Әжесі бар үйдің әлемі бөлек

577

0

Қырықтықты жарқ-жұрқ еткізіп, арасына ылғал кірмейтін қойдың қалың жүнін қырыққанды айтсаңшы! Белің қайқайып, өзің шалқайып қаласың әп-сәтте. Жүнді жинап алып, сабайсың, түтесің. Аяғында сол еңбегің киіз боп басылып, текемет боп түрленеді. Бұл ғажайып шақтың тәтті дәмін соңғы татқандар – 80-жылдардың төлдері. Иә, дәл солай. Одан кейін туғандардың қай-қайсысынан сұрап көріңіз, ақ жаулықты әжейдің жанында отырып, штаттан тыс көмекшілікпен жүн түтіп пе, сабау сабап па?! Әңгіменің әлқиссасы осы. Қазір көп ауылда киіз үй тігетін жан жоқ. Тіпті, бүгінгі балалар киіз үйдің жабдықтарын тек суреттен ғана көріп жүр. Ал бүгінде ауыл сыртында түйдек-түйдек боп қойдың жүні жатыр. Кезінде қат еді, қазір керексіз. Сезінсек, таптырмас шикізат. Қайран, әжелердің орны ойсырап тұр. Әжесі бар үйдің әлемі бөлек қой…

Қайсыбір жылы Арал ауданында балықшылар слеті өтетін болды. Кіндік қаны теңізді мекенде тамып, өзі арман қуып Алматыға аттанған бір жігіт балықшының баласы екен. Сол слетке арнайы келіп ас бермек көрінеді. Бірақ, сонда тігетін киіз үй таппай әбден әбігерге түседі. Аймақта киіз үй жоқ емес, бар. Бірақ, саусақпен санарлық. Алды тозығы жетіп, көнерген. Оның жабдықтарын жаңартатын жан жоқ. Осылайша әне іздейді, міне іздейді. Қар­мақшыға қарасты Тұрмағамбетте тұ­ратын Күлпаштай ананың ісмерлігі туралы естіп біліпті. Анау-мынау емес, сегіз қанатты, жасау-жабдығы нағыз көненің көзіндей киіз үй тігетін Күлпаштай анаға қоңырау шалып, өтініш айтқан ғой. Сексеннің сеңгіріне шыққан ана көңілін қалдырмай, Алатау бөктерінен Қармақшы топырағын басам дегенше, тігулі киіз үйін жығып, дайын отырады. Міне, Күлпаштай апа сол киіз үйімен Қамбаш көлінің жағасына барып, тоғыз күн қызмет көрсетіпті.

– Киіз үй дегеніңіз жаздың аптап ыстығында салқын, қара күзде жылы ғой. Кезінде бабаларымыз осы үйде тіршілік еткен. Ұлтымыздың ұлық өне­рі. Қартайды ғой, енді қою керек қой дейтін шығар көбі. Мен қояр едім, ұлы өнерімізді кейінгі ұрпақ жалғаса деймін. Көшпелі қазақтың көнермейтін үрдісі бұл. Сондықтан, біз жарқын болашаққа жол бастарда өткенімізді ұмытпай, жаң­ғырта жүруіміз керек, – дейді Күлпаштай Қартаңбаева.

Рас, бұрындары әрбір үйдің ауласында тігулі тұратын, қазір сарайының төбесінде шаңырағы ғана қылтиып тұр. Онда да айналаны топан су басса да шаңырағы мен бесігін тастамайтын ежелгі салтымыздың санада сақталғаны. Бәлки, киіз үйдің қиындығынан қашатын шығар, бірақ, ауласында жарқырап алты қанат үй тігулі тұрса, қандай ғанибет! Күлпаштай ананың ауылдан ауыл асып, киіз үйдің киесі мен құдіретіне сүй­сіндіріп жүргеніне қуанып, қуат бере гөр деп күбірлейсің.

Отыздан енді асқанда тағдыр тезіне ұшырап, өмірлік жарынан айырылды. Қаппар ағамыз келместің кемесіне мініп, қайырылмай кете барғанда апайдың қолына қарап тоғыз бала қалды. Өнерді кәсіпке айналдырған Күлпаштай ана содан бері қолөнерден қол үзген жоқ. Ауылдағы балабақшаның меңгерушісі еді, елдегілер жарынан айырылған келін­шектің мойнына жұмыстың ауырын артпауды ойлап, елді мекендегі қонақүйдің аспазы етіп ауыстырады. Қолында қариясы бар үй болды, енесі тоқсанға келіп өмірден озды. Ақ батасын беріп, алғысын жаудырып кетті деседі  жұрт.

Бір жылдары Батыр ана ауыл орта­лығынан цех ашып, іске епті 5 келін­шекпен киіз басып, кілем, ши тоқып, ою бастырып, қыз жасауын да­йын­даған. «Әжелер ансамбліне» же­тек­шілік етіп, сан мәрте сахна төріне шығып өнер де көрсетті.

– Ата-бабамыздың бір шеге қақпай-ақ сәулетті де еңселі етіп жасаған баспанасы киіз үй – тек қазақ халқының емес, бүкіл түркі, тіпті оған көршілес елдердің тұрақ мекені болған. Әсіресе, Қытай мен Моңғолияға кеткен қандастарымыздың арасындағы малшы қауым осыбір қар-лығаштың ұясындай жылылық пен мейірімге толы баспананы пайдаланып жүр. Қалалы жерде киіз үй – мереке-мейрамның, ас пен тойдың көркі. Тамырында қазақтың қаны тулаған ұрпақ баба мұрасын әлі ұмытқан жоқ, керісінше шамасы жеткенше қадірлеуге тырысады. Бірақ, көп жағдайда киіз үйді қалай тігуді білмейді. Оның сырын қастерлеп, мән-мағынасын өзгертпей ұрпаққа жеткізу – мақсатым, – дейді ісмер ана.

Бір ерекшелігі, Күлпаштай ана көзәйнексіз құрақ құрап, іс тігеді. Отыз бес жылдан бері киіз үй тігетін шебердің қолынан талай құдайы қонақ қазанжаппайы мен құрт-майын татты. «Алтын алқа» иесі бүгінде ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, немере мен шөбере сүйіп отыр. Қолындағы келіні Мейрамгүлді көріп, қазақтың «келін – қайын ененің топырағынан» деген сөзі еріксіз ойға оралады. Ән айтады, жүн сабап, киіз басады, ою ояды. Ауылдағы келіндер сайысында «Шебер келін» номинациясын иеленген.

Дәулет ҚЫРДАН,

«Сыр бойы».

Қармақшы ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<