Үкітай Ерниязов: “Шынайылықтың шырыны тамып тұрған туынды ғана тәтті болады”

1536

0

Сөйлегені саз, «әу» дегені әуен болып құйылып түсетін өнерлілер Сыр елінде жетерлік. Солардың бірегейі Үкітай Ерниязов – студент кезінде жазған бір ғана туындысымен-ақ көптеген тыңдарманның жүрегіне жол тапқан жан. Қазақ эстрада жұлдыздарының бірқатарының репертуарынан оның лирикалық шығармаларын табуға болады. Жақында сазгер, әнші Үкітай Ерниязовпен сұхбаттасудың сәті түсті. Арал ауданы Жаңақұрылыс ауылында туып, музыкаға құмар болып өскен талант бүгінде өзінің туған өлкесінде еңбек етіп жүр. Жұрт оның әндерін сүйіп тыңдағанымен өзі жайында аз біледі. Сондықтан жерлесімізбен жақынырақ таныса түскенді жөн санап, сыр-сұхбат алаңында емен-жарқын әңгіме құрған болатынбыз.

– Көпшілік өзіңізді ұстаз, әнші, композитор әрі күйші ретінде таниды. Ал сіз өзіңізді кім деп таныстырар едіңіз?

– Өзім жан-жақты болғанды жақсы көремін. Барлық өнерді шама келгенше қамтығым келеді. Бірақ, жоғарыда айтқандардың ешбіріне қосылмаймын. «Ұстаз» дейтіндей еңбек етіп, терімді төгіп шәкірт дайындаған жоқпын. Ол жағынан жетістігім аз. Ұстаз болу оңай емес. «Өзімді ұстазбын, ұстаздыққа дайынмын» деп әлі айта алмаймын.

Ал әншілікке келер болсақ, нағашылар жағымда да, өз жағымда да кез келген аспапты тарта білетін жандар бар. Ананың сүтімен, әкенің қанымен келген дүние шығар. «Әйткенмен, асқан бір әншімін, сосын сазгермін» деп те айту қиын. Өйткені, әлемді мойындатқан үлкен композиторлардың өзі «Композитор емеспіз. Халық композитор. Біз тек соны құраушымыз» дейді. Бір-екілі ән жазып, «сазгермін» деп айтқан жарамайды. Оның салмағы өте ауыр. Кішкентайымыздан терме жаттап, өлеңнің, ұйқастың не екенін біліп өстік. Содан ба, ойға келген дүниені жеткізіп, ән жазатынымыз бар.

Бұдан бөлек, күйшілік деген де – өте салмақты өнер. Өзімді «күйшімін» деп те есептемеймін. Бір-екі шығарған күйім бар. Сондықтан ба, өзімді «домбырашымын» деп айтуға болатын шығар. Арнайы оқыған салам осы – домбыра маманы. Төрт жыл Қызылордадағы Қазанғап атындағы музыкалық колледжде оқыдым. Одан жалғастырып, Астанада Қазақ ұлттық өнер университетін бітірдім. Мені күйші дегеннен гөрі домбырашы деген дұрысырақ.

– Иә, сол домбыраны алғаш қалай үйренгеніңіз есіңізде ме? Жалпы өнерде кімдерді ұстаз тұтасыз?

– Кішкентайымнан, есімді білгелі домбыра ұстап өстім. Туған әпкем жыршы, жырау, ақын Айдос Рахметовтің келіншегі. Менің әпкем Айнұр Ерниязова алғашқы ұстазым деп білемін. Жалпы өнерде Қазанғап атындағы музыкалық колледжде күй саласынан сабақ берген Төлепберген Тоқжанов деген ұстазым болды. Сосын Қазақ Ұлттық өнер университетінде күйші, профессор Орынбай Дүйсен деген үлкен ұстазымды ауыз толтырып айта аламын.

Ал Айнұр әпкем Қорқыт ата университетін жыр мамандығы бойынша бітірген. Жалпы, жыр-термені арнайылап оқымасам да, бала күнімнен үйренетінмін. Айнұр демалысқа келген сайын маған үнтаспалар алып келіп, «жыр-термені жатта» деп айтатын. Өзі ауылға келгенде де үйрететін. Сол үнтаспалардан Айбек Тәңірбергенов ағамызды көп тыңдадым. Жаттап өстім. Сол үшін де Айбек Тәңірбергеновті жыр саласындағы ұстазым деп есептеймін.

– Тыңдарманға композитор ретінде танымал еткен әніңіз туралы айтсаңыз… Кейде туындылар белгілі бір оқиғаға байланысты жазылатын мезеттер кезіге ме? Өзіңізге ұнайтын әндеріңіз қайсы?

– Ең бірінші «Сен сүйген ару» деген әнім тыңдармандар арасында жақсы таралды. Ақтөбелік бауырым Данияр Сағынтаев деген әнші жақсы таратты. Соның орындауы өнердегі біраз азаматтарға ұнады. Мақсат Базарбаев ағамыз да осы әнді ұнатып сұраған болатын. Екінші мәрте осы Мақсат ағамыз орындап шықты. Бейнебаян түсіріп, халыққа кеңінен таратқан сол кісі.

Тыңдарманның «Үкітай сазгер» деп айтуына ықпал еткен «Найзағай көңіл» деген ән ғой. Сөзін Әлфараби Бекарысұлы жазған. Бұл ән де Төреғали Төрәлінің орындауында жақсы таралды.

Бір оқиғаға байланысты ән жазылатын мезеттер менде көп кездесе бермейді. Өзімнің басымнан өткен оқиға болсын, жалпы басқаның өмірі өлеңге өріліп түссе, соны ән қылып жазып шығамын. Кейбір оқиғаларды ақындарға түсіндіріп айтып, жаздыратын кездерім де болады. Бірақ арнайылап «мына оқиға не анау» деп, жоқтан бар құрап жаза бермеймін. Сосын өлеңнің бәріне ән жаза бермейді екенмін. Өзі әнге сұранып тұратын өлеңдер болады. Өзімді қинап музыка шығарған емеспін.

«Сен сүйген ару», «Найзағай көңіл» деген әндерімді ел ұнатып жатады. Бірақ, өзіме ұнаған емес. Мен үшін барлық әндерім жобалас секілді. Аса бір қатты өзіме ұнайтын әнді жазбаған сияқты болып жүремін. Әйткенмен, араға уақыт салып тыңдасам жақсы бір дүние шыққан секілді сезіледі де қояды. Артынша қызығы басылады дегендей ғой. Өзім «Мынау әнді керемет шығарыппын» деп таңырқаған кездерім болған жоқ.

Бүгінде Нұрболат Абдуллиннің «Сүйемін», «Жарық түн», «Кейде бір ағалар болады». «Рақмет әке» әндерін, Кеңес Әлімжанның «Кімсіз?», «Күз келген жоқ», «Саусағың жүзіксіз», «Бозторғай ана» әндерін жаздым. Оған қоса, халық жиі сұрайтын ән «Сәби көңіл».

– «Өнерде жүргендер мен «жүрмін» деп жүргендер…» деген сөзіңіз қазір хит! Бұлай деуіңізге не түрткі болды?

– Төлепберген Тоқжанов ағамыз 50 жасқа келгенін тойлап, әуелі Қызылордада үлкен концерт өткізді. Сол кезде өнер көрсеттім. Ағайыма ән арнадым. Соңынан «Сен сүйген ару» деген әнімді де орындап бердім. Сол мезеттегі ағайды құттықтау сөзім, тағы-тағы сахнаға айтып шыққан тілектерім бар еді.

Артынша Алматыдағы Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясында елу жылдық концерттің жалғасы болды. Сол өнер қарашаңырағының сахнасында «Өнерде жүргендер мен «жүрмін» деп жүргендер» деп айтып қалған едім. Ағайыма айтатын тілектердің бәрі ұмытылып кетті де, сахнаға шыққанда осы сөз ойыма оралып, айтып салдым.

Өйткені, бір булығып жүрген кездер еді. Сол жоғары оқу орнын бітіріп, отбасылы болдым, бір-жар жұмыстар істеп көрдім, сонда «шын өнер бағаланбайды ғой» деген сияқты ой келді. Халтурщиктер көп халықтың арасында жүріп бағаланып, оқыған-тоқығандар көлеңкеде қалып қойып жүрген кездер көп болды. Не үшін сегіз жылды сарп етіп, күй саласында оқыдым деген сияқты ой туды.

Бір жағынан, өзімде жұлдыз ауруы секілді дүниелер болды сол кезде. «Менен асқан терме айтатын адам жоқ. Екі оқуды бітірдім. Күйді, домбыраны менен асырып ешкім орындай алмайды. Мен ән жазамын, терме айта аламын» деген сыңайлы ойлар басымда жүрді. Сол кезде ішімде булығып, ашуланып, ешкімге айта алмай жүрген дүниелер осы сөзге сыйып кеткендей. Иә, бұл сондай уақыттарда ауыздан шығып кеткен әңгіме ғой.

Былай қарасаң рас сияқты. Шынымен «өнерде жүргендер мен «жүрмін» деп жүргендер көп қой. Біреуге «Не істеп жүрсің?» десең, «Әй, өнерде жүрміз ғой» дейді. Бірақ, не істеп жүргенін өзі де білмейді. Соған айтқаным еді бұл сөз.

– Сіздің әндеріңізді қазақ эстрадасындағы ең танымал деген әншілер орындайды. Әніңізді ұсынарда әншінің танымалдығына баса назар аударасыз ба? Сонымен қатар, әншінің бағын ашқан әндеріңізді қаншаға бағалайсыз?

– Эстрада жұлдыздарын мен таңдамаймын. Барынша ән кімнің дауысына келіп тұр соған қараймын. Сосын сұрағандарына байланысты. Мен әндерді танымал әншілерге де, танылмағандарға да беріп жүрмін. Бірақ, өкінішке қарай, танылмаған әншілер көп шығара бермейді. Иә, шығарса да халыққа танылмай қалады. Ал танымал әншілер орындаған әндер өзі жарқ ете қалған соң көбі екіұдай ойда қалатындары бар. «Үкітай осы тек мықты, ел танитын әншілерге ғана ән береді» деген сияқты әңгімелер жүреді. Негізі олай емес. Топтастарыма да, Қызылорда, Алматы, Астана әншілерінің көбіне әндерді беріп жүрмін. Әншінің танымалдығына баса назар аудармаймын.

Мен баға туралы да аса қатты айтпай-ақ қояйын. Менің бағам тегіннен басталады. Өздерінің елеп бергендерін аламын. Кейбір «Мынау әніңді қаншаға сатасың? Осы әніңді алайын деп едім» дегендерге өзімнің айтатын бағам бар. Барынша ақынның қаламақысын да алып беретін кездерім болады. Бірақ өнер адамын сыйлап, тегін ұсынып жіберген әндерім де жетерлік.

– Бізді қызықтырған сұрақ, арман қуған ауыл баласы Елордадан Сыр еліне не үшін оралды?

– Қызылордада колледжді бітіргеннен кейін Астанаға оқу жалғастыруға кеттім. 2009-2013 жыл аралығында академияны бітірдім. Содан кейін отбасылық өмір басталды. Сол жақта қалғым келгенін жасырмаймын. Оқу бітіргеннен кейін бас қалада бес жыл жүрдім. Оқуды қосқанда тоғыз жыл болады екен.

Елге оралған себебім, ата-анам, бауырларым бәрі осы Сыр елінде. «Жырақта жүрсің, елге кел, кері қарай қайт, бауырларыңның ортасында бол» деген секілді әңгімелер айтылды. Бір жағы «Елге келіп, қызмет жасамайсың ба?» деген секілді ұсыныстар болды. Мұның бәрі сылтау емес. Өзім де біраз жыл екіұдай ойда жүргенмін. Себебі кішкентайларым да өсіп келе жатты. Сондықтан бір жерде тұрақтау керек қой. Ал Астанада үйім жоқ. Жалдамалы тұрғын үй жағалап жүрдік. Тапқан табысым сол пәтер мен бала-шағаның асынан артылмағаннан кейін елге қайттым. Егер басымда баспанам болғанда ол жақтан қайтпайтын едім.

Бірақ, елге келгелі де жаман емес. Шүкір, құшағын ашып қарсы алды. Өзім бітірген колледжде жыр-термеден, Назарбаев зияткерлік мектебінде домбыра үйірмесінен сабақ беремін. Жұмыссыз емеспін. Су жаңа пәтер болмаса да, үйлі болдым. Әйтеуір отбасымды тұрақты жерге орналастырдым.

– Бойыңызда өзіңізге ұнамайтын қасиет бар ма?

– Өзіме ұнамайтын қасиет бұрын көп болған. Өйткені бала кезден өте ұяң едім. Арал ауданы Жаңақұрылыс деген кішкентай ауылда дүниеге келдім. Көпбалалы отбасында. Үш ұл, үш қыз тәрбиелендік.

Сол бала кезден қалған ұяңдықтан көп сөйлемейтінмін. Айтатын ойымды біреуге жеткізіп айта алмайтынмын. «Дастархандағы нанды сұрап жейтіні несі, осы бала?» деп анам айтатын. Адамдардың көп сөйлей беретінін де жақтырмайтынмын. Мен үшін біреумен танысып, араласып, құраласып кету өте қиын болды. Кейіннен оқу оқып, қала мен даланы көргеннен кейін кішкене ашылып, ойымызды айта алатын болдық. Өзіме ұнамайтын қасиетім сол-тұғын.

Екінші, мінезім ауырлау. Жалпы, сыртқа қалай көрінетінімді білмеймін. Өзімнің мінезімді өзім түсінбеймін. Кекшіл деп айтуға келмейтін шығар, бірақ дықшылмын. Іште көп сақтап қаламын. Қателік жасаған, өзіме қауіп жасағандарды аяғым келмейді. Сол мінезімнің ауырлығы өзіме ұнамайтын қасиет шығар деп ойлаймын.

– Шығармашылық тоқырауға түскен кезіңіз болды ма? Сондай сәтте қалай төтеп бересіз?

– Мұндай мезеттер кезікті. Бір жылдары бұрқыратып жазып жүргеннен кейін тоқырау болды. Кәдімгідей, жарты жыл бойы ештеңе жаза алмай, булығып жүрдім. Түк әсер етпейді. Бұрын таңғалатын дүниелердің бәрі жай әшейін сияқты. Табиғат та, адамдардың мейірімі де, басқасы да шабыт сыйламай қоятын кездер кезігеді. Ондай шақта тек күтемін. Уақытты күтіп, өткізіп жіберемін. Басқаша қиындау секілді. Ешкімді жақсы көрмей, ұнатпай қалатын кезде өлең де, ән де тоқтайды.

Дәл сондай уақыттарда адамдармен араласа беру керек. Сол бір адамның септігі тиіп қайтадан қалыпқа келесің. Елге келген кезде де сондай екі-үш ай тоқырауда жүрген кезім болған. Ондай кезде өзімді өте ауыр сезініп кетемін.

– Өмірден не ұттыңыз, неден ұтылдыңыз?

– Мына сұрағыңыз қиындау екен! (күліп). Маған уақыттан ұтылып келе жатқандай сезіледі. «Адам ұрпағымен мың жасайды» дейді. Келешекте ізіңнен ерген қараң болса, ол өмірден ұтылмағаның деп ойлаймын. Сонымен қатар, күйшілік, жыршылық, ақындық болсын, бабадан қалған бағалы өнерді кейінгі ұрпаққа аманаттау – үлкен миссия. Оған қоса, мынау дүниеге бір кірпіш болып қалансам, нұр үстіне нұр емес пе? «Шүкір» дейміз ғой, бірақ, өзім уақыттан да, басқадан да ұтылып келе жатқандаймын…

– Жас сазгерлер нені қаперде ұстағаны жөн? Шәкірт тәрбиелеуде қандай дүниелерге басымдық бересіз?

– «Мен сазгермін» деген секілді жұлдыз ауруымен ауырмауды қаперде ұстау қажет. Ол былай тұрсын, ізденіс көп болуы керек. Ән дегеніміз ол – өмір. Сол өмірді жазу керек секілді. Шынайылықтың шырыны тамып тұрған туынды ғана тәтті болады. Музыкалық сауаты болса, оқып, жан-жақты өзін дамытуды да естен шығармаған жөн.

Қазір әннен әр, мәтіннен мән кетіп тұрған заман болды. Көп әндердің сөзінің татымы жоқ. Кейбір әндер қу даңғаза мен шу. Ми ашиды. Ал қазақ әнді демалу үшін, құлақ құрышын қандыру үшін тыңдайды. Қазір іші шала орысша, былапыт сөзге толы әндерді естіп жүрек ауырады. Қазақ ескі, есті әндерін жоғалтып алмаса деп армандаймын.

Өзімше «қатаң ұстаз боламын» деп ойлайтынмын. Жұмысқа келгенде мен ондай бола алмай жатырмын. Шәкірттерімнің жан-жақты болғанын қалаймын. Тек күй тартып ғана қоймай, ән айтып, жырды меңгеріп, өлеңнің құрылысын біліп жүрсе деймін. Дауысы мен домбыраның үндестігіне, үйлесіміне де баса назар аударамын. «Әркім мінезіне тартады» деп айтатын. Өз болмысын, шынайы қалпын сақтаса деп талап қоямын.

– «Сыр бойы» газетінің оқырмандарына өзіңізден жылы лебіз.

– Бар жақсылықты, шығармашылық шабыт тілеймін. «Сыр бойының» шығармашылық ұжымына, қызметтеріңіз жана берсін, басылымның ғұмыры ұзақ болсын деймін. Істеріңізге сәттілік, жұмыстарыңыздың берекесін берсін!

– Сыр-сұхбатыңызға рахмет!

Әңгімелескен

Айдар САЙЛАУОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<