Баламыз не ойнап, не ойлап жүр?

1348

0

Балалар мен жасөспірімдердің компьютерлік ойындарға әуестігі, тіпті тәуелділігі деп айтуға болады, кешелі-бүгін басталған үрдіс емес.  «Баланың ойынында тұрған не бар?» деуіңіз ықтимал. Алайда «өрімдей жастардың бойында жолындағыны жайпап өтетін агрессия қайдан пайда болды?» деген сауалдың бір ұштығы осыған барып тіреледі. 

Тәуелділік пе, ермек пе?

Жаңалықтар мен әлеуметтік желіде жасөспірімдердің, тіпті қыздардың қатарластарын аяусыз ұрып-соғуы, вандализм әрекеті жиі айтылады. Бір басы ашық нәрсе, ата-ана, ұстазы мұндай тәрбие бермейтіні анық. Біздіңше, қантөгіске құрылған компьютерлік ойындардың әсері мен баланың қараусыз жүруі – мәселенің өзегі. Адам өлтіру жолы, қарудың түрлерін ойын арқылы аңдаған бала санасында көрген дүниені өмірде жүзеге асыруға деген талпыныс туатыны анық.

«Қасіретті қаңтар» кезінде қатыгездіктің ондаған мысалын көрдік. Жастардың арасында ғимараттарды қиратып, сауда нысандарын тонаған, ол аздай, арандатушы топтың жетегіне еріп, суық қару қолданғандары да бар. Бірақ бұл атыс-шабыс ойыны емес еді.

Ата-ана әрі кетсе, телефонға жармасқан баланың денсаулығына алаңдар, алайда оның психологиялық зиянын екшей бермейді. Кей отбасы заманауи технологиялар баланы тәрбиелеуші құрал емес, оның ермегі ғана болуы керектігін білсе де, компьютерлік ойынға бөлген уақытын қадағаламайды. Алғашқыда еркелігі деп мән бермесе, кейін әуестігі, тіпті тәуелділігі салдарынан баланы ойыннан аластата алмай жатады. Осы тұрғыда жастар арасында танымал компьютерлік ойындарды мысалға келтіріп, олардың бала психологиясына зияны төңірегінде ой өрбітейік.

Алдымен компьютерлік ойындар бірінші кезекте ата-ана қарауынан тыс қалған балаларға қауіпті. Мамандардың пікірінше, шамадан тыс ақпараттар тасқыны баланы енжарлыққа душар ететін көрінеді. Интернетті өзінің бірінші серігі, ал компьютерді досы етіп таңдаған жан айналасындағы адамдармен еркін араласу қабілетін лезде әлсіретіп алатын тәрізді. Әуестігі асқына келе бала өзгенің мұң-мұқтажын түсінбейтін, айналасындағылардың жан қиналысын сезіне бермейтін, яғни жүрегі селт етпейтін халге түседі екен. Адамдармен, тіпті өзінің туыс-туған, бауырлары, әке-шешемен араласудан қашқақтайтын күйге түседі. Бұл сатыдағы баланы дер кезінде райынан қайтарып, жөн көрсетпесе, шынайы өмірді виртуалға айырбастап жіберетіндей дәрежеге жетеді екен.

Мұның түп-төркініне үңілсек, қоғамдағы түрлі олқылықтың шеті шығады. Мамандардың пікірінше, өз-өзіне сенімсіз, тұрмыста кездесетін қиын түйіндерді шеше алмайтын жасөспірімдер және әке-шеше қарауынан тыс қалған балалар бейім болатын көрінеді.

– Интернет қарым-қатынас, бетпе-бет сөйлесуден қиындық көретін адамдар үшін қауіпсіз балама ұсынады. Мазасыздықты болдырмау үшін адам компьютерлік ойындарды қолдана бастайды. Ойында бұл қолжетімді: ол жерде мәртебе бар, басқа ойыншылар оны тани бастайды. Сондықтан виртуалды шындық оған тартымды болады, ол жерде өзін жайлы сезінеді. Әртүрлі зерттеулерге сәйкес, интернетке тәуелділіктің 86%-і депрессиядан, назар жетіспеушілігінен және гиперактивтіліктен шизофрения мен эпилепсияға дейінгі басқа бұзылулармен үйлеседі. Тәуелділік дамыған кезде көбінесе бұл кейбір психикалық бұзылуларға, соның ішінде жеке басының ойлау әрекетінің бұзылуына әкеледі. Теориялық тұрғыдан алғанда, ойындар – деструктивті мінез-құлықтың катализаторы, − дейді психолог Сымбат Әбдірахманова.

Лудоманияның белгілері қандай?

Атыс-шабыс ойындарын ойнайтын балалардың жүйкесі тез жұқарады екен. Бұдан бөлек компьютер ойнағаннан кейін көзі ауырып, оқу үлгерімі нашарлайды. Олардың ұқыпсыз, ашуланшақ, есептеу кезінде көп қателер жіберетіні байқалған. Тіпті, жай оқып, кейде сабаққа дайындықсыз келетін кездері немесе үй жұмысын дұрыс орындамайтын жағдай көп екен. Мұндай баланы мектеп мұғалімі бірден танып, ата-анасына хабар беріп, бірлесіп көмек көрсетпесе, шешуі қиын мәселеге айналмақ.

Жақында Санкт-Петербургтегі В.Бехтерев атындағы психоневрологиялық институт зерттеу жұмысын жариялады. Онда ғалымдар компьютерге әуестіктің он белгісін айқындаған. Компьютер алдында ойын ойнап бірнеше сағат отыру, ата-аналарымен кикілжіңге бару, үйге кешігіп келу, сабаққа үлгерімі нашарлау, сабаққа жиі бармай қалу, бұрынғы достарымен қарым-қатынас азаюы негізгі белгі екен. Сондай-ақ, өзі секілді компьютерге үйірсектермен ғана араласуы, күнделікті ақшаға сұранысы көбею, ұйқысы бұзылып, зейіні мен есте сақтау қабілеті нашарлауы, көз жанары төмендеуі де тәуелділіктің бір белгісіне кіреді.

Ғылымда мұндай тәуелділікті лудомания деп атайды, яғни, шамадан тыс ойынпаздық дерті. Жалпы компьютердің адам физиологиясына зияны орасан. Дене белсенділігінің аздығы, компьютер клубтарында жарық, белгілі температура, санитарлық нормалардың сақталмауы жасөспірім организмінің дамуына кері әсерін тигізеді. Оның үстіне компьютер дисплеймен жұмыс істегенде одан бөлінетін электромагнит сәуленің көзге әсері тағы бар.

Counter Strike – террорлық шабуыл

Counter Strike – жастар арасында ең танымал ойын. Қазақстанда әрбір жасөспірім өмірінде кем дегенде бір рет болса да осы компьютерлік ойынды ойнағаны шүбәсіз. Бұл ойынның мән-мағынасын алдыңғы буын білмеуі ықтимал, сондықтан қысқаша айтып өтейік.

Counter Strike ойынында түрлі қару асынған екі топ бір-бірімен соғысады. Бірі әскерилер болса, екінші жақ – терроршылар. Балалардың көбі түрлі себеппен терроршы болуды таңдап, әскерилерге қарсы оқ атқысы келеді. Осылайша қос тарап қиян-кескі ұрысқа түсіп, бірі жеңіп, бірі жеңіледі. Кімді қалай өлтіру қажет, қандай тәсілмен бой тасалауға болатынын бала біліп өседі. Бұл – ойындағы эпизод.

Осы орайда ай басындағы оқиғаларға қайта айналып соғуға тура келеді. Кішкентайынан қантөгіске меңзеген ойынның ортасында өскен жастардың арандатушы топтың жетегінде кетуіне жасөспірім кездегі ойын әуестігі әсер етпеді ме? Кей жастың әскерилерге қарсы шығып, қоғамға бүлік салуға ұмтылуы бала кезден бойына сіңген ойынның ықпалы  емес пе? Осы сауалдар ойды сан-саққа жіберді. Мүмкін, бүгінгі бала психологиясын терең зерделеп, көрген мультфильм, ойнаған ойынын таразылайтын уақыт келген шығар. Біздіңше, баланы қараусыз қалдырмай, аптасына бір мезгіл тұтынатын өнімін сүзгіден өткізу қажет. Сонда ғана ата-ана жасөспірімнің психологиялық бағыт-бағдарын, жан дүниесіндегі келеңсіздік, мінез-құлқындағы өзгерісті саралай алмақ. Ал үйде де, түзде де қараусыз кеткен бала қантөгіске толы компьютерлік ойынға әуес болса, ата-ана қадағалауы жетіспесе, болашағы не болмақ? Баланы қадағаламау, өміріне араласпау – еркіндік беру, әділетті болу деген сөз емес.

Ресейдің Ұлттық бақылау агенттігі  тұрғындардан осы ойында лаңкестердің жағында ойнауға тыйым салуды талап еткен. Терроризмге қарсы күрестің алдыңғы шебінде тұрған мемлекет ретінде бұл ойынды мемлекетке қарсы идеологиялық қару деп қабылдап, жастарын қалқан болып қорғауға кіріскен.

Мультфильмнің бәрі мейірімге үндемейді

Байқасаңыз, бұрын бала көретін мультфильмдерді таңдау, оларды саралау мәселесі өзекті емес еді. Үйдегі бүлдіршін шетелдік бейнеөнімді көргені өзіне ғана емес, қоғамға да қауіпті деп алаңдамайтын.

Ал қазір заман басқа, талғам бөлек. Оның үстіне кинематография, әсіресе, мультфильмді идеология құралы етіп алған түрлі пиғылды топтың қаптағаны тағы бар. Сан алуан шоу арқылы назар аудартып, кейін баланы қатыгездік, өрескел әрекет пен агрессияға баулитын элементтерді астыртын насихаттайды. Еркін қоғам, сүзгісіз ғаламтор әсерінен бұл үрдісті тұрақты бақылау да қиынға соғады. Сол себепті бүгінгі баланың көз алмай қарайтын мультфильмінің нені меңзейтінін саралап көрелік.

Жалпы балалар мультфильмі ертегі мен аңыз-әңгімелердің желісінде, моральдық құндылықтарды сақтаса ғана пайдалы. Алайда кейбір бейнеөнімдерді көріп, сапасына мән берсек, бұл ұғымдардан алшақ кеткен. Көптеген шетелдік мультфильмде агрессивті сарын басым. Мәселен, жақында ғаламтордан шетелдік мультфильмді көзім шалды. Жарты сағатқа созылатын оның ұзынырғасы былайша өрбиді. Ойын алаңында әкелі-балалы көңіл көтеріп жүреді. Бес жасар ұлына әкесі оңды-солды қылыш сілтеуді үйретумен болады. Соңында бала қолындағы таяқты сілтеп қалған шақта әкесі оған: «Балам, сен менің басымды шауып алдың!» деп күледі. Алғашқы минуттарынан-ақ мән-мағынасыз сюжетке толы мультфильмді өшіруге тура келді. Бұл бір қарағанда жай әзіл әңгіме немесе бала көңілін аулау үшін таңдалған оқиға желісі болып көрінуі мүмкін. Алайда қылмыс жасауға үндейтін медиаөнімді тұтынатын бала келешекте толыққанды тұлға болып қалыптасады дегенге сене алмас едім. Тіпті мұндай сюжетке қаныққан буынға ата-ананы сыйлау оған деген шексіз құрметтен туатынын сезіндіру де оңай іс болмасы анық.

Бала көргенін істейді

Жақында қызық ақпарат оқыдым. Британдық оқу орындары Netflix-те шыққаннан кейін танымал болған «Кальмар ойыны» сериалына байланысты алаңдаушылық білдіріпті. Мектептер балаларға оңтүстіккореялық сериалды көрсетпеуді сұрап ата-аналарына хат жіберуге мәжбүр екен. Оның себебі балалар мұғалімнен триллерде ұсынылған жарыстарға қатысуға рұқсат сұраған көрінеді. Ал сериал желісі бойынша ойында жеңілгендерді қатал өлім күтіп тұр. Сондықтан Лондон тұрғындары балалар «Кальмар ойынына» еліктесе, оның салдары не болмақ дегенді айтуда. Ал бізде ше? Қазақ балалары арасында да бұл ойын танымалдыққа ие болды. Тіпті осы сериал кейіпкерлерінің маскасын киіп жүр. Сондықтан зорлық-зомбылық элементі бар ойыннан баланы аулақ ұстаған жөн.

Келесі бір қиындық, мультфильм кейіпкерлерінің ерсі қылықтарын ешкім жазаламайды. Күнделікті тіршіліктегі жіберген қателіктері үшін, тиісті ережелерді сақтамағаны үшін ешкім оларды бұрышқа тұрғызып, «былай істеуге болмайды» деген ишара танытпайтынын байқаймыз. Ал мұндайды көрген кішкене көрермен ненің жақсы, ненің жаман екенін айырмай, олардың санасында «бәрін де жасауға болады» деген ой қалыптасары аян. Бала көргенін қайталайтынын білеміз. Ой-өрісі толысар шақта мультфильмдердегі кейіпкерлерге еліктеп, олардың қимылын қайталаймын деп неше түрлі қауіпке душар болуы ықтимал.

Ғалымдардың зерттеуінше, балалар үшін мультфильмдердегі қуыршақ кейіпкерлердің сыртқы кейпі өте маңызды екен. Жағымды кейіпкерлер өте сүйкімді, жағымсыз кейіпкерлер керісінше, сүйкімсіз болуы керек. Ал кейіпкерлердің бәрі қандай рөлде болса да қорқынышты, құбыжық кейіпте болса, бала олардың жақсы-жаман әрекеттеріне баға бере алмайды.

Психолог Сымбат Әбдірахманова балаларға арналған мультфильм құрастырып жүр. Оның айтуынша, балалар мазмұны мәнсіз мультфильмнен психикалық соққы алуы мүмкін.

− Қазір жасөспірімдер аниме жанрындағы мультфильмдерді қарайды. Әрине, аниме, кез келген өнер түрі сияқты, адамдардың ішкі әлемі мен психикасына әсер етуі мүмкін. Алайда, анимацияны қарау кезінде жас ерекшелік мәселесі болады. Басты кейіпкер жасөспірім болса да, анимациялық сериялардың көп бөлігі 20 жастан асқан адамдарға арналған. Агрессия, қатыгездік, зорлық-зомбылық, жыныстық қатынас көріністері болуы мүмкін. Мұндай көріністер сыни ойлау әлі дамымаған балалар мен жасөспірімдердің жүйкесін зақымдайды. Ал психикалық жарақат одан әрі тітіркену, агрессивтілік немесе депрессия сияқты белгілерде көрінеді, − дейді Сымбат Нұртазақызы.

Мәселені көтеру оңай. Ал оның шешімін ұсыну – мүлде бөлек жүк. Сондықтан аз да болса баланың сана-сезімін сыртқы күштен азат ету үшін бұл мәселені тек заңнама жолымен қорғау қажет. Өйткені дөрекілік, әдепсіздік, мораль, зорлық-зомбылық, агрессия мен зұлымдықты насихаттауға тыйым салынғанға дейін бұл үрдіс толастамасы анық.

Гүлбану МАҚАЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<