Жасыл желек жамылған

1323

0

Қоршаған ортаға қамқорлықпен қарап, жасыл желекті көбейту, тазалық мәдениетін қалыптастыру қашанда өзекті. Қуантатыны, бізде бұл түйткілді шешуге талпыныс жоғары. Қаладағы көпқабатты үйлердің маңынан өтсеңіз, көз қуанып, көңіл жайлана түседі. Ауласын түрлі ағаш пен хош иісті гүлге көмкерген тұрғындардың қатарында Голиковтар отбасы бар. «Шұғыла» шағын ауданындағы №15 үй тұрғындары жақында Қала күніне орай ұйымдастырылған «Үздік аула – 2021» байқауының жеңімпазы атанды.

Анатолий мен Людмила Голиковтар 1972 жылдан бері осы шағын ауданда тұрады. Людмила Васильевна – бар ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған жан. Балабақшада тәрбиеші қызметін атқарып, ата-аналар алғысына бөленген. «Жасыңда бейнетін көрсең, қартайғанда зейнеті бұйырар» дегенді жиі еститінбіз. Бірақ, еңбектің жемісін көретін кезде қос қария бос отыра алмаған. Олар игі іспен айналысып, қоғамдық өмірдегі белсенділігін тоқтатпауды жөн деп тапты.

– Ауланы абаттандыруға деген қызығушылық зейнетке шыққан соң оянды. Жұмыс істеп қалған адам қол қусырып отыра алмайды екен. Ермек болсын деп аулаға ағаш отырғызып, гүл ектік. Бәрінің үйлесіп, әдемі болып тұрғанын қаладық. Оның үстіне егілген ағаштың, әрбір өсімдіктің пайдасы шаш етектен. Жасыл желектің әсерінен ауа тазарып, қолайлы микроклимат қалыптасады, шу деңгейі төмендейді. Сондықтан ізгі іске үлес қосуды және ауланы одан әрі абаттандыра түсуді парыз деп білеміз. Көбіне көршілер көмекке келеді, байқауға қатысуға үндеген де солар. Біз балаларды осылайша тазалыққа, ұқыптылыққа тәрбиелегіміз келеді, олар «тазалықтың табалдырықтан басталатынын» ұғынып өссе деген тілегіміз бар. Тазалық болған жерде денсаулық болады. Ал, жасыл-желек болса, денсаулық екі есе күшейеді дей беріңіз. Әрі өзгелерге де ой саламыз, үлгі көрсетеміз. Бәсекелестік болған жерде алға жылжу бар. «Менің аулам одан да керемет болады» деп әрбір тұрғын талаптанса, нұр үстіне нұр, – дейді Людмила Васильевна.

«Бір тал ексең, еліңе орман салғаның» деген сөздерді мәйек етіп, қаланы көркейтуге үлес қосып жүрген зейнеткерлерге көршілердің құрметі бөлек. Абзал істерімен өнеге болған жандардың еңбегі де ескерусіз емес. Жақында қала әкімінің орынбасары Бектас Нұридинов әлеуметтік желі қолданушыларының басым дауысына ие болған үздік ауланың әуесқой бағбандарына қала әкімінің дипломын табыстап, көркейту-көгалдандыруға қажетті құрал-сайман жинағын тарту етті. Бұл марапат олардың мерейін өсіргені рас. Бастысы, қалада үлгілі ауланың қатары тағы біреуге көбейді.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<