«Спектакльдегі жағдай өмірімде қайталанды»

1419

0

Гүлназ Дәужігітова – Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық академиялық драма театрының актрисасы. И.Сапарбайдың «Сыған серанадасындағы» Сағыныш есіңізде ме? Шәмшінің өнеріне ғашық,  әнін елтіп тыңдайтын нәзік те сұлу аруды Гүлназ сомдаған болатын. Бірақ мұндай басты роль бірден бұйырған жоқ. «Театрда ең алғаш ертегіге қатысып, сонда бұзау рөлін ойнадым» дейді актриса.

– «Рольдің үлкен-кішісі болмайды, талантсыз актер болады» деген орыстардың мақалы бар. Сол себепті кішкентай эпизод берілсе де, көрерменді сендіріп, қо­йылымға шын ниетпен кірісіп, рөлге енуің керек. Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясында Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Парасат», «Құрмет» орденінің иегері Рахилям Машурованың мектебінен өттім. Қабілетімізді дамытып, сан қырлы өнер әлеміне қанат қақтырған ұстазымыздың үлгі-өнегесі мұнан кейін көп көмегін тигізді. Біздің алдымызда Роза Рымбаева, Майра Ілиясова, Ақбота Керімбекова, Меруерт Түсіпбаева сынды өнер иелері Рахилям апайдың алдын көрген болатын. Оқуымды бітірген соң Талдықорғандағы Б.Римова атындағы драма театрда бір жарым жыл жұмыс істеп, ке­йін Сыр еліндегі өнер ордасына ауыстым. Қазір осында еңбек еткеніме 12 жыл болыпты, – деді ол.

Актриса бала кезінен өнерге жақын болды, оқушы кезінен-ақ қойылымдағы бас­ты рольдер Гүлназға сеніп тапсырылатын. Музыка қосылса билей жөнелетін де әдеті бар. Әкесі сырнай тартқанда жанында отырып, тапжылмай тыңдайтын. Анасы Қаракеткен ауылында «Қарлығаш» ансамблінде солистка болса, ағасы домбыра шертетін. Сондықтан болар, Гүлназ өнер әлеміне еркін қадам бас­ты.

Оның «Мұңлық-Зарлық­тағы» – Ханшайымы да, «Ана жүрегіндегі» – Шәр­бану, «Ойнайықшы бір, ойла­йықшы бірдегі» – Экран, «Двойник­тегі» – байдың қарындасы, «Барлық тышқандар ірімшікті жақсы көреді» спектакліндегі Виолетта ролі сондай шына­йылығымен ерекшеленеді.

– Спектакльдегі кейіпкердің жан күйін терең түсіну кейде өміріңе де әсер ететін секілді. Егер образды аша алмасаң, өзіңнің қиналғаныңнан бөлек, көрерменді де сендіре алмайсың, режиссер мен актерлардың еңбегін де зая кетіресің. Сондықтан актриса үшін рухани даму, әдемілікке тамсану, жақсылыққа сену, адам жанын түсіну маңызды. Бірде Д.Исабековтың «Мұңлық-Зарлық» спектакліндегі Хан­шайымның роліне лайық деп танылдым. Дайындық уақыты еді. Сахнаға қайта-қайта шыққаныммен, Ханшайым­ның сол сәттегі жан күйін көрсете алмай қиналғаным-ай. Театр­дағы тә­жірибелі үлкендер көмегін аяған емес. Сонда да рөлім ойдағыдай шықпайды. Бір кезде сахнаға жүгіріп кіріп-шығамын деп столға белімді оңбай соқтырып алмасым бар ма? Жаныма батып кетті. Белімді ұстаған сайын шыдатпай ауырып барады. Сол кезде Ханшайымның толғақ кезіндегі жағдайын көрсетуім керек еді. Соған дәл келіп, сахнаға шыққан бойда көзімнің жасын тыя алмадым. Ішкі күйім, сол сәтте ананың халін түсінуім арқылы рольді ойдағыдай алып шықтым. Сол қойылымда егіз ұл мен қыз – Мұңлық пен Зарлықты дүниеге әкелемін. Сценарий бо­йынша қырық әйел бөбектерді айырбастап, орнына күшік қойып кетеді. Ал бұл кез жеке өмірімде тұрмыс құрсам да, сәби сүйе қоймаған уақытым еді. Ханшайымның ролін қалай ойнадым, бір жылдан ке­йін ұлды да, қызды да дүниеге әкелдім. Ханшайымның ролін сомдауымды жақсылыққа жо­­рыдым, спектакль менің өміріме осылай әсер етті, – деді Гүлназ.

Жаны нәзік өнер адамы үшін көрерменнің қошеметінен артық ештеңе жоқ. Бір сөзге көңілі шарықтап, бір сөзге бола мұңға батады олар. Көрерменнен алыстатқан карантиндегі бірнеше ай актрисаға да оңай тимеді. Жақында театрдың 66-шы маусымы ашылды. Енді сахнада Гүлназ да жаңа қойылым арқылы көрерменмен қауышады.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<