Адамның құны қанша?

1013

0

Дүниежүзінде қару-жарақ пен есірткіден кейін адам саудасы көлеңкелі бизнеске айналған. «Walk Free» халықаралық тәуелсіз құқық қорғау ұйымының мәліметінше, әлем бойынша  40 млн-нан астам адам құлдық қамытын киген. Жақында БҰҰ «тірі тауарды» саудалайтын трансұлттық қылмыстық топтардың жылдық орташа табысы 150 млрд долларды құрайтынын хабарлады. Қынжылтатыны, елімізде де адам саудасына қатысты қылмыс бір жылда екі есеге артқан. Қазақстан «қара тізімде» және 165 мемлекеттің арасында 83-орында тұр. Алаяқтардың арбауына көбіне кімдер түседі және құлдықтан сақтанудың жолы қайсы? Өзекті мәселені зерттеп-зерделеген едік.

Ажал алдындағы арман

Мәселенің басын ашып алу үшін құзырлы мекеме жариялаған мәліметті сөйлетсек. Биыл Қазақстанда адам саудасына қатысты 63 құқық бұзушылық тіркелген. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен екі есе көп. Жалпы, саудаға түскендердің көпшілігі 18-25 және 30 жастан асқан ер мен әйелдер. Олар көбіне еңбек және сексуалдық қанауға ұшыраған. Сыртқы істер министрлігі адам саудасымен ел азаматтары да, шетелдіктер де айналысқанын мәлімдеді. Бұған қоса Қазақстан тұрғындарының негізінен Ресейде, Бахрейнде, Бразилияда, Біріккен Араб Әмірліктерінде, Корея мен Түркияда мәжбүрлі еңбекке тартылатыны белгілі болды. Ал, елімізде Орталық Азия мен Шығыс Еуропаның көрші елдерінен, сондай-ақ Қазақстанның ауылды жерлерінен келгендер қанауға ұшырайды.

Қай адам өз еркімен құл болуға көнсін?! Сондықтан қылмыскерлер адам арбауды жетік меңгереді десе болады және бұл іс нәтижесіз емес. Жақсы жұмыс, жайлы үй, табысты болашақ. Бұл – әрбір адамның ойын дөп басуға тырысып, арманындағы өмірді көз алдына әкелетін алаяқтардың жиі қайталайтын үш уәдесі. Соның желеуімен талай жан торға түскен торғайдың күйін кешті. Мұндай оқиғалардың қайғыға душар еткені де жетерлік.

Мәселен, биыл Грузияда ажал құшқан Әсел Айтпаеваның өлімі отандастарымызды есеңгіретіп тастады. Шетелге жұмысқа шақырған туысының ұсынысын қабылдаған Әсел 27 сәуір күні Нұр-Сұлтан қаласынан шыққан. Ол Грузияда көлік сататын компанияда жұмыс істеген. Алайда, 5 мамырда оның денесі Тбилисидегі көпқабатты үйдің ауласынан табылған. Грузин ақпарат құралдары осыған дейін туысы Әселді «жыныстық құлдыққа» сатуы мүмкін деген жорамал жасады. Қылмыстық істің бастапқы кезеңінде бойжеткен қайтыс болар алдында Бесик Тордуаның үйінде болғаны да айтылды. Сондай-ақ, 57 жастағы азамат қызды зорлады және өлімге итермеледі деген күдікпен қамауға алынды. Бірақ, ол сотқа жетпей, абақтыда науқастанып, артынша ауруханада жан тапсырған. Уақыт өте бойжеткенді Грузияға жұмысқа шақырған туысы да ұсталды. Оны Қазақстан полициясы ҚР Қылмыстық кодексінің 128-бабы, «адам саудасы» бойынша айыптап жатыр. Себебі, Әсел қайтыс болғанға дейін туыстарына желіден хат жіберген. Онда қыз өзін бірнеше рет қорлағанын айтып үлгерген. Жұмбақ өлімнен кейін істің әрі қарай қалай өрбитіні белгісіз. Бірақ, әділдік іздеген Әселдің анасы Айсұлу Айтпаева табан тоздырып жүр. Бұған дейін ол Бас прокуратураға арызданып, қылмыстық іс «өзін-өзі өлтіру» емес, «өлтіру» бабы бойынша жүргізілуі тиістігін айтты.

– Қызым шетел асып, өмір көргісі келді. Арманы ажалына айналатынын өзі де, біз де білмедік. Кім көрінгенге емес, жақынымызға сеніп жібердік. Ал, қазір әділдікті іздеп сергелдеңде жүрміз. Іс барысында 57 жастағы Бесик Тордуа Әселмен некелесуге келіскенін айтып, айыптан жалтарды. Бұған кім сенеді?! Кейін оның қайтыс болғаны жайлы хабар естідік. Не болса да, жәбірленуші, баласынан айырылған ана ретінде әділ шешім шыққанын, қылмыскердің жазаланғанын күтемін. Бұл жағдай өзгерлерге сабақ болады деген үміттемін. Себебі, арманшыл жас көп. Олар жарқын болашаққа асығады, мақсатының тез орындалғанын қалайды, – деді марқұмның анасы БАҚ-қа берген сұхбатта.

Қазір адам саудасының құрбанына айналған қанша жанды жақындары шарқ ұра іздеп, қаншасы туған үйге оралып, мауқын басуды аңсап жүргені белгісіз. Ал, біз келтірген мысал мыңнан бірі.

Саудаға түскен сәби

Өңірдегі ахуалды айналып өтпеуге тырыстық. Өткен жылы облыста адам саудасына қатысты 6 дерек тіркелген. Оның қатарында 5 жеңгетайлық және 1 бас бостандығынан заңсыз айыру бойынша қылмыстық іс бар. Мәжбүрлі еңбек пен 14 жасқа толмаған балалардың еңбегін пайдалану деректері анықталмаған. Ал, биыл адамдарды бостандығынан айыру, құлдыққа салу сынды заңсыздық тіркелмеген. Облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бөлім бастығы Ғани Мұқановпен тілдескенде адам саудасына жол ашатын жарнамалық хабарландыру мен ақпараттық материалдар жариялауды үрдіске айналдырған сайттар барын білдік.

– Биыл осы тектес 32 сайт бұғатталды. Жан-жақты жұмыс жалғасуда, жыл басынан бері адам саудасына қатысты 2 хабарлама түсті. Соның біріне, яғни «Евразия» телеарнасында жаңалықтан берілген «Балалар 500 мың теңгеден сатылып жатыр» деген сұхбат бойынша тексеру жұмыстары жүргізілді. Аталған ақпарат жалған болып шықты. 30 наурызда Қызылорда қаласындағы құрылыс нысандарының бірінде жұмыс істеп жүрген Өзбекстан Республикасы азаматтарының мәжбүрлі еңбекке тартылғаны хабарланды. Қылмыстық іс тіркелді, тексеру барысында 14 өзбек азаматы анықталды. Олар сол уақытта әлеуметтік-психологиялық, құқықтық қолдау орталығы үкіметтік емес мекемесіне орналастырылды. Жалпы, аймақта адам саудасына қатысты қылмыстық істің көбі жеңгетайлықпен байланысты. Биыл 10 дерек тіркеліп, жеңіл жүріспен пайда тауып жүрген 14 адам есепке алынды. Сондай-ақ, жезөкшелікпен айналысуға тарту бойынша 2 дерек анықталды, – деді ОПД криминалдық полиция басқармасының бөлім бастығы Ғ.Мұқанов.

Ойымызды сан-саққа жүгірткен бұл емес еді. Полиция қызметкерінен бала сатуға қатысты 1 дерек тіркелгенін естігенде айтарға сөз, қоярға сұрақ таппай қалдық. Өзекті өртейтіні, бұл сәби саудасына қатысты алғашқы да соңғы дерек емес. Бұған дейін Ішкі істер министрлігі «қара базарда» жаңа туған нәрестелердің құны миллионнан басталып, 3-4 миллионға дейін бағаланатынын және елімізде биыл 15 іс Қылмыстық кодекстің 135-бабы, яғни бала сату бойынша қозғалғанын мәлімдеген болатын.

Арбауға түспес үшін…

Жаһандық мәселе кешенді күресті қажет ететіні түсінікті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Адам саудасына қарсы күрес мəселесі күн тəртібінен түспейді. Бұл жағынан Қазақстанның халықаралық қауымдастық алдындағы жағдайы мәз емес. Құқық қорғау органдары мұндай қылмысты тергеу рəсімін жетілдіру керек. Сот тəртібімен қатаң жаза қолданылуы қажет. Маңызды міндет мемлекеттік органдардың үйлесімді іс-қимылын талап етеді» деген болатын. Бұл ретте Ішкі істер министрлігі криминалдық полиция департаментінің бастығы Думан Таев арнайы механизм жолға қойылғанын хабарлады. Жауапты маманның айтуынша, оның құрамында заңнамалық, профилактикалық шаралар бар.

– Қылмыстық кодекстің 8-бабында адам саудасы мен эксплуатациясына қатысты жауапкершілік көрсетілген. Жазаның ең қатаң түрі ретінде осындай құқық бұзушылыққа барған қылмыскердің дүние-мүлкін тәркілей отырып, 18 жылға бас бостандығынан айыру қарастырылған. Аталған нормаға соңғы түзетулер 2019 жылы желтоқсан айында енгізілді. Бұған қоса елімізде ағза мүшелерінің саудасына, кәмелеттік жасқа толмағандардың саудасына, жезөкшелікке тартуға қатысты жаза қатаңдады. Бүгінде Үкімет жанында арнайы ведомствоаралық комиссия жұмыс істейді, – деді ол.

Думан Таев адам саудасы қылмысын түбегейлі жою үшін құзырлы органдардың жұмысы аздық ететінін, ол үшін бұл кеселге тұтас қоғам болып қарсы тұру керегін алға тартады. Сонымен қатар табысты жұмысқа қатысты күмәнді ұсыныстарға сенбеуге кеңес береді. Құжатты, жеке куәлікті ешкімге беруге болмайтынын да естен шығармау керек. Басқа қалаға немесе мемлекетке жолға шығарда туған-туысқа байланыс нөмірі мен мекенжайды міндетті түрде қалдыру маңызды. Осындай оқиғаға тап бола қалған жағдайда бірден жақын жердегі полиция учаскесіне немесе 102 нөміріне, болмаса 11616 сенім телефонына хабарласқан жөн. Сондай-ақ, әр өңірде адам саудасының, құлдықтың құрбаны болғандарға көмек көрсететін үкіметтік емес ұйымдардың да барын ұмытпаған абзал.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<