Бұл көпірді кім салады?

353

0

Шиелі ауданының Тұрсынбай датқа ауылы да тәуелсіздіктің шапағатынан шет қалмады. Ауылда екіқабатты мектеп пайдалануға берілді, ауызсу құбыры тартылды, көшелер асфальтталды.

Алайда, осы ауылдың қырық жылдан бері тартып келе жатқан бір азабы бар. Айтып отырғанымыз – Тартоғай ауылы мен Тұрсынбай датқа ауылын байланыстыратын Сырдария өзенінің өткелі.

Бұл өткелге 1974 жылы қалқымалы көпір салынған. Көпір жыл сайын дариядан сең жүргенде шетке ысырылып, көктемде сым темірінен жетектеп, суға қайта сырғытып қояды. Сөйтіп жүргенде тақтайы шытынап, қаңылтыры тесіліп, жыл сайын жамап-жасқап алады. Көпір алынғанда екі ауыл арасына қатынаушылар мұз үстімен өтеді. Талай техника, талай адам суға кетті.

Дария деңгейінің құбылып тұратынын әркім-ақ көріп жүрген шығар. Сондай кезде қалқымалы қайық-көпір бірде қайқиып, бірде еңкейіп, жеңіл көліктер өте алмай қалады немесе өтуге тәуекел етіп, қирайды.

Осыдан екі жыл бұрын ауыл мен дария өткелі арасындағы жеті шақырым тас жол асфальттанып, халық қуанышқа кенелді. Сол жол арқылы ауылға келетін көліктер айнадай жолмен зырлап, бес минутта жетеді, тек алдынан қайық-көпірдің азабы шықпаса…

Облыс бойынша соңғы бес жылда 6 көпір салынғанынан хабардармыз. Өткен жылы Шіркейлі арнасы үстінен, Қазалының «Әлсейіт» учаскесінен тағы екі көпір түсті. Мұның бәрі тәуелсіздігіміздің жетістігі, облыс басшылығының тұрғындар арызына мән беріп, оны іс жүзінде дәлелдеуі деп білеміз. 

Аймағымызда ірілі-ұсақты 146 көпір бар екен. Облыс басшылығы тарапынан солардың жағдайын техникалық сараптамадан өткізіп, қанша уақытқа шыдас беретінін анықтау жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Тұрсынбай датқа ауылының қалқымалы көпірі бұл санатта да жоқ көрінеді. Себебі, оны келіп тексеріп, түзулеп жатқан ешкімді көрмедік. Қисайып қалса, бірде арғы бет, бірде бергі бет адамдары кетпен, күрегін арқалап келіп, өздері жөндейді.

Жақында, облыстық мәслихат сессиясында депутаттар 2022-2024 жылдарға арналған инфроқұрлымдық даму жоспарын мақұлдап дауыс берді. Осы жоспарға сай аталған мерзім ішінде жалпы құны 23,1 млрд қаржыны құрайтын 47 жоба жүзеге асырылмақ, бірақ біз бұл көпірді осы тізімнен де көре алмадық.

Сонда бұл көпір кімге керек?

«Елу жылда – ел жаңа» дейтін еді қазекем, ата-бабаларымыздың сөзі үшін болса да осы өткелге бір көпір түсетін уақыт жетті.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер және Жазушылар одағының мүшесі,

ҚР Ақпарат саласының үздігі