Бекзат өнерге баулыған «Балбұлақ»

2045

0

Мың бұралған бишілер, көздің жауын алатын сәнді көйлектер. Талдырмаш балдырғандар аяқ ұшын жерге қадап, бойын тіктегенде ерекше  мүсінге айналады. Саусақ иірімі сан құбылғанда таңдай қағасың. Бұл – биші балапандардың өнері. Олар кішкентай болса да, өнерді терең ұғынады, жүрекпен сезінеді. Музыка үнімен үндеседі, тілдеседі. Осылайша, қазақ ұлттық би өнерінің өркендеуіне өз үлестерін қосып келеді.

Балалар би өнері жылдан-жылға дамуда. Ансамбльдер құрылып, бүлдір­шін­дердің түрлі байқауларда, әлем елдерінің сахналарында өнер көр­сетіп, жетістікке жеткенін жазып та жүрміз.  Қызылорда қаласындағы Өнер мектебінің «Балбұлақ» халықтық (үлгілі) би ансамблі – бекзат өнердің биігіне самғаған топ.

Өнер ұжымының 22 жылға жуық тарихы бар. Осы уақыт аралығында 200-ден астам бүлдіршінді баулып, түлетті. Елімізге белгілі бишілердің қанат қағуына септігін тигізді. Бұл  ұжымнан шыққан бишілер белгілі ән-би ансамбльдерінің белді мүшесі атанды.

Ұжым 1998 жылы қалалық өнер мектебі жанынан  Ақмарал Қойшығұлованың жетек­шілігімен құрылды. Репертуарларына қазақ биінен өзге түрлі ұлт өкіл­дері­нің билерін қосты. Облыс, қала көлеміндегі мәдени іс-шаралардан қалыс қалған емес. Қазір би ан­самбліне Әсел Ыдырысова жетек­шілік етеді. 2012 жылы  «халықтық» атағын алды.

– Балаларды би сыныбына қабылдаған кезде олардың қимы­лына, икеміне қарап таңдаймыз. Алғашқы би жаттығулары кезін­де икемделіп кеткендері сы­нақ­тан өтеді. Кейбір ата-аналар балаларының биге деген қызы­ғушылығын байқап, ынтасы бол­ғандықтан жетектеп әкеледі. Міне, мұндай балалар тез бейім­деледі. Байқау кезінде іріктеліп, дайындықтан өткендері өнер көрсетеді. Өнер мектебі оқушы­ларының бәрі де өнерлі. Жетістікке жету үшін көп еңбек қажет. Сондықтан баланың өнерін дамытып, шыңдау – ұстаздың міндеті, – дейді ансамбль жетекшісі Әсел Ыдырысова.

Үлкен бөлменің қабырғасы түгел айна. Балалар би қозғалысын жасап жатыр. Жетекші үздіксіз ескертіп, жігерлендіріп, шабыттандырып сөйлейді.  Бұл – күнделікті дайындық. 

– Пандемияға байланысты көптеген жоспар шегеріліп отыр. Дегенмен, қол қусырып қалған жоқпыз. Балалар карантин талаптарын сақтай отырып, бөлініп дайын­дыққа келуде. Сонымен қатар онлайн-концерттер беріп жатырмыз. Біз бес жыл сайын халықтық дәрежемізді қорғаймыз. Есеп береміз, нәтиже көрсетеміз. Балалар би өнерінде өзіндік орнымызды қалыптастырғымыз келеді. Сол себепті уақыттан ұтылмау керек, – дейді ұжым жетекшісі.

Балалар би ансамблінің жеткен жетістігі аз емес. Ұлттық би өнерін дәріптеп-насихаттап келеді, сырт мемлекеттерде де өнер көрсетті. Облыстық, республикалық және халықаралық байқауларға қатысып, олжалы оралды. Мәселен, «Ботақан», «Жұлдызды би алаңы», «Алатау шыңы», «Бозторғай» бала­лар шығармашылығына ар­нал­­ған би байқаулары, «Шабыт» Халықаралық жас та­лант­­­тар фестивалі, «Дельфий ойын­­дары», «Дала сазы» рес­публикалық сайыстарға және «Айгөлек» телевизиялық балалар шығармашылығына арналған до­даға қатысып, жүлделі орындарды иемденді.

Сонымен қатар былтыр Халықаралық International Festival «Golden Time London-9» шығар­машылық байқауына қатысып, «Ұлы дала рухы» неоқазақ биін қойып, бірінші орын алды. Ал, Халықаралық «Жұл­дызАртҚазақстан» байқауында бас жүлдені жеңіп алып, Түркия елін­де өтетін байқаудың тегін жол­дамасына қол жеткізді. Сондай-ақ, «Қабілет» республикалық ғылыми-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен «Кемел елдің келешегі» атты энциклопедияға еніп, арнайы медальмен марапат­талды. Тізбектеп айта берсек, «Балбұлақ» халықтық би ансам­блінің  жеткен жетістігі мен бағын­дырған биігі көп, алар асуы бар.

Өнер ұжымының осындай дәрежеге жеткені – жетекші, яғни, ұстаздың еңбегі. Әсел Ыдырысова – өнерге берілген жан. Ол жұмысының жемісін көру үшін күш-жігерін аяған емес.

Біз де «Балбұлақ» халықтық балалар би ансамблінің әлі де талай белесті бағындырып, еліміздің атын әйгілеп, қазақ би өнерін әлемге паш ете беретініне сенімдіміз.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<