі ет­сін деген оймен баспасөз бетінде жа­риялауға ұсынып отырмын. Бұл – майдангерге тағзым!

Рақымжанқажы БӘЙМЕНОВ,

Сырдария ауданының құрметті азаматы