«Талсуаттағы» руханият ошағы

1816

0

Қала іргесіндегі «Талсуат» ауылдық клуб үйінің жұмысы жанданып келеді. Ұлт руханиятының, мәдениеттің шырағын жаққан мекеменің істері ауқымды.

Бұрын ауылдардағы клуб үйі шағын, ескі ғимаратта орналасты. Концерт, кино көруге болатын. Күнделікті бас сұғатын адам жоқтың қасы еді. Кейде аудан орталығынан  келген өнерпаздар концерт қойып кететін. Қазір жағдай өзгерген. Келушілер қатары артқан. Қайнаған тіршілік. Бірі кітапханаға, енді бірі үйірмеге, дайындық жұмыстарына келеді. Адам қарасы үзілмейді.

Бюджет қаржысына мәдениет үйлері жаңғыртылып, кітапхана, қолөнер, отбасы бұрыштары жасақталды. Кейбірінде дыбыс жазу студиялары ашылған. Ауыл балаларының уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында үйірмелер жұмыс істейді. Текемет басу, тоқыма тоқу, ұршық иіру сынды  ата-бабадан келе жатқан қолөнерді сақтап қалу үшін жұмыс атқарылуда. Нәтижелі істердің арқасында дарынды өнерпаздар байқауларда топ жарып, ауыл мерейін үстем етуде.

Осы орайда «Талсуат» ауылдық клуб үйінің жеткен жетістіктері аз емес. Бұл жайында клуб үйінің директоры Айнагүл Жайдариева кеңінен айтып берді.

– «Адал адам» мәдени-тәрбие беру орталығы жобасы мәдениет үйлері мен клубтардың жанынан ашылған. Жобаның мақсаты – елді мекендердегі халықтың мәдениет нысандарына қолжетімділігін арттыру, балалар мен жасөспірімдердің бос уақытында шығармашылықпен айналысуына  мүмкіндік беру. Жобада «Кино time», «Әлем BOOK», «ART уақыт», «Отбасы шуағы», «Еріктілер тобы», «Сыр сұхбат», «Креативті хабар» және арнайы мамандардың қатысуымен медиация, кеңес беру бағыттары қарастырылған. Осы бағыттар бойынша жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Талант та, дарын да ауылдан шығады. Өнерлі жастар өсіп келеді. Біз де өз кезегімізде осындай дарынды балалардың шығармашылығын шыңдау мақсатында аянбай еңбек етудеміз. Нәтижесі жаман емес. Жетістікке жеткен өнерпаздар көп, –деді клуб директоры.

Жыл басынан бері «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығы тұжырымдамасының 7 бағыты бойынша 83 іс-шара ұйымдастырылған. «АРТ уақыт» клубы бағыты бойынша 2 шығармашылық  үйірме қосылды. Олар – «Ақкербез» би үйірмесі және «Алақай» балалар қуыршақ театры. Құрамына талантты жастар шоғырланған. Күләш Жанахметованың жетекшілігімен құрылған театр «Жеті лақ» ертегі-қойылымының премьерасын қойып, көпшілік көңілінен шықты. Қазір «Ит пен мысық» ертегісіне дайындық үстінде.

– Клубта 6 үйірме жұмыс істейді. Оның ішінде «Жас дәурен» ән, «Әсем әуен» дәстүрлі ән, «Ақкербез» би, «Ана тілі – жүрек үні» көркемсөз оқу шеберлері, «Ісмер» қолөнер, «Ақ әже» әжелер ансамблі, «Талсуат еріктілері» еріктілер тобы бар. Үйірмеге қатысушылар – ауыл өнерпаздары. Олар мәдени іс-шараларға белсене қатысып келеді. Мәселен, «Жас дәурен» ән үйірмесінің өнерпаздары ХVІ республикалық «Tanm art» өнер байқауына қатысып, жас әнші Жәнібек Жақия бас жүлдені, Жайсаң Рамазан І орынды жеңіп алды. Республикалық «Жарқын болашақ» ғылыми-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен өткен VІІ республикалық «Жарқын жұлдыз» балалар өнер байқауында Жайсаң Рамазан ІІ орынды, «Айғаным» шығармашылық орталығының ұйымдастыруымен өткен І республикалық «Starmen» өнер байқауында Шынболат Жәнібеков І орын иегері атанды. Ал «Әсем әуен» дәстүрлі ән үйірмесінің өнерпаздары ХVІ республикалық «Tanm art» өнер байқауында бас жүлдені еншіледі. Сондай-ақ клубтың жас өнерпазы Аружан Болат пен Гүлназ Еділбаева XXVI облыстық «Бозторғай» конкурсына қатысып, дипломант атанды. «Ақкербез» би үйірмесі республикалық «Жұлдызды сәт» байқауына  қатысып, олжалы оралды. Балалардың бәрі де дарынды. Олар клубта күнделікті дайындық жұмысын жүргізеді. Әлі де талай додаларда топ жаратынына сенім мол, – дейді А.Жайдариева.

Клуб ішіндегі орталықтардың да жұмысы жүйеленген. «Креатив HUB» орталығы ай сайын жергілікті қолөнер иелерімен кездесу, мастер-кластар, жәрмеңкелер ұйымдастырады. Тоқымашы, қолөнерші, кәсіби тігінші, мүсінші, шеберлермен бірге мастер кластарға жастар қатысып, шеберлік сағаты жүргізіледі. «Жанұя шуағы» бұрышында тәрбиелік мәні бар «Келінге кеңес», «Әке – жауапты лауазым», «Зорлық-зомбылыққа жол жоқ», «Шаңырақ күні» сынды мәдени шара, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып, өнегелі құндылықтарды жаңғыртуға үлес қосып келеді. «СұхбатTIME» фото-видео подкаст бұрышында  ауылға сыйлы еңбек адамдарымен  сұхбат  жүргізеді. 

Сондай-ақ, клуб жанынан тазалық, қайырымдылық жұмыстарына жұмылатын «Талсуат еріктілері» клубы құрылып, еңбек жасағына 10 адам тартылған. Еріктілер тобының қатысуымен тазалық шаралары, қайырымдылық акциялары ұйымдастырылуда. Ал «КиноTIME»  көрерменге жас ерекшеліктеріне байланысты  кино фильм және  мульттоптама ұсынады. «Әлем BOOK» жобасы аясында ауылдық клубта оқырмандар клубы және ақын Ақжол Түменбайдың жетекшілігімен жұмыс жасайтын «Рух» жас қаламгерлер клубы құрылған. Бүгінге дейін жастар арасында «Жырлайды жүрек», «Абай даналығы жас ұрпаққа», «Сөнбес сәуле» және тағы да басқа қазақ жазушыларының шығармашылығына арналған әдеби-сазды кеш өткізіліп, саясаткер, өлкетанушы Сағат Жүсіптің «Талсуат» атты кітабының тұсауы кесілген. «Әлем book» атанған руханият ордасында 10 983 кітап қоры бар. Оның 7411-і   қазақ тілінде.

«Талсуат» ауылдық округі әкімі аппаратының қолдауымен ауыл мәдениеті мен өнерін дамыту, клубтардың жұмысын уақыт талабына сай түрлендіру, үйірме жұмысын жүйелі ету мақсатында «Жүйелі жұмыс – нәтижелі жетістік» атты қалалық мәдениет қызметкерлерінің тәжірибе алмасу семинары өтті. Клуб жұмысының озық тәжірибедегі жаңа бағыттарын игеру, мамандардың біліктілігін жоғарылату мақсатында  тиімді шаралар  атқарылуда.

Халықаралық, республикалық, облыстық және қалалық байқаулардан ауыл өнерпаздары олжалы оралуда. Мәселен, жақында Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Мәдина Ералиеваның 70 жылдығына арналған «Қазақтың Ақбаяны» атты облыстық және Республика күніне арналған «Қазақстан – туған елім, туған өлкем» атты қалалық патриоттық ән байқауына қатысқан Әйгерім Шүкірова 1-орынды жеңіп алды. Ал VIII  Халықаралық балалар, жасөспірімдер және жастардың  «Music art Festival» байқауынан «Әсем әуен» домбырамен ән айту үйірмесі 1-орын иемденді. Қызылорда қаласында өткен республикалық «Жұлдызды сәт» балалар байқауына қатысқан би үйірмелері топ жарып, Дубайға жолдама жеңіп алды. Бұл бағыттағы нәтижелі жұмыстар өз ретімен жалғаса бермек.

Клуб үйінің директоры Айнагүл Жайдариеваның айтуынша алда әлі атқарылар іс көп. Соның бірі – этноауыл жобасы. Онда түрлі ұлт өкілдерінің мәдениеті мен дәстүрі дәріптеледі. Жоба тиісті мекемелерге ұсынылған. Қолдау тапса жарқын бастаманың бірі болары сөзсіз.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<