Бабамның үні – жыр мұра

790

0

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова өңірдегі белгілі жыршы-жыраулармен жүздесті.

Облыс әкімі алдымен ұлттық өнерді айшықтайтын арнайы ұйымдастырылған көрмені тамашалады.

Өнер өкілдерінің ел дамуының рухани-мәдени өрлеуіне қосқан үлестері жоғары бағаланып,  құрмет көрсетілді.

– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Өркениетті ұлт ең алдымен тарихымен, мәдениетімен, ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғаларымен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлкенді-кішілі үлесімен мақтанады. Сөйтіп, тек өзінің төл мәдениеті арқылы ғана басқаға танылады» деп атап өткендей, халқымыздың ерекше қадірлейтін дарынды тұлғалары қасиетті мұраларды тудырушы, жасаушы және келер күнге ұластырушы таланттар қатарында жыраулар мен жыршылардың қай заманда да бәсі жоғары, шоқтығы биік. Қорқыт бабадан бастау алған жәдігер өнерді жалғастырушы Сыр сүлейлерінің әрқайсысы бір-бір жеке философиялық мектеп, әрқайсысы дүниетанушы ұлттық тәлімгер екенін ескерсек, бұл қастерлі өлке ұлт руханиятының алтын діңгегі деуге болады. Қасиетті де киелі Сыр бойы –біріне-бірі өмірде жол, өнерде қол берген атақты  сүлейлер шыққан өңір. Дәстүрлі өнердің дарабоз иелері, жанашырлары ретінде өздеріңізбен жүздесіп, руханият саласының өткені, бүгіні, келешегі жөнінде  пікірлесу үшін жиналдық, – деді облыс әкімі.

Бұл ретте сондай-ақ еліміз егемендік алған жылдар ішінде ұлттық өнердің осы түріне ерекше көзқарас қалыптасқанын тілге тиек етті.

– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында «Ұлттық болмысымыздан, төл мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізден ажырап қалмау – барлық өркениеттер мидай араласқан аласапыранда жұтылып кетпеудің бірден-бір кепілі» екенін, Тәуелсіздік жылдарында жүзеге асырылған «Мәдени мұра» бағдарламасы арқылы тарихымызды түгендеп, ұлттық дәстүріміз бен мұраларымыздың қайта жаңғырғанын атап өтті.

Оның айқын дәлелі Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясында, Қазақ Ұлттық өнер университетінде, аймақтағы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде арнайы кафедралар ашылып, жыршы-жыраулардың кәсіби тұрғыдан қалыптасуына үлкен мүмкіндік жасалды. Өнер зерттеушілері Мардан Байділдаев, Алма Құнанбаева, Алмас Алматовтың тынымсыз еңбегінің арқасында Сыр бойында мақам-сазды ерекшеліктеріне қарай төрт жыраулық мектеп – Нұртуған, Жиенбай, Нартай, Сәрсенбай жырау мектептері қалыптасып, дәстүрлі өнердің өрісі кеңіп, қанаты қатайды.  Осындай киелі өлкеде қасиетті өнерді кең көлемде өрістету, жас таланттарға қолдау көрсету кезек күттірмейтін мәселенің біріне айналды. Осы орайда облыста жүзеге асырылып жатқан «жыр мұра» жобасы аясында ашылған 50-ден аса жыр-терме, қобыз үйірмесінде тәрбиеленіп жатқан 500-ден астам шәкірт ертеңгі ел болашағы, дәстүрлі өнердің жалғастырушысы болары анық. Бүгінде осы үйірмелерден шыққан өнерпаздар республикалық, халықаралық деңгейдегі жыр додаларында жүлделі орындарды иеленумен қатар, дәстүрлі өнер мамандықтары бойынша арнаулы, жоғары оқу орындарында білім алуда. Биыл да Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті жанындағы «Дәстүрлі өнер» институтына дарынды жастарды оқытуға облыстық бюджеттен 6 грант бөлінді, – деді облыс әкімі.

Кездесу барысында өнерпаздар дәстүрлі өнерді дамытуға қатысты ойларын ортаға салып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Атап айтқанда, «Парасат» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алмас Алматов облыс әкіміне дәстүрлі өнерге көрсеткен қамқорлығы үшін алғыс білдіріп, осы кезге дейін ұсыныс ретінде айтылған Түркітілдес халықтардың дәстүрлі өнер академиясына ән, күй, жыр, айтыс, би бағыттары бойынша жастарға грант бөлуді ұсынды. Ал, жыршы, «Мәдениет қайраткері» төсбелгісінің иегері Берік Саймағамбетов Қызылорда қаласында «Сыр сүлейлері музейін» ашу туралы ұсыныс айтса, дәстүрлі әнші Ақмарал Ноғайбаева  Нартайдың шығармашылығына экспедициялық зерттеу жұмыстарын жүргізуге ықпал етуін сұрады. Сондай-ақ, жыршы, Қорқыт мұрасын насихаттаушы Марат Сүгірбай дәстүрлі өнердің кеңінен насихатталуына, өзге өңірлерде Сыр елі еріктілерінің өнер көрсетуіне қолғабыс етуді ұсынды.

Облыс әкімі ұлттық өнерді дамытуға оң серпін беретін әрбір ұсыныстың байыпты түрде қаралатынын айтты.

Кездесуде облыс басшысы Алмас Алматов пен Жиенбай жыраудың ұрпағы Бидас Рүстембековті мерейтойымен құттықтап, Сыр елі жұртының атынан дәстүрге сай иығына шапан жапты. Сондай-ақ, басқосуда бірқатар өнер саңлақтары да құрмет төрінен көрінді. Шолпан Биімбетова, Серік Жақсығұлов, Айбек Тәңірбергенов ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталса, Марат Сүгірбай мен Нұртілек Ахтаев министрліктің Құрмет грамотасын иеленді. Сонымен қатар, бірнеше өнер жанашырлары облыс әкімінің Алғыс хатына ие болды.

Жүздесу соңында дәстүрлі өнер жампоздары  жырдан шашу шашса, ақын Айдос Рахметов арнау арнады.

Айта кетейік, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына, Сыр сүлейі Кете Жүсіп Ешниязұлының 150 жылдығына арналып өткен «Жырлансын, Тәуелсіздік жыр бұлағы» атты жыршы-жыраулар байқауы талантты толқынның өсіп келе жатқанын, рухани сабақтастықтың жалғастығы бар екенін дәлелдеді. Келер жылы Сыр шайырлары Базар жырау Оңдасұлының 180 жылдығын, Тұрмағамбет Ізтілеуұлының 140 жылдығын атап өту, дәстүрлі «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» халықаралық фольклорлық-музыкалық өнер фестивалін ұйымдастыру жоспарлануда.

Айнұр Батталова,

«Сыр бойы»

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз