Домбыраның орны – төр

662

0

Шиелілік ұста жиде, қарағаш, тұт ағаштарынан домбыра жасап жүр. Жасы алпыстан асқан Ақтай Рыспамбет ұлттық саз аспабы үшін негізінен жергілікті жерде өсетін тал-дарақты пайдаланады. Айтуынша, ондай бұйымның бағасы арзан болады.

– Тапсырыс иесінің қалауына қарай шетелде өсетін қызыл ағаш, граб, бұйра қайыңды да қолданамын. Домбыраның бетқақпағы қарағай, шыршадан дайындалады. Ұзағырақ тұрып кепсе, сапалы болады. Шанақ ағаштары да солай, – деді ол.

Кейіпкеріміздің қолөнерге жақындығы түп нағашысынан дарыса керек.

– Әкем күй тартудың шебері еді. Өзім жастайымнан суретші болуды армандадым. Домбыра тартқанды ерекше жақсы көрдім. Осы екі арманым да орындалып, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық университетінің көркемсурет, графика факультетін бітірдім. Дипломдық жұмысымды қолөнер бағытында, домбыра жасап қорғадым, – деді Ақтай Рыспамбет.

Ол 1992 жылы туған жері Шиелі ауданындағы №205 қазақ орта мектебінде «Мирас» атты шағын кәсіпорын ашып, оқушыларды қолөнер ісіне баулыды. Бірақ денсаулығы сыр беріп, жұмысты үзуіне тура келді. 2016 жылы сүйікті кәсібіне қайта оралды. Содан бері ағаш ұстасы ретінде жеке кәсіпкерлікпен айналысып келеді.

– Осыған дейін қанша домбыра жасағаным есімде жоқ. Шамамен 400-500 шақты болып қалар, – деді шебер.

Кейіпкеріміз ұлттық музыкалық аспапты жасауға әртүрлі уақыт жұмсайтынын жеткізді.

– Кейбіреуін үш-төрт күнде бітірсем, кейбіріне бір ай кетеді. Бағасы ағаш түріне байланысты, 40 мың теңгеден 250 мыңға дейінгі аралықта, – деді ол.

Шебердің қолынан шыққан дүниені аудандық «оқушылар үйінің» ұжымы, Атырау, Орал, Астана, Түркістан облыстарындағы музыкалық факультет студенттері, басқа да жұрт қолданып жүр.

– Домбыраны қатты суық пен ыстықтан қорғау керек. Мейлінше арнайы қапқа салып қойған дұрыс. Үйде төрге, жоғарыға іліп қойған жөн, – деді ағаш ұстасы.

Оның шеберханасынан домбырадан бөлек, көздің жауын алатын небір қолөнер бұйымдарын көруге болады.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<