Апатты үйлер азая ма?

680

0

*сурет ашық дереккөзден алынды

Биыл облыста 4 елді мекен табиғи газға қосылды. Сондай-ақ 26 газбен жабдықтау жобасын жүзеге асыруға 9,3 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Болатбек Ысмағұлов айтты.

Жыл қорытындысымен газдандыру деңгейін 75 пайызға жеткізу жоспарланған. Сонымен қатар облыстағы барлық 230 ауылдық елді мекеннің 198-і орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылған. Биыл бұл бағытта да «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламалары бойынша 23 жобаға 7,2 млрд теңге қаржы бөлінген.

– Жобалар толығымен аяқталған соң 163 шақырым ауызсу жүйелері жаңғыртылып, 100 мыңнан аса халықтың ауызсумен қамтылуы жақсарады. Сонымен қатар облыстық бюджеттен Арал ауданы Құланды елді мекеніне және Шиелі ауданы Жуантөбе елді мекеніне су тұщытқыш орнатуға 38,5 млн теңге бөлінді. Жыл соңына дейін ауыл тұрғындарын ауызсумен қамту деңгейін 98,3 пайызға жеткізу жоспарлануда, – деді Б.Ысмағұлов.

Басқарма басшысының айтуынша, облыста 10 мың шақырымнан астам электр желілері мен кернеуліктері әртүрлі 1867 қосалқы станция бар. Олардың тозу деңгейі 68%. Мәселені шешу үшін «Ауыл – ел бесігі» және басқа да бағдарламалар аясында қаржы бөлінуде.

Биыл электрмен қамтудың 6 жобасын жүзеге асыруға 3,7 млрд теңге, сонымен қатар «КРЭК» АҚ жарғылық капиталын ұлғайтуға облыстық бюджеттен 1,6 млрд теңге бөлінді. Аталған қаржыға Қызылорда қаласындағы 35 дана 10/0,4 кВ қосалқы станцияны блокты модульді типке ауыстыру, 27 дана 10/0,4 кВ қосалқы станцияның ғимаратына күрделі жөндеу жүргізу, 31,6 шақырым кабель желілерін ауыстыру жұмыстары жүргізілді.

Басқарма басшысы апатты үйлер мәселесіне де тоқталды. Облыста сараптама қорытындысымен апатты деп танылған 54 көппәтерлі тұрғын үй бар. Оның 50-і Қызылорда қаласында. Жалғыз баспанасы апатты деп 633 отбасы тұрғын үй кезегінде тұр. Айта кетсек, былтыр облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, осы санат бойынша кезекте тұрған 60 азаматқа пәтер берілді. Биыл тағы осындай 40 пәтер беру жоспарлануда.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<